Омыртқаңызды сақтаңыз!

13911

Желкеңіз «тартып» жүр ме? Арқаңыз ауырып, беліңіз «айналады» ма? Аяғыңыз жиі-жиі ұйып жүр ме? Бұл – омыртқа ауруларының белгілері болуы мүмкін. Ендеше, уақыт оздармай дәрігерге қаралыңыз. Дер кезінде анықталып, дұрыс жүргізілген ем оң нәтиже береді. Ақхалаттылардың айтуынша, реабилитациядан өтетін 10 науқастың 8-і отасыз-ақ жазылып кетеді.

3 АДАМНЫҢ БІРІ АУЫРАДЫ

Адам анатомиясына қарасақ, бір-бірімен жалғанған қысқа кеуекті сүйектер, яғни бағаналар омыртқаны құрайды. Ал омыртқаның өзі;
– мойын омыртқасы,
– кеуде омыртқасы,
– бел омыртқалары,
– сегізкөз омыртқалары
– құйымшақ омыртқалары болып бөлінеді. Көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер травматолог-ортопед Саиджан Кошаковтың айтуынша, еңбекке қабілетті 3 адамның бірінде омыртқа аурулары кездеседі. Маман оған салауатты өмір салтын ұстанбау спортпен айналыспай, көп отырып, қозғалмау себеп дейді.

ОСТЕОХАНДРОЗДЫҢ ӘЛЕГІ

Омыртқа ауруларының кең таралған түрі – остеохондроз. Оның халық арасында «танымалдылығы» соншалық, кейде желке тартып, балтыр сыздаса да оны остеохондрозға жатқызамыз. «Тұз жиналды» деп ауруды елемейміз. Дегенмен, остеохандрозға немқұрайлы қарауға болмайды дейді ақхалаттылар. Себебі, бұл ауру қимыл-қозғалысты қиындатады, адам еркін жүріп-тұра алмайды. Ол асқынып кетсе, аяқ-қолдан жан кетеді. Еңбекке қабілеттілігіңіз төмендегені былай тұрсын, төсек тартып жатып қалуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан да ол қауіпті аурулардың бірі болып саналады. Остеохандароз – бұл омыртқа дискілерінің қоректенуі төмендеп, қан айналымының өзгеруінен пайда болатын ауру. Яғни, омыртқааралық шеміршек шеңберлерінің (диск) созылғыштығы әлсіреп сызаттар түседі, бертін келе сүйектік ұлпаға айналады.
– Остеохондроз бұрынырақта егде жастағылардың ауруы болатын. Қазір жас талғамайды. Тіпті емшектегі баладан, 15-20 жастағы жасөспірімдерден де кездеседі. Дейтұрғанмен науқастардың басым көпшілігі 30-50 жас шамасында. Көбіне, ер адамдарда, әсіресе ауыр дене еңбегін атқаратын кісілерде, вибрациялы, суық орындарда жұмыс жасайтындарға үйір,-дейді Саиджан Сайджапбарұлы.

