Топырақ астында қалып қайтыс болған жұмысшылардың отбасына көмек көрсетіледі

192

«Нұрсәт» шағынауданындағы құрылыс жұмыстары кезіндегі қайғылы оқиға кешкі 21:00-ден аса, жұмыс уақыты аяқталар шақта болған. 9 қабатты үй салынатын орынды қазып жатқанда топырақ опырылып, «Югстройсервис» компаниясының жұмысшылары әп – сәтте жер астында қалып қойды.

Марат Сейітжанов, «Югстройсервис » ЖШС-нің өкілі: «Ауа райына байланысты, екінші сменді екі сағатқа созғанбыз. 19-20:00-ге дейін. Сол екі ортада қайғылы оқиға орын алды»

Топырақ астында қалғандарды құтқару үшін қазу жұмыстары 5 сағатқа жалғасқан.
Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдай департамент бастығының орынбасары: «Шұңқырдың тереңдігі шамамен 20-25 метр. Үйінді астында үш адам мен техникалар қалған. Құтқарушылардың жедел жұмысы арқасында 1993 жылғы жұмысшыны аман алып қалдық, ал екеуін өкінішке орай құтқара алмадық »

Қос жұмысшының өмірін жалмаған құрылыста қазір барлық жұмыстар тоқтатылды. Ал, үйінді астында аман қалған 1993 жылғы жұмысшы қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Жағдайы орташа ауыр.

Өндірістегі қайғылы оқиғаға қатысты тексеру басталды. Оның алғашқы жорамалы да айтылды.

Еңбек инспекциясы тексеру толық аяқталмай апаттың нақты бір себебін айта алмаймыз деп бір-ақ кесті. Ал, құрылыс басқармасындағылар қайғылы оқиғаға қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін деген түспалын айтты. Ал мердігер мекеменің өкілі қайтыс болғандарың отбасына жан-жақты көмек көрсетеміз деп сендірді.

Ғалымжан Кенжебек