«Шымкентте 25 жастағы жігіт кәмелетке толмаған қызды зорламақ болды». Полиция департаментіне қыздың туыстары осылай арызданған. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі 124-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып жатыр.
Сондай-ақ, сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, 9 жасар қыздың денесінен азғындық әрекеттерін сипаттайтын дене жарақаттары анықталмапты.
Ал инсайдерлік дерекке сүйенсек, 25 жастағы педофил көрші үйдің кәмелет жасқа толмаған қызына өзен жағалауынан кесіртке ұстап алғанын айтып, оны көрсету үшін ертіп кеткен. Соңынан сол жәндікті қыздың қолына ұстатып, сексуалды сипаттағы әрекет жасауға оқталған. Бірақ, сол мезет көрші үйдің ойын баласы оқиғаның үстінен түсіп, қылмыстың алдын алғанға ұқсайды.
Осындай айып тағылған күдікті қазір Шымкент қаласындағы психикалық-денсаулық орталығында жатыр. Психо-неврологиялық диспансердің мәліметіне сәйкес, күдікті 2008 жылдан бері есепте тұрады екен.
Серғазы Әлменов, Шымкент қалалық психикалық-денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары: «Ол азамат бізде қазір стационарлық ем қабылдап жатыр. Бүгінгі халі, жағдайы — қанағаттанарлық. Оның әлеуметке, жалпы қоғамға, адамдарға қаупі жоқ. Бұл қоғамға қаупі жоқ деген диагнозды біздің дәрігерлер ғана қойып отырған жоқ. Сот-психиатриялық сараптамасының да қорытындысы осындай».
Мөлдір Бекеева