Түркістан облысына іссапармен келген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге Арыс және Түркістан қалаларындағы құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен қор қаржыландыруымен күрделі жөндеуден өткен «Ақңұр» балабақшасында болып, балғындармен тілдесті. 65 жыл бұрын кірпіші қаланған ғимарат апат кезінде зардап шеккен. Бұдан кейін батырлар Аллеясын жаяу аралап өтіп, Арыс қаласының ақсақалдарымен кездесті. Жергілікті қариялар өз ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
«Құрылыс сапасын тұтынушы білер. Бастысы – халық ризашылығы. Осының бәрі тірліктің көзін тауып, басқарып отырған басшыларыңыздың арқасында», — деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Арыс ақсақалдарымен кездесу кезінде.
Сондай – ақ Өмірзақ Шөкеев пен Ахметжан Есімов толықтай жаңартылған теміржол вокзалында болып, күрделі жөндеуін тексерді. Арыстықтар аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасын 1200 орындық жаңа стадионда өтетін доп додасында қарсы алды. Өмірзақ Шөкеев пен Ахметжан Есімов жас спортшылармен бірге футбол алаңында доп теуіп, ойынды ашып берді.