ҚАРҒЫС ҚАСІРЕТ ӘКЕЛЕ МЕ?

243
Indian wrestler smears mud after wrestling at Kolkata, India, March 30, 2010. Kushti is traditional Indian wrestling. It’s not just a sport art, it’s an ancient subculture. Wrestlers live and train together, have their strict rules. They may not drink, smoke and have sex. Their life must be pure. Kushti wrestlers live in gyms called akhara. Their diet consists of milk, eggs, almonds and home made bread called chapatis. Indian traditional wrestling is very popular for keeping strong and healthy body.

«Біреуге ойнап болсын, қарғыс айтпаңыз. Қатты ашуланғанда аузыңыздан қарғыс сөз шығып кетпеуіне мұқият болыңыз. Сіздің бір ауыз сөзіңіз бір адамның немесе бір отбасының ойранын шығаруы мүмкін. Ешкімнің обалына қалмаңыз. Қандай жағдай болса да бәрін адал жолмен шешуге тырысыңыз». «Тағдыр» айдарының келесі кейіпкері отбасының ойраны бір адамның наласынан келді деп біледі.

Сәлеметсіздер ме? Атым – Жаннұр. 28 жастамын. Редакцияға хабарласар алдын ұзақ ойландым. Газеттен қаншама адамның сан түрлі тағдырын, оқиғасын оқып келемін. Мүмкін психолог мамандар менің оқиғама да өз жауаптарын айта жатар. Әңгімені әріден бастасам.
Біз өте бақытты отбасы болдық. Әкем, анам және балалары: 4 қыз, 1 ұл. Атам мен әжем де бар еді. Дас-тарқан басына у-шу, өте жақсы көңіл-күймен тамақтанатынбыз. Дастарқан басына толық жиналмай, тамақ ішуге жайғаспаймыз. Кешкі аста барлығымыз дастарқан басынан табылу – атамның бізге қойған міндеті. Әжем мен анам құдды бір анасы мен қызы сияқты еді. Араларында ұрыс-керіс болған емес.
Әкем саудагер болатын. Саудасы ның өте жақсы жүргені соншалықты ауылымызда алғаш көлік мінген адам сол кісі болатын. Не керек осындай ғажап күндер есімде сақталған кезде небәрі 6 жасар едім. Мен үйдің 3-қызымын. Менен кейін бір сіңілім бар. Осындай бақытты ертегідей өміріміз 14 жасыма дейін ғана жалғасты.
Бұлай дейтінім – 14 жасқа толғанда анамыз өмірден озды. Ұзақ уақыт төсек тартып жатқан шешеміз бір күні бізді тастап кете барды. Дәл сол кезден бастап отбасының шырқы бұзылды. «Бір отбасының бағы бір адамға байланысты» деген сөз рас екен. Анамыз өмірден озған соң әкеміз ішімдікке салынды. Бизнесі кері кетті. Бірнеше рет банкрот болды. Сөйтіп қаншама қарыздың астында қалдық. Сол кезде үлкен әпкем 20 жаста болса, ағам 19 жаста еді. Әкеміз қарызға белшесінен батқанға дейін ешкімге тіс жарып айтпаған. Бұл жағдайды да үйге келген соттың қағазынан білдік. Қағазды қолына алған атам жиған-тергеніміздің барлығын қарызды өтеуге беретінімізді айтты. Сол кезге дейін атам мен әкемнің еңбегімен келген барлық дүниелер қарызды өтеуге кетті. 14 жаста болғаным себепті ме, сол кездегі жағдайдан жарытып ештеңе түсініп кетпедім. Әйтеуір атамның: «енді бізде тек отырған үйіміз ғана бар, басқасының бәрін қарыздарымызды өтеуге жұмсадық. Бұған өкініш білдірмейік, бастысы ауырма, аман болайық» деп айтқаны есімде. Бұл жағдай да әкемізді ішкіліктен құтқармады. Күнде ішіп келеді. Келеді да анамыздың фотосуретімен сөйлесіп, арасында жылап алатын. Әкемнің қарындасы дәрігер еді. Әпкеміздің де әкемді ішімдіктен құтқару үшін жасаған еңбегінің бәрі еш кетті. Балалары жиналып ұрсып та, жылап та айттық.
«Енді ішпеймін, қоямын» деп қанша рет уәде берсе де ішуін қоймады. Осылайша жылдар өтті. Әкеміз бизнесін қайтып аяққа тұрғыза алмады.
Осылай жүрген кезімізде үлкен әпкеміз оқуын аяқтап келді. Атамыз бен әжеміз бізді жәудіретпес үшін қолдарынан келгенін жасады. Әжемнің аяғы ауырып, кейде жүре алмай қалатын. Сонда да үнемі тамағымызды пісіріп беретін.
Үлкен әпкем экономика мамандығын оқығандықтан бірден жұмыс табылды. Жақсы жалақысы бар. Үйімізге енді жан біте бастағандай болды. Әкем де қызының табысын көріп, қайта есін жинады. Бизнес-пен айналысу жолдарын әпкемізге үйретіп, саудаға тағы оралмақ болды.
