Шымкентте Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

189

Шымкенттіктер Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ұлы ақынның 176-жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырылған марафонға қалалық мәдениет басқармасының қызметкерлері, мектеп оқушылары және абайтанушылар қатысты. Һәкім Абайдың шығармаларын насихаттау керекпіз деген зиялы қауым өкілдері өз ұсыныстарын да жеткізді.

Абай күнін шымкенттіктер ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ағартушыны еске алумен бастады. Мәдени шараға қатысушылардың бірі қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов Абай шығармаларын дұрыс қолдана алмай жүргенімізді жеткізді. Айтуынша, ұлы ақынның өлеңдерін мектеп оқушыларына әлі де болса тереңірек оқыту керек. Сөзінше, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жеңіл екен деп тек бастауыш сыныпта ғана жаттату қате. Оны есейгеннен кейін де мағынасын түсінуі тиіс дейді халық қалаулысы.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихат хатшысы: «Мен өмір бақи айтып келемін, кезінде өзімізге әкеміз де айтқан. Қазір мен де бала-шағама айтып келе жатқан жаңағы бес асыл іс. Ғылым таппай мақтанба. Сол бес асыл іс пен бес дұшпанның әрбір адамның ол жүрегінде болуы керек. Егер де біз сол бір-ақ шығармасын негізге ала отырып ұрпақ тәрбиелейтін болсақ, біз ешқандай ұтылмаймыз. Біз тек қана алға жүреміз».

Ал абайтанушының сөзінше, біздің қоғам әлі де һәкім Абайды танып-білген жоқ. Бұл датаны белгілеудің мәні осында жатыр. Қазіргі жастар да қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін салушы философты терең біледі деп айта алмаймын дейді ол.

Ақжол Қалашбек, абайтанушы: «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Абай күнін белгіледі. Ол күнді не үшін белгіледі? Ол күнді белгілеудегі мақсат сол әлі де Абайды еске алу, ойлануымыз керек. Ал енді Абайды еске алсақ, Абайды оқысақ, біз одан сайын көретініміз тек пайда. Зиян жоқ. Енді мынау баяғыдан айтып жүрміз. Абай деген арнайы еліміз үшін институт па, академия ма ашып қойса. Ол да жақсы. Мысалы, мына қытайларда Конфуциий, немістерде гете академиясы бар».

Абай күні — еліміздің мерекелік күнтізбесіне енген күн, бірақ ресми демалыс күні болып саналмайды. Үкімет Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленген.

Айта кетейік, Шымкентте Абай күніне орай ұйымдастырылған шаралардың басым бөлігі онлайн форматта өткізіледі. Бүгінде қалалық мәдениет басқармасының бастамасымен 12 іс-шара жоспарланып отыр. Сондай-ақ ұлы ақынның шығармаларын дәріптеу шаһарда екі күнге жалғаспақ.

                                                                                          Мөлдір Ибадуллаева