Атаулы әлеуметтік көмектің де сұрауы бар

264
фото Astana

Мемлекеттен алған ақшасына есеп беру шартымен берілген жәрдемақыны қайда, қалай жаратқаны туралы мамандарға есеп беруі керек. Қаратау аудандық әкімдік өкілдері мен сала мамандары тұрғындармен кездесіп, мемлекет қолдауын тиімді пайдалану жолдарын түсіндірді.

Залдағы тұрғындардың базынасы әртүрлі. Бірі атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырғалы жүрсе, енді бірі қаржатты тиімді жұмсаудың ретін білмейді. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы азаматтардан түскен сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Қонарбай Аманкелдіұлы, жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік қолдау бөлімінің Қаратау ауданы бойынша бөлім басшысы: «Ата-аналардан көбінесе 21 мың мен 101 мың теңге көмекті алу туралы сұрақтар қойылды. 21 мыңды қай уақытта және қалай берілетіндігі, шартты ақша мен шартсыз ақшаның қалай ажыратылатыны, 101 мыңның қашан төленетіндігін сұрады».

Мамандар халықтың әлжуаз тобына тиесілі мемлекеттен көрсетілетін 27 қызмет түрін жіті түсіндіріп берді. Шара мақсаты да сол азаматтарды үкімет тарапынан қаралған тегін қызметтерден хабардар ету. Алайда мамандар қазір халықтың көбісі басқармаға жұмыс іздеп емес, қаржылай көмек сұрап келетіндердің көп екенін айтады.

Мамандар тұрғындардың көптен бері шешілмей келе жатқан мәселесін тап осы жерде шешіп берді. Қызметтерден бейхабар азаматтарға кеңес беріп, жөн сілтеді.