Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны айтарлықтай азайды. Тек Шымкенттің өзінде өткен жылмен салыстырғанда олардың саны шамамен үш есеге қысқарған. Қазіргі таңда АӘК уақытша қолдау ретінде қарастырылады. Мемлекет тек қаржылай көмек көрсетіп қана қоймай, азаматтарды жұмыспен қамтуға да белсенді түрде қол ұшын беріп жатыр.
Бір жыл ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны үш есеге азайған. Егер өткен жылдың бірінші тоқсанында 5 мыңнан астам отбасы көмек алса, биыл бұл көрсеткіш шамамен 1,5 мың отбасыны құрайды. Мамандар мұндай өзгерісті табысты тексерудің күшеюімен және азаматтарды жұмыспен қамтуға басымдық берілумен байланыстырып отыр.
ДӘРИЯ ОРДАБАЕВА, АБАЙ АУДАНЫ БОЙЫНША МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «АӘК бұл уақытша көмек. Бұл жерде міндетті түрде жұмысқа тұруы керек. Не әйелі, не жолдасы жұмысқа орналасуы керек. Табысына қарай тағайындалады».
Атаулы әлеуметтік көмек табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтылған отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдау шарасы. Ол уақытша сипатқа ие. Яғни, төлемдер тоқсан сайын тағайындалып, әр жолы өтініш берушілер қайта тексерістен өтеді.
ДӘРИЯ ОРДАБАЕВА, АБАЙ АУДАНЫ БОЙЫНША МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Біздің ең бірінші мақсат, оларды жұмыспен қамту. Яғни кедейлік шектен шығару, уақытша көмек беру. Оларға табысқа шығуға көмек беру».
Биыл еліміз бойынша атаулы әлеуметтік көмекке 62 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Көмек алушылар тек төлем алып қана қоймай, жұмысқа орналасуға, кәсіби білім алуға және өз ісін бастауға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда басты назар жұмыспен қамтуға аударылып отыр. Бұл өмірлік қиын жағдайдан шығудың негізгі жолы ретінде қарастырылады дейді мамандар.
Нұргүл Жолымбетова






