«Кешіргім келеді …»

284

Тағдыр айдарының келесі кейіпкері психолог кеңесіне мұқтаж. Алайда, психологқа баруға қатты ұялады. Айтуынша, бойындағы сенімнің жоғалуына күйеуінің сатқындығы әсер еткен…

– Сәлеметсіздер ме? Мен Шымкент қаласының тұрғынымын. Жасым 36-да. Күйеуім екеуіміз бір-бірімізді жақсы көріп, қыз-жігіт болып 11 ай жүрдік. Бұрын соңды ешкімнен көрмеген жылулықты, махаббатты содан көрдім. Оның мені ойлап ерекше көңіл бөліп тұратындығы жанымды бір рахат күйге бөлейтін. Өмірде нағыз сыңырымды тапқандай әсерде болдым. Бұл сезімнің адам жанына қандай жақсы сезім сыйлайтынын жеткізе алмаймын. Біздің түсініспей қалуымыз сирек болатын.
Қойшы, әйтеуір ертегідегідей болмаса да, біз ерекше бақытты едік. Осылайша біз үйлендік,- деп бастапты хатын оқырманымыз.
– Көптеген отбасыларда шаңырақ көтерген кезде түсініспеушіліктер орын алып жатады ғой. Бізде ондай болған жоқ. Бір-бірімізді қас-қабағымыздан түсінетін едік. Менің тіпті ата-енеден де жолым болды. Түсінігі мол жандар еді. Өздеріне өте жақын тартты.
Міне, күндер өтіп жатты. Біздің тыныштыққа толы отбасылық өміріміз де жалғасын тапты. Екі перзентті болдық. Осындай тыныштығымыздың шырқы ойламаған жерден бұзылды.
Ешқашан күйеуіме бір рет те күманмен қараған адам емеспін. Құрбыларыммен немесе әпке-жеңгелеріммен әңгімелесу кезінде жүргіш күйеулерінің кесірінен шаңырағы шайқалған отбасылардың әңгімесін еститін едім. Ондай сәтте жаратқанға жолдасымның адалдығы үшін шүкірлік ететінмін. Маған оның көзі «менен» басқаны көрмейтін сияқты сезілетін. Бірақ бәрі мен ойлағандағыдай емес екен.
Бір күні мен екі баламызды алып төркініме қыдырып баратын болдым. Мен екі үш күн бұрын, жолдасам менен кейін жолға шығатын еді. Мен кеткен күні ол достарымен отырыста болатынын айтқан. Кезекті жиындарының бірі шығар деп ештеңеге мән берген жоқпын. Тек жігіттер ғана жиналатынын білетінмін. Сондықтан, санамда сәл де болсын қорқыныш болған жоқ. Өйткені оған бар жан-тәніммен сенетінмін. Ол өзі солай үйреткен.
Той болатын күні ол қайын жұртына келді. Қабағы бір түсіңкі еді. Көңілсіз жүрді. Мен уайымдап қалдым. Жұмысында бір келеңсіздік орын алған шығар деп сұрақтың астына алған жоқпын. Үйге барған соң сұрармын деп қойдым. Үйге келдік. Оның қабағы әлі ашылған жоқ. Әлі бір түрлі болып жүр. Менен қашқақтайды. Сөйлескісі келмейді. Жанына да жақындатпайды. Осылайша оншақты күн өтті. Мен уайымдай бастадым. Мүмкін бір жері ауырып жүрген шығар, біреуге кредит алып беріп маған айта алмай жүр ме? Жұмысынан шығарып жіберді ме? Деген неше түрлі ой келді. Бірақ, маған қиянат жасады-ау деген ой қатеріме де кіріп шықпапты.
Сөйтсем, ол менің көзіме «шөп» салыпты. Оны өзі мойындады. Ол егер маған айтпаса жаны жай таппайтынын, өзін күн өткен сайын жек көріп бара жатқанын айтты. Мен кеткен күні отырыста бір қызбен бірге төсектес болып біздің ақ некемізге сызат түсірген екен. Бұл жағдайды ішіне бүгіп, маған ақтарылмайынша қарайып бара жатқанын айтты. Иә, сіз де сенбейтін шығарсыз. Бірақ ол маған осылайша шындықты айтты.
Өз құлағыма өзім сенген жоқпын. Есім кіресілі-шығасылы болып қалды. Не айтарымды білмей тілім байланды. Бар білерім үнсіз ғана жерге жығыла отырғаным. Одан кейінгісі есімде толық емес. Бір есімді жинасам үйдің ішінде сау дүние қалмаған. Бәрін лақтырып, оның бүкіл киімдерін сыртқа шығарып өртеп тастағанмын.
Ол кешірім сұрады. Енді аяғын шалыс баспайтынын, отбасының шырқын бұзуға жол бермейтінін айтты. Мастықтың кесірінен сондай жағдайға тап болғанын жеткізіп әлек. Ал, менің жүрегім бірнеше бөлшекке бөлініп кеткендей. Ішкі жан дүнием астан-кестен.
Ата-енем мені жақтады. Бірақ, ажырасуымызға жол бермейтінін айтты. Бұл жағдай менің отбасыма жеткен жоқ. Енем ондайға жол бермеді.
Мен оны кешіре алмадым. Арадан бір жыл өтті. Біз бұрыңғыдай емеспіз. Онымен тек баларым үшін ғана біргемін. Әр кез онымен бірге болсам, ойыма оның жасаған қателігі оралады. Көз жасым көл болады. Жаным езіледі.
Шынымды айтсам шаршадым. Мұндай күйде, жүректегі ауырлықпен онымен бірге өмір сүргім келмейді. Бұрынғы бақытты сәтімді сағынамын. Оны кешіргім келеді, бірақ қолымнан келмейді…

