«Абай Құнанбаевтың «Отыз сегізінші (№38) қара сөзі» деген шығарма жоқ. Бұл – бөлек атауы бар шығарма». М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.д Ақжол Қалшабековтың айтқаны осы.
Ғалым ұзақ уақыт ізденістің нәтижесінде бұған дейін халыққа «№38 қара сөзі» деп жеткен шығарманың «Китап тастих» атты ғылыми еңбек екенін айтады. Абайдың ең күрделі маңызды шығармаларының бірі саналатын ғылыми еңбек туралы неліктен бұлай айтатынын тереңінен түсіндіріп те берді.
Ақжол Қалшабековтың сөзінше, «Китап тастих» сөзінің қазақша баламасы «Растау кітабы» деген мағынаны білдіреді. Ол Абайдың осы ғылыми еңбегін жұртқа қаз-қалпында жеткізу мақсатында көптен бері еңбектеніп келеді. Нәтижесінде бірнеше жаңалық ашқан.
– Жаңалығымызды жаңалық деп айтуға болады. Білесіздер, Абай атамыздың 45 қара сөзі бар. Сол 45 қара сөздің ішінде №38 қара сөзі деген де бар. Енді нөмірлеген ғой. Негізі Абайда №38 қара сөзі деген шығарма жоқ. Ізденісіміздің нәтижесінде осы шығарма өзінің аты бар бөлек шығарма екеніне көзіміз жетті. Мұның атауы «Китап тастих» деген шығарма екен. Бұл «Растау кітабы» деген мағынаны береді. Абай атамыздың ең күрделі маңызды шығармаларының бірі. Негізінде бұл Кеңес дәуірі кезінде аты алынып тасталып, 45 қара сөздің ішіне енгізілген болып отыр. Бұған енді түрлі себептер болған болуы мүмкін. Менің айтпағым – бұл шығарманы Абай атамыз қалай жазған болса, солай жарыққа шығаруымыз керек. «Авторлық құқық» деген бар. Сондықтан да «Китап Тастих» деп беру керек. Біз бұл шығарманың алғаш рет транскрипциясын жасап отырмыз. Бұған дейін жасалмаған. Жалпақ жұртқа тек қазақ тілінде жеткізілген. Ал бұл еңбек шағатай тілінде жазылған. Шағатай тілі мыңдаған жылдар бойына бүкіл түркі жұртының ортақ әліпбиі іспеттес болған. Бұл ғылыми-көркем тіл. Біріншіден: «Китап тастих» деген тақырыбы осы уақытқа дейін қойылмаған. Ең алдымен осы тақырып қойылып шығуы керек. Екіншіден: бұл шығарманың басы осы кезге дейін «Ей, жүрегімнің қуаты – перзенттерім» деп басталады. Кәдімгі қазақ тілінде. Ал, Абай атамыздың түпнұсқа қолжазбасында: «Ей, Жүрәгімнің хуаты пәрзәнтләрім» деп басталады. Шағатай тіліндегі стилі осындай. Бұл тілде араб, парсы сөздері көптеп кездеседі. Мысалы осы он беттік шығармада 300-ден астам араб, парсы сөздері бар. Бұл жерде айырмашылық тек дыбысталуында болып тұр.
Ақжол Батырұлы Абай Құнанбаевтың барлық өлеңдері қазақ тілінде жеткенін айтады. Дәл осы шығарманың неге шағатай тілінде жазылған себебін де түсіндірді.
– Жалпы жұрт Абай атамызды ақын ретінде біледі. Ол кісінің қаншама өлеңдері, қара сөздері бар. Барлығы да қазақ тілінде жазылып келген. Бүгінге солай жеткен. Дәл осы шығарманың шағатай тілінде жазылуының өз себебі бар. Өйткені, бұл – ғылыми шығарма. Көркем шығарма емес. Мың жыл бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойын-ша, біздің бүкіл ғұламаларымыз, Қожа Ахмет Ясауиден бастап бәрі де ғылыми, діни, философиялық еңбектерін шағатай тілінде жазатын болған. Ол тілді барлық түркі жұрты түсінетін. Сондықтан да, бұл шығарма түпнұсқасында жариялануы керек. Өйткені, түпнұсқасынан өзгертуге біздің құқығымыз жоқ. Қаз-қалпында халыққа жеткізілетін болса, елдің қызығушылығын тудырары анық. Ал, шағатай тілінде жарық көргенін естігенде жастар «шағатай тілі» деген қандай тіл деп ойланар еді. Ата-бабаларымыздың мың жыл бойы ғылыми шығарма жазған тілі екенін білер еді. Міне, бұл – нағыз рухани жаңғыру. Осындай ерекше тілді ұмыттырған ол кеңестік дәуірдің саясаты. Осы ғылыми тілден алыстату үшін бірнеше рет саяси қадамдар жасалған. Егер шағатай тілін қайта жаңғыртсақ, нағыз рухани жаңғыру сол болар еді. Мұның ар жағында бүкіл түркі жұртының ортақтасуы жатыр. Кезінде барлық түркі халықтарын біріктірген осы ортақ әліпби болатын. Егер бұл еңбек шағатай тілінде жазылып шықса, мұны барлық түркі жұрты оқитыны анық. Біз бұл шығарманы әлеуметтік желіге жариялағанымызда қырғыз, өзбек ағайындар құттықтап бізге хат жолдап пікір жазып жатыр. Өйткені, олар мұны қиналмай-ақ түсініп отыр.
