Саудагерлер сөзіне сенсек, бір қап ұнның бағасы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге қымбаттаған. Нарықтағы келеңсіздіктерге қандай жағдайлар әсер етті? Бұл нан бағасының көтерілуіне әкеп соқпай ма? Көпшіліктің көңілін күпті еткен де осы сұрақ.
Ғали Фазыл қала бойынша азық-түлік бағасы ең қолжетімді саналатын сауда орталығын арнайы іздеп келген. Алайда, мұндағы бағалардың да аспандап кеткенін көрген ол қалтасы көтерген тауарларды ғана сатып алуға мәжбүр болды. Көпбалалы әке әсіресе ұн бағасының қарыштап кеткенін айтып ашынды.
Ғали Фазыл, сатып алушы: «Бала — шағама аламын ұнды. Нан керек қой үйге. 4 қап ұнның ақшасына биыл 2 қап ұн алып тұрмын. Былтыр 4 қап ұн алғам сол ақшаға. Не болса да көпшілікпен көреміз енді».
Халықты қыспаққа алған қымбатшылыққа сатушылар да алаңдаулы. «Ұнның бір қабын өткен жылы 3500 теңге саудаласақ, биыл 7000 теңгеге сатып жатырмыз» дейді олар.
Ақмарал Есенгелдиева, сатушы: «Халық жылап жатыр. Бір қап ұн 10 мың теңгеге барады деп жатыр бізге. Фирма көтеріп жатыр ма, басшылар көтеріп жатыр ма ол жағын білмейміз. Бізге әкеледі, біз 100 теңге қойып сатамыз. Өзімізден шығып жатқан нәрсені қымбат әкеп жатыр бізге. 7-8 бала — шағасы бар адам қалай көтереді бір қап ұнды. 10 мың, 7 мың, 8 мың деген не деген сұмдық».
Жауаптылар нарықтағы жағдайға қарамастан сөредегі нан бағаларын бір қалыпты ұстап тұрмыз деп мақтанды. Ол үшін тіпті бюджеттен қосымша қаражат сұралыпты.
Бидай өнімінің қаншаға дейін қымбаттайтыны әзірге белгісіз. Халық бұл қымбатшылық өзге де тауар түрлерінің бағасына әсер ете ме деп қауіптеніп отыр.
Назерке Үкібасова