Кешірдім, енді бұл тақырыпта әңгіме қозғамаймын деп қанша уәде берсем де,сәл түсініспеушілік болса, сол кезді бетіне басамын. Ол ашуланады. Кейде жұдырығын да ала жүгіреді. Қанша рет мешітке барып, имаммен де сөйлестім. «Кешірім», «Сабырлық» жайлы талай хадистерін тындадым. Бірақ, амал нешік! Жадымдағыны өшіре алмаймын. Жүрегімді жұлып лақтыра алмаймын. Не істесем болады? Психолог не дейді? Жанымның жарасын жазуға көмектесіңіздерші.

Сіз не дейсіз?

Мәди Төлегенов, тәжірибелі психолог:

– Мен бұл хатты оқып отырып, көкейімде хат иесіне деген бірнеше сұрақтар пайда болды. Олай болуының себебі, оқиғасының мән-жайы толық жазылмаған сияқты көрінді. Кейіпкеріміз 36 жаста екен. Екі баласы бар. Қанша жасында тұрмысқа шықты, ол кездегі жасы қаншада болды екен? Деген сияқты психолог ретінде мені қызықтырған сауалдар туындап тұр.
Бұл жағдайда мен ең алдымен сізге де және күйеуіңізге де жеке-жеке психологтың қабылдауында болудың үлкен пайдасы бар екендігін айтып кеңес беремін. Өйткені, екеуі де маман кеңесіне мұқтаж. Олар өздері білмеуі мүмкін. Бірақ бұл тығырықтан психологтың кеңесіне жүгіне отырып шыға білетіндерін білуі керек. Маман екі адамды тыңдағаннан кейін ары қарайғы жұмыс барысы қалай болу керектігін біледі. Сіз де білетін шығарсыз, әрбір адамның жеке отбасына, жеке өміріне байланысты жұмыс барысы айқындалады. Психолог кеңесіне жеке-жеке жүгінгеннен кейін, екеуі бірге қабылдауда болған дұрыс болады.
Бұл кейіпкеріміздің ішінде көптеген сезімдер бар. Жолдасының ішінде де шығарғысы келетін бір ой-пікірі бар шығар. Осының бәрін психологқа барса ашық айта алады. Екеуі бір-бірінің ішкі сезімдерімен бетпе-бет келу керек. Хат иесі де жолдасын кешіре алмай жүруінің себебінің біреуі ол осының бәрін әлі күнге дейін ішінде ұстауы. Ол күйеуін кешіру үшін ренішінен, ашуынан арылу керек. Ал, одан арылу үшін, психологқа бару керек. Психологқа барудан қорықпаңыз. Бұл жағдайдың жарияланып кетуінен мүлдем қорқуға болмайды. Өйткені, психолог мамандары да заңға бағынады. Бірінші кезекте клиентке көмек беру деген серті бар. Екіншісі клиенттің мән-жайын ешкімге айтпау керек деген принциптері бар. Бұл жағдайда мен нақты кеңес бере алмаймын. Өйткені басында айтқандағымдай әр отбасының жеке өздеріне ғана тән мәселелері болады. Сол жағдайға байланысты біз маман ретінде бағыт-бағдар көрсете аламыз. Дәл қазір менің айтарым, бір-бірімен ашық сөйлесу. Ішіндегі алай-дүлей ашуын, ренішін, қиналысын бір-біріне ашық айту. Сол кезде бір-бірін түсінуге жол ашылады. Ашық сөйлесудің де тәсілі бар. Оның барлығы сол адамның жағдайына қарай анықталады. Сондықтан да мәселені ушықтырмай тұрып арнайы психолог маманның кеңесіне жүгінгендеріңіз дұрыс.

Жазып алған – Ж.Хумар