Шымкентте жол апатынан 1 адам қаза тауып, 14 адам ауруханаға түсті

453

Шымкентте қоғамдық көлік жол апатына ұшырап, бір адам қаза болды. Тағы 14 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Оның біреуінің жағдайы – ауыр. Жансақтау бөлімінде жатқан әйел адамның жүкті екені де белгілі болды.

Жантүршігерлік жол апаты таңғы сағат 7-ден асқанда болған. Жолаушыға толы автобус пен «тойота» жеңіл көлігі Бәйтереков көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында соқтығысқан. Автобустың аударылып кеткенінен-ақ, соққының қаншалықты қатты болғанын аңғаруға болады. Жол апаты салдарынан қаза болған әйел кей дерек бойынша, автобустың кондукторы. Ал жарақат алған 14 жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Өткіржан Молдаханов

Өткіржан Молдаханов, №1 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі: «Науқастың 5-уінің жағдайы жақсы болғанына байланысты, тексерулерден кейін үйлеріне қайтарылды. 3 науқас осы ауруханаға жатқызылды. Біреуі – жансақтау бөлімшесіне. Біреуі – нейрохирургиялық орталықта, тағы біреуі – күндізгі бөлімшеде. Жансақтау бөлімінде жатқан әйелдің жасы – 39-да. Келіп түскендегі диагнозы бас-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, сол қолындағы жарақаттан кейінгі үш саусағының кесілуі, үзілуі деп айтуға да болады»

Айта кетейік, жол апатынан зардап шеккендердің арасында 2 кәмелетке толмаған да бар. Олар облыстық балалар ауруханасында. Қос көліктің жүргізушілері де аман. Қазіргі уақытта «Тойота Камри» автокөлігінің жүргізушісі қаладағы медициналық мекемелерінің біріне жатқызылған. Шымкент қалалық полиция департаментінің өкілі жол ережесін автобус жүргізушісі бұзғанын мәлімдеді. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.Әсел Саденова, Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі: «Автобустың жүргізушісі жол жүру ережесін ескермей, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп, «Тойота Камри» маркалы автокөлігімен соқтығысып, аударылып кеткен. Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Және қазіргі уақытта автобус жүргізушісінің спирттік ішімдік ішпегені анықталып отыр».Қазіргі уақытта бұл іс Шымкент қалалық полиция департаменті мен прокуратураның тікелей қадағалауына алынған. Айта кетейік, соңғы бір айда бұл қоғамдық көліктің қатысуымен болған бірінші жол апаты емес. Айдың басында Тәуке хан даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысында жеңіл көлік жолаушысы бар автобусқа соғысқан болатын.

Мөлдір Бекеева