М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттері «Киелі бесік» байқауында 1-орынды иеленді

319

Елімізде тұңғыш рет Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұлттық мұрамызды ұлықтауға бағытталған «Киелі бесік» республикалық фестивалі өтті.

Бұрын соңды болмаған соны байқауды ұйымдастыруға Қыздар университеті мұрындық болып отыр. Ұлттық дәстүрімізді ұлықтауға арналған байқау алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіледі деген жоспар бар.

Байқаудың басты мақсаты да сол – бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қазыналарымызды ұлықтауға, жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге үндейді.

Байқау екі кезең бойынша өтті. Алғашқы турда қатысушылар бесік тақырыбында театрландырылған қойылымды алға шығарса, екінші кезеңде «Киелі бесік» тақырыбындағы халық әндерін орындады. Ұмытылып кеткен ескі де есті әндер ортамызға оралғандай болды. Қатысушылар бесік жырын, ана әлдиі мен бесік туралы әндерді шырқады.

Байқауда Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен студенттері өз өнерлерін ортаға салды.

Аталмыш фестивальде үздік өнер көрсеткені үшін М. Әуезов атындағы ОҚМУ- студенттері 1-орынды иеленді. Күнгейдегі көшбасшы оқу орындарының бірі бұл жолы да шашасына шаң жұқтырмай алғашқы орыннан көріне білді. Студенттерді байқауға «Педагогика және Мәдениет” факультетінің аға оқытушысы Эльмира Абсаматова дайындаған болатын.

Өнер, білімнен қамшы салдырмайтын саңлақтар сахналық көріністен де оқ бойы озып шықты. Мүйізі қарағайдай оқу орындарымен иық тірестіре өнер көрсеткен күнгейліктердің жеңісіне жерлестері бек қуанулы.