Нан бағасы қымбаттап кетті. Ал ауыл шаруашылығы министрі биыл бидай аз жиналады, бірақ нарық бағасына еш әсер етпейді деп елді сендірген. Десе де, министрдің бір жылға деп берген уәдесі тек бір айға жетті. Ал нанның бағасын тұрақты ұстап тұруға жауаптылар жергілікті бюджеттен миллиондаған ақша алған. Оның өзі де бағаны ұстап тұруға жетпепті. Нан бағасының шарықтап кетуіне не себеп? Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бойынша не дейді? Кімдер қандай тапсырма алды?

Сапархан Омаров, Ауыл шаруашылығы министрі: «Кем жиналған бидай ішкі нарыққа қатты әсер етпейді. Егер 19 миллион астық жинайтын болсақ, 9 миллионы ішкі нарыққа, 7-8 миллионын экспорттаймыз. Ар жағында 2 миллионы қалады. Одан бөлек былтырдан қалған 1,5 миллион тонна астық бар. Сонымен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге астық жетеді».

Ауыл шаруашылығы министрінің осы айтқанынан ай өтпей елімізде нан бағасы қымбаттады. Өңірдегі осы салаға жауапты мамандар мұны бидай бағасының өсуімен түсіндіріп отыр. Десе де, осындай жағдайда бағаны тұрақты ұстап тұру үшін қор құрылып, бюджеттен миллиондаған қаржы бөлінген.

Қайрат Базарбеков, Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы: «Қазір Шымкент қаласында тұрақтандыру қоры құрылған. Тұрақтандыру қорына 300 миллион теңге қаралып, бүгінде біз Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесіне сәйкес, ірі сауда нысандарын несиелендіру шараларын қолға алудамыз. Несиелендіру шаралары арқылы бірінші қажетті әлеуметтік азық-түлік бағасын нарықтан төмен ұстауға мүмкіндіктер бар».

Бірақ, баға бағынар емес. Осыдан апта алдын ұн қымбаттады. Артынша нан мен нан өнімдерінің де бағасы өсті. Дүкен сөрелеріндегі бағалар ауысып, ас атасының құны бүгінгі күннің өзінде 5-10 теңгеге қымбаттап үлгерді. Бұл онсыз да қалтасы жұқарып бара жатқан халыққа бірден сезілген.

Ал мемлекет басшысы елдегі нан бағасының көтерілуіне байланысты Үкімет пен әкімдерге тапсырма берді. Оларға шұғыл шаралар қабылдап, субсидиялауды қарастыруды тапсырды. Ал нан бағасы бағынбай отыр. Айтпақшы, АҚШ доллары қымбаттардың алдын да билік осылай деген болатын.

Меруерт Ахан