Таны бала жасыңнан, біздің Абай атаны!

 

Абай Құнанбаев (1845-1904)

10- тамыз қазақ баласы үшін қастерлі күн. Өйткені бұл күні ұлы ақын,  ойшыл, кемеңгер Абай Құнанбаев дүниеге келген. Шымкенттегі «Хакім Абай» мұражайы да ақынның 167-жылдық мерейтойын өз деңгейінде атап өтті.

Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шараға қаладағы 6 аула клубында өз шеберліктерін шыңдап жатқан 40-қа жуық бала  қатысты. Олар Абай әлеміне еніп, артында қалдырған мол мұраларымен танысты. Деректі фильмді тамашалап, «құлақтан кіріп бойды алған» әсем әуендерін тыңдап, рухани мол азық алып қайтты.

«Қазіргі балалар Абай атамызды қаншалықты біледі?» деген сауалымызға кітапхана қызметкері Тұрғанбаева Гүлзира: «Бұл балалардың бәрі де кітаппен дос, кітапханаға жиі келеді. Бұл мұражайда ұйымдастырған себебіміз, Абайдың мол мұраларын өз көздерімен көріп, жіті танысса деген тілек еді біздікі. Бізде бала-бақша мен мектеп табалдырығын атттаған сәттен бастап баланы Абай өлеңдерімен, өмірбаянымен таныстырғаннан болар, балаларымыз таниды. Қай-қайсысынан сұрасаңыз да «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жатқа соғады. Ал жоғары сынып оқушылары Абайды айдай әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын жиі
сұрайды» – деп жауап берді.

№72-ші орта мектептің 6- сынып оқушысы Ермағанбет Несібеліні сөзге тартқанымызда: Абай атамыз ұлы ақын, ғұлама.

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 167-жыл

Біздерге мол мұрасын қалдырған. Өлеңдерін жиі оқимын. «Қыс», «Өлең сөздің патшасы», «Күз», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдерін жатқа білемін. Қай өлеңін алып қарасаңыз да, адамға ой салады, біздер үшін тәрбиелік мәні зор. Бүгінгі кештен ерекше әсер алдым. Достарымызбен Абай атамыздың біз білмейтін қыр-сырларына үңілсек, бір жағынан бір күнімнің мағыналы өтетініне де қуанып тұрмын. Іс-шараны ұйымдастырушы апайларға алғысым зор» деді де, музейдегі құнды жәдігерлерді тамашалауға кірісті.

Президентіміз Н. Ә. Назарбаев: «Менiң балаларым мен ертеңгi ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелi ұғым болмауға тиiс» деген еді бір сөзінде. Яғни келер ұрпақ Абай атамыздың өшпес өлеңдері мен тәрбиелік мәні мол қара сөздерін бала жасынан құлақтарына сіңіріп өссе, ұлт ретінде өсіп, өркендей береріміз анық.