Шымкентте үшінші мамандандырылған ХҚКО ашылды

260
фото shymkent.gov.kz

Салтанатты рәсімге ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Данабек Исабеков, белгілі кәсіпкер Әмірхан Шүменов, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мұнда көлік иелері автокөліктерін қайта тіркеп, жүргізуші куәліктерін ауыстыра алады.
«Дайын құжаттарды қабылдау және беру үшін жаңа орталықта 40 инспектор жұмыс істейді. Орталық толықтай жаңа жиһазбен жабдықталған, ал көлік тұрағында екі мыңнан астам автокөлікке орын қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін пандус қойылған, шақыру түймесі жұмыс істейді», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Данабек Исабеков.

Мамандандырылған ХҚО мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде, яғни жалға алу шығынынсыз жұмыс істейді. Филиал коммуналдық қызметтердің ақысын ғана төлейді.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа ХҚО – Шымкент қаласындағы 10-фронт-офис. Бұған дейін қалада 11 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеген, оның ішінде көші-қон ХҚО мен екі мамандандырылған ХҚО бар.

Жыл басынан бері Шымкенттің мамандандырылған ХҚО-ларында азаматтарға 34 мың жүргізуші куәлігі беріліп, көлікті қайта тіркеу бойынша 250 мыңға жуық қызмет көрсетілді.

Заманауи үлгідегі ғимаратта орналасқан ХҚО қызмет алушыларды дүйсенбі-сенбі күндері аралығында 9.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз қабылдайды.
Мекенжайы: Жиделібайсын көшесі, 92 («Бекжан» сауда орталығы).