Аяқ сүйегі мазаласа

6300

Аяқ сүйегінің өсуі көптеген нәзікжандының бас ауруына айналып отыр. Аяқтағы «төмпешіктен» қыз-келіншектердің аяғы ауырады, мазасы қашады. Сондай-ақ, аяқ киім киюден қалады. Осылайша, башпай сүйегінің деформациялануы ұсқынсыз көрініп қана қоймай, косметологиялық жағынан да ыңғайсыздық тудырады. Башпай сүйегі не себепті қисаяды? Әдемі жүріс пен аяқ киім формасы өзгермеу үшін қайтеміз? Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға маман жауабын ұсынамыз.

ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛАДЫ?

10 жылдық тәжірибесі бар ортопед-травмотолог Саиджан Кошаковтың айтуынша, бұл мәселемен кез келген жастағылар бетпе-бет келуі мүмкін. Соның ішінде мұндай «ыңғайсыз» жағдайға көбіне әйелдер тап болады екен. Себебі, биік өкшелі аяқ киімге үйір. Нәтижесінде табанға түскен ауыртпалықтан бір сүйек ішке, екіншісі сыртқа қарай өсіп, аяқ формасы өзгеріске ұшырайды. Сондай-ақ, башпай сүйегінің деформациялануы тұқым қуалайтынын естен шығармаған абзал. Анадан қызына беріледі екен. Ал артық салмақ, ұзақ жүру, буын ауруы және маймақтық осы ауруды тудырады. Сәйкесінше, пайда болған «төмпешік» аяқ киім киюді қиындатып қана қоймай, үйкеле-үйкеле ұлғайып ойық жараға айналады.
Мұның жағымсыз көрініс қана емес, жүрген сайын аяқты ауыртатыны бар. Мұнымен қатар аяқ киім сатып алған кезде қиындық тудырады.
Ертеректе Саиджан Саиджаппарұлы мұндай «ыңғайсыз жағдайға» 40-тан асқан әйелдер ұшыраса, қазір 20 жастағы бойжеткендерде де кездесетінін айтады.
Кейіпкеріміз Алма мектепте мұғалім болып істейді. Жасы 30-дан асқан ұстаз бірнеше жылдан бері «төмпешіктен» аяқ киім киюден қалғанын айтады. Сондықтанда ол көбіне үлкен өлшемді аяқ киім киюге тырысады. Әйтпесе, сүйек аяқ киімнің түр-әлпетін бұзып, жыртып жібереді екен.
– Аяқ киімді кию азап. Дәрігерге көріндім. Ота жасату керек деді. Бірақ, ота жасатуға денсаулығым жарамайды. Сондықтан да халық емін жасадым. Түрлі жақпамайларды қолдандым. Ғаламторда жарнамасы келіскен аппараттарды сатып алдым. Бірақ ешқайсысы көмектескен жоқ,-дейді Алма.

ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖОЛЫ

Дәрігердің айтуынша, бұл «дертті» бастапқы сатыда анықтау қиын. Себебі, ол ауырсынусыз өрбиді. Алғашқы айларда башпай сүйегінің қисаюы бірден байқалмайды. Басында башпай тұсы қызарып, ісінеді. Одан соң аяқта ауырсыну сезіледі. Міне, осы белгілер байқалысымен ортопед-дәрігерге қаралу керек. Халық емі, жақпамайларды қолданып уақыт оздырмаңыз.
– Башпай сүйегінің қисаюы байқалған сәтте-ақ биік өкшелі аяқ киімді «тастау» керек. «Спорттық аяқ киім көмектеседі» деп айта алмаймын. Кемінде аяқ киімнің өкшесі 4 см болу керек. Аяқ киім жұмсақ, қонышы кең және ыңғайлы болған абзал. Сондай-ақ, сүйек деформациясының алғашқы сатысында ортопедиялық ұлтарақ киген жөн. Ол башпайдың аяқ киім ішінде дұрыс орналасуын қамтамасыз етеді. Заманауи ұлтарақтың қалыңдығы 2-3 миллиметр ғана. Одан бөлек, түнгі бандаж сүйекті қалпына келтіреді. Онымен күндіз жүруге болмайды, бірақ түнде киіп алсаңыз, ұйқыңызға кедергі жасамайды. Сонымен қатар, уқалау, жүзу, жалаң аяқ жүру (құм, тас, арнайы төсеніш) және арнайы жаттығуларды жасаған жөн. Оған: аяқ саусақтарымен жерден қарандаш көтеру, аяқтың сыртқы жағымен жүру жатады,-дейді Саиджан Саиджаппарұлы.

Айтпақшы, ғаламтордағы жарнамасы келіскен халық медицинасы, ванна, компресс, йод жолақтары сынды кеңестердің көмектеспейтінін есте сақтаңыз! Дәрігердің айтуынша, олар бар болғаны уақытша ауырсынуды басады.
Есте сақтаңыз! Башпай сүйегі қисаюының ең соңғы сатысында отаға жүгінуге тура келеді. Отадан кейінгі сауығу 4-8 аптаға созылады. Бұл кезде аяқтың алдыңғы бөлігіне салмақ түсірмейтін арнайы аяқ киім кию керек. Сондай-ақ, 4 ай бойы кең, табаны жайпақ аяқ киім киген абзал. Толығымен айыққан соң да тар, басы қысыңқы аяқ киімді кимегені жөн. Артық салмақ жинамау керек.

АЙЫҒУДЫҢ 5 ҚАДАМЫ…

Саиджан Кошаков көп жүріп-тұратын, салмағы ауыр, әрі биік өкшелі аяқ киім киюді ұнататын нәзікжанды оқырмандарымызға төмендегідей 5 кеңес береді.
1. Аяғыңыздың башпайларын жинаңыз. Осы қалыпты 40-60 секунд сақтаңыз. 3 рет қайталау керек.
2. Бос бөтелкені кезек-кезек 2 минуттан аяғыңызбен ары-бері итеріңіз.
3. 5-6 рет ұзындыққа секіріңіз. Серпілісті башпайлармен жасаңыз.
4. Бірінші және екінші башпай саусақтарымен қарандашты қысып жерде жатқан ақ қағазға шеңбер сызыңыз. Аяғыңызды ауыстырыңыз.
5. Аяқ башпайлары шаршағанда ашып-жұмыңыз.

Маманның берген кеңестері аурудың алдын алуға ғана емес, дендеген «дерттің» ауырсынуын басуға, жағдайды жеңілдетуге көмектеседі. Дегенмен егер жағдай ушықса, ота-дан қашып құтыла алмайтыныңызды ұмытпағайсыз.
Адамның аяғы – оның астындағы көлігі. Ендеше аяғыңыз ауырмасын, қызметінен жаңылмасын десеңіз оны күте біліңіз!

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №44, 30 қазан 2019 ж