Шымкенттік спортшылар үстел теннисінен чемпионатқа дайындалуда

306

2021 жылдың қаңтарда Қарағандыда үстел теннисінен Қазақстан чемпионаты өтеді.

Сайысқа Шымкенттің іргесіндегі Маятас тұрғын алабында орналасқан №6-шы спорт мектебінің шәкірттері де қатысады. Қазір жарысқа қызу дайындық жүргізілуде. 7 спорт шеберін дайындаған мектептің шәкірттері Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшеcі.

Еуропа чемпионатында да жеңіске жеткен. Спортшылар мұндай үлкен жетістікке Шымкент қалалық үстел теннисі федерациясының президенті Асқар Тұрысбековтың қолдауының арқасында жеткенін айтады.

Үстел теннисінен Қазақстан чемпионатына дайындық қызу жүргізілуде. Ойынға кіріспес бұрын ұл-қыздар денелерін ширатып алу үшін арнайы жаттығулар жасауда. Жасөспірімдер құрама командасының мүшесі Аида Үсіпбаева Қарағандыда өтетін жарысқа қатысатын спортшылардың бірі. «Шымкенттің намысын қорғауда аянбаймыз, осыған дейін де көптеген жарыстарда жүлделі орындардан көрінгенбіз», дейді спортшы.
«Толқудамын. Жаттықтырушыларымыз жақсы дайындап жатыр. Құдай қаласа, жеңіске жетеміз»- дейді үстел теннисінен жасөспірімдер құрама командасының мүшесі Аида  Үсіпбаева

Нұрлан Оразбаев шәкірттеріне сенімді. Оған негіз де бар, аға жаттықтырушы 20 жылда 7 спорт шеберін, Қазақстан, Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлерін тәрбиелеген. Кәсіби спортшының шәкірттері ұлттық құрама командасына мүше. 2000 жылдары Маятастағы жалпы орта мектеп жанына үйірме болып басталған бұл спорт түрімен бүгінде үстел теннисі федерациясының қолдауымен жаңа ғимарат салынып, спорт мектебі мәртебесінде жұмысын жалғастыруда.

Нұрлан ОРАЗБАЕВ, Шымкент қаласындағы №6 спорт мектебінің аға жаттықтырушысы: «Спортшылардың, ата-аналардың атынан қалалық үстел теннисі федерациясының президенті Асқар Тұрысбеков пен федерацияның вице-президенті Алтай Әлібековке алғысымыз шексіз. Үнемі қолдау көрсетіп, барлық жағдайды жасап қойды. Залымыз жылы, демеушілеріміз  балаларды құрал-жабдықтармен қамтып қана қоймай, спорт киімдерін де алып береді».

«Бізге атаналарға жақсы болды, қолжетімді, тегін, немерелерім қызығып асыға келеді. Енді Маятастағы мектеп сияқты  Сұлтан Рабатта да ашылса ғой»,-дейді Сұлтан Рабат ауылының тұрғыны Сұлтанмұрат ИСАМЕТОВ.

Мемлекет басшысы Қарағандыда үстел теннисі кешенінің ашылу салтанатында салауатты өмір салтын насихаттауда бұқаралық спортты дамыту қажет деп атап өткен болатын. Балалар-жасөспірімдер клубтарын тек шағын орта қалаларда емес, барлық ауылдарда ашу қажеттігін де ел Президенті тапсырған еді. Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы – мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ үстел теннисінен спорт шеберлігіне кандидат болған, бос уақытында спорттың осы түрімен шұғылданғанды ұнатады.

Ал біз Қазақстан чемпионатына қызу дайындық үстінде жүрген Маятастағы спорт мектебінің шәкірттері арасынан талай чемпиондар түлеп ұшарына сенім артамыз.

Шынар Оразова