Танымал дизайнер Айнұр Тұрысбек өзінің кезекті сән үлгісін таныстырды. Бұл жолы бәрі ерекше. Дизайнер «Армат» зергерлік үйіндегі гауһар бұйымдарды пайдалана отырып, жаңа топтамасына өзгеріс енгізді.

Бұл сән көрсетілімі алдыңғыларынан ерекше. Себебі автор Айнұр Тұрысбек бұл жолғы киімдер үлгісін «Армат» зергерлік үйінің туындыларымен үйлестірген.

Әсел Бисекеева, “Армат” зергерлік үйінің басшысы: «Біздің зергерлік үймен Айнұр Тұрысбектің әріптестікке бірігуімізде үлкен философиялық мән жатыр. Себебі Қара гауһар тастың тылсымы көп. Сол сияқты дизайнер де құпия, жұмбаққа толы кәсіп. Бұл бұйымдардың түрі ерекше төңкерілген пішінде».

Топтамада көрсетілген зергерлік әшекейлер мен оның орналасуын Айнұрдың өзі ойластырған. Әр бөлшекке назар аударған сәнгер бұл үлкен еңбекті талап етті дейді.

Айнұр Тұрысбек, дизайнер: «Кез-келген бағытта өзіңді сынап көру – жеңіс. Мен өзіндік тарихы бар керемет дүние жасауды біраздан бері жоспарлап келіп едім. Бұл жерде “Армат” зергерлік үйіндегі қара гауһар тастармен менің коллекцияларымның көп ұқсастығы бар».

Дефиледе музыка, балет, вокал да көрініс тапты. Киімдер жинағы бір-біріне ұқсамайды. Сән қойылымына 100 – ден аса қонақ келді. Сәнқұмарларды таңғалдырудан шаршамайтын белгілі дизайнер шара өтетін орынды да креативпен таңдапты.