«Нұрсәтте» қоқыс жәшіктерін орнататын жер жоқ

180

Әкімдік прокуратураның ұсынысын елемей отыр. Арнамызға арызданған «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары осылай дейді. Айтуларынша, ТҮКШ басқармасындағылар қоқыс салатын жәшіктерді орнату кезінде тиісті талаптарды сақтамаған.

«Нұрсәт» шағынауданы 119 үйдің іргесіндегі бұл жәшіктер бүгінде қоқыс алаңшасына жақын тұратын жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналған. Ауланы алып кететін қолаңса иістен жұрт сыртқа шығудан қалыпты. Жергілікті биліктен қайран болмаған соң прокуратураға арызданған тұрғындар арызымыз аяқасты қалды деп ашынады.

Сапаркүл Азидуллаева, «Нұрсәт» шағынауданы 119 үйдің тұрғыны: «Мұндай қоқыс жәшіктердің қойылуы санитарлық талаптарға сай емес. Біз қанша рет Қаратау әкімдігі бар, баратын жерлердің барлығына арызымызды тастағанбыз. Одан ешқандай нәтиже жоқ».

Санитарлық ережелерге сай қоқыс төгетін орын тұрғын үйден, балалар алаңшасынан 25 метр қашықтықта орналасуы керек. Тұрғындар әкімдіктегілер осынау талапты ескермей отыр деп шағынады. Бұл жағдай қоқыс жәшіктеріне жақын орналасқан оқу орталығындағы оқушыларға да оңай соқпай тұр дейді ата-аналар.

Әкімдіктегілер қоқыс орындарына қатысты дауды бүгін-ертең шешетін сыңай танытпайды. Себебі, бұл аумақта жәшіктерді орната қоятындай басқа жер телімі жоқ екен. «Қарастырамыз» деп құтылған қаратаулық шенеуніктер қазір тиісті басқарма басшыларымен бірлесіп мәселені шешуге әрекет етіп жатырмыз деп сендірді.

Марат Қарабаев, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Жер жоқ, прокуратура ұсыныс жолдаған соған сай қазір жер іздестіріп жатырмыз».

Жауаптылардың сөзіне қарағанда, шағынауданда қоқыс орнына қатысты мәселе ушығып тұр. Бүгінде халқы күн санап көбейіп келе жатқан «Нұрсәт» шағынауданында алаңшаларды орнататын титтей жер табу мұңға айналған. Алайда атқамінерлер «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» шешімге келеміз деп отыр.

Мақпал Рысбаева