Шымкентте Киокушинкай каратэден Қазақстан чемпионаты басталды

217

Үздіктердің жетістіктерін ортаға салған жарысқа 500 спортшы қатысқан. Ал, олардың өнерін спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің өзі келіп тамашалауда. Айта кетейік, желтоқсан айында спорттың дәл осы түрінен әлем біріншілігі өтеді.

Шымкентте басталған дүбірлі додаға шығыс жекпе-жек шеберлері өзара мықтыны анықтау үшін жиналды. Жасөспірімдер мен ересектер үздік ойын өрнегін көрсету үшін барын салды. Солардың бірі — Батыр Дүйсекешов. Орал қаласының намысын қорғап келген оғлан алғашқы кездесуін сәтті аяқтады.

Батыр Дүйсекешов, жарыс қатысушысы: «Өте маңызды бұл жарыс жылына бір рет болады. Сондықтан бұл өте мықты жарыс. Оны жібермеуге тырысамыз. Бұл жарыстан бірінші орын алсақ, ұлттық құрамаға кіреміз».

Жарыс жолына шыққан спортшыларға шенеуніктер де сәттілік тілей келді. Олардың арасында бокстан олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те бар.

Серік Сәпиев, ҚР Спорт комитетінің төрағасы: «Токиоға каратэ спорт түрі олимпиадалық бағдарламаға кірді. Біз Дархан Асадиловқа үміт артамыз. Жайлап-жайлап біздің каратэ өседі».

Жарыс нәтижесінде жастар және жасөспірімдер арасындағы жеңімпаздарға спорт шеберлігіне үміткер атағы беріледі. Ал, топ жарған ересектер спорт шебері атағын алып, ұлттық құрама қатарына алынады.

Назерке Үкібасова