Ұлы Абайға – 167 жыл

429
Ұлы Абайдың 167 жылдығы еске алынды
Ұлы Абайдың 167 жылдығына шымкенттік жастар спектакль ұсынды

Ұлы Абайға – 167 жыл. Қаламыздың жастары ғұлама қаламгерге арнап еске алу кешін өткізді. Ағартушы өмір жолынынан сыр шертетін қойылым ұсынды. Спектакльде Патша үкіметінің отаршылдық саясаты қанатын кеңге жайған Абай ортасы ашық көрініс тапқан. Ал студенттер бұл күні Абайдың табиғатын танығандай болдық дейді.

Мақсат Күзембаев, студент: «Бүгін Абайдың болмысын көріп, тәнті болып отырмыз. Әттең, Абайдың өмір сүрген жылдарында туылғанымда ғой. Абайдың шәкірттерінің бірі болар ма едім де деп армандаймын кейде. Ал бүгінгі спектакльді қойған студенттерге айтар алғысым шексіз менің! Тамаша ойнады. Дәл сол заман бейнесін көрсете алды. Абайдың өлең-жырларын жатқа оқып, әндерін шырқады. Біз де қосыла шырқап, Абай әлеміне саяхаттадық».

Гүлім Бақытжанқызы, студент: «Көптен бері Абай туралы етімей-көрмей жүрген едім. Бүгінгі қойылымнан ерекше әсер алып, қаламгердың еңбектеріне деген сағынышымды басқандай болып отырмын. Бәрінен бұрын ақынның ортасын көріп отырмыз ғой. Шәкірттерінің алдындағы құрметі де баяндалып жатыр. Абайдыңбіз білмейтін қырлары көп қой әлі».

Ұлы Ақынның ұғымтал шәкірттері ортасындағы бас қосуды сипаттаған көрініс замандастарымызға ерекше әсер сыйлады осылай. Халық тағдыры мен болашағына алаңдаған ақынның болмысын бұл күні жоғарғы оқу орнының 3-ші курс студенті Қаысм Қабиболлаұлы сомдады.

Қасым Қабиболлаұлы, жас әртіс: «Әрине, бар өнерімді салып Абайдың рөлін ойнап шықтым. Алайда айта өтейін, мен Абайдың бар болмысын, кескін-келбетін көрсете алдым деп ойламаймын. Біз Абайдың сырын, Абайдың дәрежесін білу үшін бізге әлі үлкен тәжірибе керек! Абай әлеміне үңіліп, тұнығы лайланбаған әдебиетін оқу арқылы ғана біз Абайдың еңбектерін ұғып, түсіне аламыз. Ғасыр талғамайтын туындылары қай ел, қай заманда да маңызы зор, қайталанбас құнды!»

Айдана Айнабек, жас әртіс: «Мен Әйгерімнің рөлінде болдым бұл қойылымда. Әрине, өзінің дауысымен талайды тамсандырған әнші Әйгерімнің кейпіне ену оңайға түспегенін мойындаймын. Тырысып бақтым. Бір ай көлемінде дайындалдық. Нәтижесін көрермендер бере жатар. Менің айтқым келгені – біз Абай турасында өте аз біледі екенбіз. Сондықтан «Абай жолы» роман-эпопеясын тағы да оқып шықтым. Достарыма да кеңес беремін, осы бір қазақ жазба әдебиетінің негізін салған данышпанның еңбектерін оқып, құрмет тұтайық дегім келеді».

Жастолқын қазақтың қара өлеңіне қанат бітірген данышпан жырларына жан бітіре, әуелете шырқады.Бастысы, ақынның аманатын дәріптейтін ұрпағы барда Ұлы ақынның ұлылығы ұмытылмақ емес. Бұған дара тұлғаның поэзиясын ұғынғысы келетін жастардың ынтызарлығы дәлел болса керек.