Белгілі ғалым шығарманы зерттеуді шәкірттерінің ішіндегі шәкірті санайтын магистрант Әзімхан Исабекке тапсырған. Ұстаз сенімінен шыққан шәкірттің осы жолдағы еңбегін білу үшін Әзімханды да әңгімеге тарттық.
– Менің ұстазым Ақжол Батырұлы қазіргі таңда «Әдебиеттану ғылымына кіріспе» атты оқулық жазған беделді ғалым. Профессор Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті. Осындай ұстазым маған бұл жауапкершілігі жоғары үлкен тақырыпты берсе, демек соған лайық болғаным деп есептеймін. Бұл тақырып қазір күн тәртібімдегі маңызды мәселеге айналды. Ұстазым «біз Абайдың «Китап тастих» шығармасын қолымыздағы академиялық басылыммен шектеліп қалмай, Мүрсейттің қолжазбасын қолға түсіруіміз керек» деді. Мүрсейіт деген Абайдың барлық шығармаларын жазып жүретін адам болған. Яғни, қазіргі тілмен айтсақ, хатшысы іспеттес адам. Ол кісінің қолжазбасы Алматыда сақталған. Міне, шындыққа біз сол жерде көз жеткізе алар едік. Заттың да заты бар білесіздер. Түпнұсқаның аты түпнұсқа. Осылайша біз Мүрсейттің қолжазбасын алуға белді бекем байладық. Түпнұсқа қолжазбада шағатай тілінде «Китап тастих» деп тақырып тұрғаны көрініп тұр. №38 қара сөз деген ешқандай нөмірленген сан жоқ. Екінші басты жаңалық, бұл – растау, әрі иман кітабы болғаннан кейін бұл жерде иман мәселесі көтерілген. Қазақ тілінде оқып жүрген академиялық басылымдарда иман туралы хадис жоқ. Ал Абай атамыз бұл шығармада хашиямен шығарма жазылған беттің жиегіне көрсетіп отырған. «Хашия» деген әдебиеттану ғылымындағы ең үлкен теориялардың бірі. Ақжол ұстазым «Әдебиеттану ғылымына кіріспе» кітабында хашияға арнайы түсініктеме берген. Бұл жаңалықтарды айта берсек, таңды таңға ұруға болады. Бұл шығармамен айналысып жүргеніме біраз болды. Мен бұл тақырыпты бакалаврда жүргенде алып әлі жалғастырып келемін. Яғни бір тақырыпты зерттеп жүргеніме бес жыл болды. Ғылым деген сондай болады. Осындай жұмысқа табандап шыдау керек».
Ақжол Қалшабеков пен шәкірті Әзімханның арманы — осы диссертациялық жұмысты кітап етіп шығару. Сол үшін де аянбай еңбек етіп келеді.
– Демеушілерсіз қарапайым мұғалім және магистрант ретінде атқарылып жатқан жұмыс. Өз алдымызға жаңалық шығарып жатқан жоқпыз. Барды бар етіп көрсетіп отырмыз. Бұны жұрт есту керек, білу қажет. Абай атамыз «ғылым деген білгеніңді үйрететін адам болмаса, және білмегенін сұрайтын адам болмаса ол түкке пайдасы жоқ күйікке айналады» деген екен. Сондықтан да ғылымға да жағдай жасалса, құр ғалымдардың қолынан көп нәрсе келе бермейді. Ал біздің жұмысымызға демеушілік көрсетер адам болса тіптен керемет болар еді. Өйткені ғылым тек ғалымға емес, қоғамға халыққа керек, тарихқа, менталитетімізді дамыту үшін қажет. Әзірге біздің тарапымыздан ешкімге барып демеушілік жаса деген ұсыныс болған жоқ. Болмайды да. Өзі түсініп, біздің еңбекті бағалайтын азаматтар болса біз қарсы емеспіз. Біз мұғалім мен шәкірт болып жұмысымызды жалғастыра береміз. Бастысы осы ізденісімізді тоқтатпай Абай атамыздың ғылыми еңбегін түпнұсқасында қалай жазылса дәл солай ел-жұртқа ұсыну болмақ.
Жазып алған – Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат», №46, 13 қараша 2019 ж