Шымкентте мыңнан астам нысан заңсыз салынған

255

Қалада мыңнан астам нысан заңсыз салынған. Бұл туралы қоғамдық кеңес өкілдері хабарлады. «Қызыл сызыққа» тұрғызылған құрылыстарға әлі күнге дейін тексеру жүргізілмеген. Себебі түскен арызды құзырлы орган басшылары тиісті мекемеге жібермей ұстап қалған. «Салдарынан рұқсат алу үшін қазынаға төленетін қаржы қалтаға кетіп жатыр» дейді қоғамдық кеңес өкілдері.

Қаладағы «қызыл сызыққа» түскен нысандардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Барлығы дерлік заңсыз салынған дейді қоғамдық кеңес мүшесі. Айта кетейік, бір ғана ғимараттың құжаттамасына 20-25 млн. теңге жұмсалады екен. Алайда, заңды түрде мемлекет қазынасына құйылатын соманы «аға-көкенің» ықпалымен айналып өтіп жатқан пысықайлар көбейген дейді.

Нұрғазы Бұқарбаев, Қоғамдық кеңес мүшесі: «Таза қылмыстың ордасы болып тұр сәулет басқармасы, менің ойымша. Жәй айтатын жағдай емес. Жобалық – сметалық құжаттама жасау керек, ол сараптамадан өтуі керек. 20-25 млн. теңге кетіп қалады. Ондай ақша шығарғанша архитектураға барып бір құжатсыз тіркеп «рахмет көке, рахмет Жәкемен» болғанға оңай схема емес пе бұл?»

Ал қаладағы осы мәселені тікелей бақылауы тиіс мекеме басшысының орынбасары қызыл сызықтағы немесе заңсыз ғимараттарды салуға рұқсат етілген құжаттар “бармақ басты, көз қысты” рәсімдеуден өткенін айтады. Ондай құрылыс қала сәулетіне кедергі келтіріп қана қоймай, адамдардың өміріне де қауіпті дейді. Қалалық сәулет құрылыс басқармасындағылар заңсыз нысандарды тексеру туралы жіберген хаттары жауапты органдарға жетпеген. Оған басқарма басшысының тікелей қатысы бар деген болжамын да жасырмады орынбасары.

Нұрлан Архабаев, Қалалық сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары: «Мыңға жуық нысанды бәрін бірден бере алмайсыз. Реттеу мәселесі бойынша хаттар дайындап, ГАСК-ке жіберіліп отырған. Күзге қарай тексерейік десек біздің басқармадан хаттар жіберілмеген. Бөлім басшысынан сұрасам «басшылық істеді, мен басшылыққа бағынуым керек» дегенді айтады».

Қалалық құрылыс бақылау басқармасындағылар “сен тимесең, мен тиме” кейіпте отыр. 2018 жылғы мамыр айындағы құрылыс заңнамасындағы өзгеріс тексеру жүргізуге қолбайлау болып отырғанын алға тартты. Тек аудан басшылары, жеке тұлғалардан және сәулет құрылыс басқарамысынан арыз – шағым түскенде ғана тексере алады. Оның өзінде прокуратураның келісімі арқылы.

Берік Дүйсенов Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда мәжбүрлеп бұзу туралы 29 талап арыз дайындадық. Соның 6 обьектісіне талап арызымыз қанағаттандырылды. 4-еуі бұзылатын болды. Қалғандары сотта қаралып жатыр».

Қалалық құрылыс басқармасына жыл басынан бері 300-ге жуық арыз түскен. Егер нысандардың заңсыз екені анықталатын болса, бірінші кезекте миллион теңгеден астам айыппұл салынады. Ал тиісті басқармалар тексеріс жүргізбейтін болса, өседі деген Шымкент жайылып кетуі әбден мүмкін.

Шыңғыс Аман