«Жүректегі жалын» атты әдеби – сазды кеш өтті

495

Мүмкіндігі шектеулі ақындар, алға қарай ұмтылудан тайсалмайды. Жас ақын Тұрсынай Қайратқызы, Салтанат Мадиярқызы және «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлде иегері Мейірхан Мейрамбекұлының «Жүректегі жалын» атты әдеби – сазды кеші өтті. Әсерлі кеште әдемі өлеңдер айтылып, жүректі тербейтін жырлар оқылды.

Кештің басты кейіпкерлерінің мүмкіндігі шектеулі болғанымен, қабілеті шексіз жандар. Бірі арбаға таңылған, бірінің көзі көруден қалғанымен, олар өмірге ғашық. Жан тебірентер жырларының жүрекке жетуі де содан болса керек.

Мейірхан Мейрамбекұлы – жас ақын. Тағдыр жолы бұралаң, жанын кеулеген дерт туғалы қыр соңынан қалған емес. Ми тамырларының кеңеюінен көз жанары мүлдем көруден қалған, сал ауруы мен эпилепсия дерттерімен туылғалы күресіп келсе жатса да қолынан қаламын тастаған емес. 10 тілді жетік меңгерген ақын жігіттің бүгінде өз оқырмандары бар. Қалам тербеп жүрген қанша ақынның өлеңін оқысам да, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүрек сыры өзгеше болады дейді көрермендер.

Тумысынан мүгедек атанғанымен, бұл жандар мақсатқа жету үшін арманға ұмтылуға қорықпайды. Олар барлық мүгедек жандарды жанына қосып, өмірге деген құштарлығын арттыруға көмектессек дейді. Әсерлі кештің соңында мәдениет басқармасы арнайы құттықтау жолдап, шығармашылық концерттің иелеріне естелік сыйлықтар табыс етті.