Шымкентте «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті

316

Шымкентте ашық аспан астында қазақ дастарханы жайылды. Ұлтымыздың құнарлы тағамдарын алаш жұрты ғана емес, өзге этнос өкілдері де ұсынған. Қазақтың қазысын ұйғыр ұлты айналдырып, жентін татар бірлестігінің өкілдері әзірледі. Бауырлас ағайындардың қолынан шыққан ұлттық ас мәзірі көпшілікке ұсынылды.

Салт-дәстүр орталығындағы қазақ дастарханына жиналғандардың қарасы қалың. Түрлі тағамнан дәм-ауыз тиіп, өз бағаларын беруде. Ұлттық мәзірді 11 этнос мәдени бірлестік өкілдері дайындаған. Ұйғыр ұлтының өкілдері де белсенділік танытты. Қазақстанда туып өскен бауырластар «аптасына екі рет ет асып жемесек, ас ішкендей болмаймыз» дейді.

Қазыдан бастап құрт-ірімшікке дейін қойылған дастархан басында шеберлік сабағы да ұйымдастырылды. Ақ жаулықты қыз-келіншектер табаға нан жауып, күбі пісті. Жаңа піскен нанның дәмін татқан көпшілікке сарқыт үлестірілді.

Игі шара әзірге тек Шымкент қаласында өтеді. Ұйымдастырушылар «Қазақ дастарханын» бұдан кең әрі мол етіп жаямыз дейді. Еліміздің өзге де өңірлерінен қатысушылар тартылып, ет асудан жарысады.

Назерке Үкібасова