«Бәрі орнына келе бастады» деп жүргенімізде «Құдай бір айналдырса шыр айналдырады» демей ме? Бір күні үйімізге тағы да қаралы хабар жетті. Бұл хабар бәрімізді есеңгіреткені соншалық енді қайтып ес жинай алмайтындай болдық. Өйткені шаңырақтың иесі, жалғыз ұл, ағамыз соңғы курсын аяқтап, диплом алар сәтінде жол апатынан қаза тапты.
Бұл хабар атам мен әжемнің еңсесін тіктеуге мүмкіндік бермеді. Арада 2 ай өткенде әжеміз қайтыс болды. Қайғыға шыдай алмады. Атам жүре алмай қалды. Ұзақ уақыт ешкіммен тілдеспей, тамақ ішпей қойды. Ал әкеміз өзін жұбатудың жолын тағы да ішімдіктен тапты.
Бұл қайғы бәрімізді қатты қинады. Ұзақ уақыт есімізді жинай алмадық. Тек жылай береміз. Атамыз сол ауырғаннан қайтып жақсармады. Біреудің көмегінсіз өзі жүре алмайды. Жарты жылдан кейін атамызды да жер қойнына тапсырдық.
Төрт қыздың бар ойы әкемізді адам қатарына қосу еді. Бірақ шамамыз келмеді. Анамыз қайтыс болған соң екі жылдан кейін үйлендіргіміз келген. Өзі қаламады. Бір емес бірнеше рет: «тағы да отбасын құрыңыз» дегенімізде, «Аналарыңның әруағына олай қиянат жасамаймын. Ең кішкентай қызым оқуын аяқтап, маман атанып, диплом алған күні шешелеріңнің жанына кетемін» деп жиі айтатын. Ішімдіктен құтыла алмағаны үшін бізден үнемі кешірім сұрайтын. Мұның барлығы жанымызға батушы еді. Таңданатыным – ішімдіктен бас алмайтын әкеміз екі әпкеміздің тойында ішкен жоқ. Қыздарының қуанышында ащы суға жоламайтын.
Өкінішке қарай, әкеміз кенже қызының диплом алған сәтін күте алмады. Сіңлім 2-курста оқып жүргенде өмірден кетті. Алдын-ала сезді ме? 2 ай ішімдікке жоламады. Енді мүлдем ішпейтінін айтатын. Қатты қуандық. Үлкен әпкемізге біз үшін алаңдамай, отбасын құру керегін айтып жүретін. Үйдің тұңғышы, әпкеміз әрқайсымызды құтты орнымызға қондыруды өз міндеті санап, тұрмысқа да шықпаған.
Бірақ, екі айдан кейін әкеміз де бізді тастап кете барды.
Біздің үйге осынша қасірет қайдан келді? «Мұның бір себебі бар шығар» деген ой мені мазалайтын. Туыстарымыздан әкеміз анамызға үйленбес бұрын бір әйелі болғанын еститінбіз. Ұзақ уақыт балалы болмағандықтан ол кісімен ажырасқанын да білетін едік. Бірақ ол адам қайда, тірі ме, жоқ па? Бұл сұрақтар мазаламады. Бір күні әкемнің қарындасынан сол кісі жайлы сұрадық. Естуімізше, ол кісі әкемнен ажырасқысы келмеген. Атам мен әжем де ол кісіге ешқашан қабақ түйіп қарамаған. Үйден кетпеген соң, амалы таусылған әкем мүлдем үйге келмей қойған. Хат жазып, енді ол кісімен бірге тұра алмайтынын, біздің анамызды жақсы көріп қалғанын айтқан екен. Әкем бірнеше ай үйге келмегендіктен ол кісі қатты қапалы кетіпті.
Әкеміздің қарындасы әжем екеуі сол кісінің наласынан қорыққандарын айтып жылады. Атам мен әкеміздің басқа бір де бір адамға зияны тимеген. Керісінше қаншама адамға қол ұшын созып, көмектескенді жақсы көретін. Бұған өзіміз де қаншама рет куә болдық.
Енді білгім келетіні – бір кісінің қарғысы, наласы шынымен де бір отбасының ойранын шығара ала ма? Осы әңгімені естігелі санамда бір сауал бар. Адам қарғысы адамға әсер ете ме? Біреудің қарғысынан қалай құтылуға болады? Осы сауалдарға жауап іздеймін. Қазір 4 қыз, бәріміздің отбасымыз бар. Бақытты өмір сүріп жатырмыз. Бірақ әке жолын қуатын ағамыз өмірден өткені әлі күнге жүрегімізде жара болып қалды. Әкеміздің қара шаңырағының түтіні өшті. Әкеміздің ізін жалғастыратын ұрпағы қалмағаны жанымызға қатты батады. «Егер әкем ол кісіні ренжітпей жібергенде, мүмкін бұлай болмас па еді?» деген сауалдар мазалайды. Әкеміздің де сол кезде әдейі істемегені анық. Ол кісіні қатты ренжеткенін өзі де сезбеген болар.
Сондықтан айтарым: қадірлі оқырман, ешкімнің наласына қалмаңыз. Кейін өтеуі ауыр болуы мүмкін. Бәрін бір жаратқан білері анық. Дегенмен қарғыс арқаламасаңыз, ең болмаса көңіліңіз тыныш жүреді.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №44, 30 қазан 2019 ж