ГРЫЖА ҮКІМ ЕМЕС

Омыртқада кездесетін тағы бір ауру ол омыртқа аралық дискінің жарығы. Былайша айтқанда грыжа. Статистиканы сөйлетсек, әлем бойын-ша ең жиі кездесетіні – бел-сегізкөл буындарының омыртқа аралық жарығы 100 000 адамға шаққанда 150 науқасқа осы диагноз қойылыпты. Сондай-ақ, бел және мойын омыртқасы да осы ауруға жиі ұшырайды.
Егер омыртқа аралық дискінің жарығы кішкентай болса, емдеу де оңай болады. Сондықтан «жүре алмай қалғанша уақыт созып алмай, тез арада емделу қажет» дейді дәрігерлер.
Бұл аурудың белгілері:
– бел ауырады;
– ауыр нәрсе көтере алмайсыз;
– көп уақыт тұра алмайсыз;
– бір орында тік отыра алмайсыз,
– ұзақ жүре алмайсыз;
– аяқ ұйып қалады.
Кейіпкеріміз Салтанатқа дәрігерлер мойын омыртқасының жарығы деген диагноз қойыпты. Оператор-програмист болып істейтін Салтанат компьютер алдында күніне 8-9 сағаттан шұқшия отырады. Сондықтан да оның желкесі жиі ауратын. Бірақ ол мойын құрысып қалды, желкеме тұз жиналған деп өзін жұбатып келген. Дегенмен, дерті жанына батып, мойын омыртқасы шыдас бермеген соң дәрігерге қаралыпты. Сөйтсе, омыртқасына «грыжа» жабысыпты. Дәрігерлер оған дертінің асқынып кеткенін жеткізеді. Сондықтан да оған ота үстеліне жатуға тура келіпті.
– Басында желке тұсындағы ауруларға немқұрайлы қарадым. Компьютер алдында көп отырамын, соның салдары деп ойладым. Бірақ, диагноз мені есеңгіретіп тастады. Басында отадан қорықтым, бірақ одан әрі созып жүруге болмайтын еді. Сондықтан да пышақтың астына түстім. Грыжа үкім емес екен. Одан да айығуға болады. Бірақ, уақыт оздыруға болмайды екен. Қазір жағдайым жақсы, сол баяғы өмір ырғағымен жүрмін- дейді Салтанат.
Сайджан Сайджаппарұылының айтуынша, омыртқа ауырып, мазалаған жағдайда халық емшілері мен тәуіптердің көмегіне жүгінуге болмайды. Себебі, олар дертіңізге дерт жамап беруі әбден мүмкін. Ең дұрысы тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша емханаға немесе осы бағытта жұмыс істейтін жеке медициналық орталықтың мамандарына жүгініңіз. Мәселен, қаламыздағы «Citymed» клиникасы омыртқа ауруларын анықтау және емдеу бойынша жүйелі жұмыс істеп келе жатқан жеке медициналық орталықтың бірі. Мұндағы жоғары тәжірибелі әрі білікі мамандар дертіңізше шипа табуға тырысады. Ерте анықталған ауруды емдеуге болатынын ұмытпаңыз! Сондықтан, дертіңіз асқынып, ота үстелінен бірақ шыққыңыз келмесе, қазірден бастап тексерілгеніңіз жөн. Ал, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеймін» десеңіз салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Спортты жаныңызға серік етіңіз.

АУЫРМАСЫН ДЕСЕҢІЗ!

Сонымен, мүсініңіз дұрыс болып, омыртқа жотасы дертке шалдықпасын десеңіз, мына қағидаларды ұстаныңыз:

1. Жастық аласа, төсек қатты болу керек. Әйтпесе, ұйқы ағзаға оңайға түспейді, мүшелерде тоқырау құбылыстары дамиды.

2. Үстелдің, партаның биіктігі жарықтануы бой мен дененің құрылысымен сәйкес келуі керек.

3. Ауыр зат көтермей, омыртқа жотасын тік ұстауға ұмтылу керек.

4. Дене жаттығулары:

А) қандай жұмыс болмасын мезгіл-мезгіл тұрып, аяқты нық басып, басты артқа шалқайтады, оңға, кейін солға әртүрлі бағытта айналдырады.
Ә) басты шалқайта ұстай отырып, кеуде тұсына шынтаққа бүгілген қолдарды қойып, кеудені артқа қарай шалқайтады, 3-5 рет қайталайды. Бұл жоғары кеуделік омыртқаларға арналған жаттығу.
Б) дәл екінші жаттығудағыдай шалқаяды, тек бүгілген аяқтарды кезекпенен артқа қалдырады, 3-5 рет қайталайды. Бұл жаттығуда омыртқа жотасының орталық кеуделік бөлігі қамтылады.
В) аяқты иықтың енімен сәйкес қойып, шынтақта бүгілген қолдарды кеуде тұсына көтереді. Бас пен жамбасты тік ұстайды. Иықпен оңға бұрылып, тыныс шығарады, бастапқы қалыпқа келіп, тыныс алады.
Кезекпен оңға, солға бұрылып, мұрынмен дем алады, 5-7 реттен қайталайды. Бұл жаттығуда омыртқа жотасының төменгі кеуделік бел бөліктері қамтылады.
Г) Бастапқы жағдай 4-жаттығудағыдай, тек жамбасты қозғалыссыз қалдырып, денені оңға бұрғанда, басты солға және керісінше, денені солға, басты оңға бұрады. Осылай он рет қайталайды. Омыртқа жотасының барлық бөліктері қамтылады.

Остеохондроздың алдын алудың және емделудің тәсілдері осындай. Табиғи сауығуда сіздерге сәттілік тілейміз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №37, 11 қыркүйек 2019 ж