М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де «Білім беру мен өндірістің мамандарды дайындау сапасын арттыру мақсатындағы интеграциясы» атты дөңгелек үстел өтті. Енді аталмыш жоғарғы оқу орында білім алып, қолына диплом алған студенттер тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Бұл бағытта жоғары оқу орны ірі кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, ынтымақтастық туралы келісім шартқа қол қойды. Университеттің 75 жылдығына орай жүзеге асқан шараның мақсаты студенттерді дуалды білім беру әдісі арқылы болашақта сапалы маман етіп шығару.

Білім беру мен өндірістің мамандарын дайындау сапасын арттыру – бүгінгі өзекті мәселелердің бірі. Себебі, жоғары оқу орнындағы студенттердің тек теориямен ғана шектелмей, тәжірибелі маман болуға да бейімделуі маңызды. Яғни, білікті маман болуда жастардың білімімен қатар тәжірибе жинақтағаны тиімді болары һақ. Осыған байланысты, қара шаңырата өңірдің кәсіпкерлері мен ел ағалары жиналды. Олардың қатарында «Саутс ойл» ЖШС Президенті Серікжан Сейтжанов, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров, «Су ресурсы-Маркетинг» ЖШС Бас директоры Анарбек Оңғарұлы мен «Азия Трафо» ЖШС Бас директоры Серғазы Күнтуаровтар бар. Бүгінде, жоғары оқу орнының өндірістік кәсіпорындармен байланысы жоғары деңгейде екендігін атап өткеніміз жөн болар. Бітіруші түлектердің басым бөлігі де өз мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасады.

ОҚМУ-де студенттер 95 мамандық бойынша дәріс алады. Өткен жылы 3900 түлек белгілі бір маман иесі атанса, биыл олардың саны 4 мыңға жеткен. Қазіргі таңда Жоғары оқу орны жас мамандарды жұмыспен қамту бағытында 200 ірі кәсіпорынмен тығыз байланыс орнатқан. Өйткені, қазір жастар арасында жұмыссыздық мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенттердің тәжірибесін арттыру мақсатында 800-ге жуық өндіріс орындарына жолдама беруге мүмкіндігі бар. Университет ректоры Дария Қожамжарованың айтуынша оқуын аяқтаған түлектердің 65 пайызы жұмыспен қамтылған.

Бұл шараның ерекшелігі ашық форматта өтті. Мамандарды бірлесіп дайындау туралы сұрақтар көпшіліпен бірге талқыланды. Ондағы қозғалған басты мәселе – дуалды білім беру. Өндірісте кафедра филиалдарын ашу, білім алушылардың кәсіби практикадан өтуі және түлектердің жұмысқа орналасуы болады. Дұрыс мамандық таңдау және білікті маман болып қалыптасу еліміздің әлеуетін арттыруға сепболады. Білім ордасында жинақтаған тәжірибе болашақта олардың жұмысқа орналасуы мен өңір экономикасының өркендеуіне ұласпақ. Кезекті басқосу да дәл осы мақсатта өрбіді.