Қан айналымының бұзылуы иммунитетті төмендетеді. Нәтижесінде, түрлі аурулар бас көтереді. Қан қысымының көтерілуі, бас ауруы, жүрек қан тамыр аурулары, остеохандроз, артроз аурулары соның бір парасы. Аталған аурулардан айығуға уқалаудың пайдасы зор. Әсіресе, күн суытып, дене қозғалысы төмендеген кезде массажға жазылған дұрыс.

МАССАЖДЫҢ ТҮРЛЕРІ

Массаждың емдік қасиеті көне Грек және Рим мифологияларында кездеседі. Ал бүгінде уқалау тәсілдері жайлы ғылыми тұжырымдамалар да бар. Онда ағзаны комплексті қалыпқа келтіру, профилактика және ауруды емдеудың қыр-сыры баяндалады.
Уқалаудың қыр-сырын меңгеріп, бірнеше жылдан бері қаладағы жеке емханаларда массажист болып жүрген Бауыржан Құдайбергеновтың айтуынша, адам ағзасын және тері тіндерін механикалық жолмен, яғни сипалау, уқалау, илеу, ұрғылау, сілкілеу не нүктелік терапия арқылы емдеуге болады. Бұл массаждың жасалу әдістері екен. Оның түрлері: Батыстың классикалық, Шығыстың нүктелік, Тайлық, спорттық, босаңсытатын, емдік, медициналық, бал массажы болып бөлінеді.


– Массаж остеохандроз, скалиоз, протрузия, омыртқааралық жарық, қан қысымының көтерілуі не төмендеуі, жүрек қан тамырларының айналымының нашарлауы, бас ауруы сынды аурулардың алдын алады. Бұл дерттің барлығы да имунитеттің төмендеуінен пайда болады. Имунитет төмендесе, үлкен және кіші қан айналымы бұзылады. Салдарынан аталмыш аурулар бас көтеріп, мазамызды қашырады. Сондықтан да, ересек жандарға 3 айда 1 курс (10 күн) уқалауға жызылу керек. Осылайша сіз ағзаңызды дендеп алған ауруларды емдеп қана қоймай, жалпы аурулардың алдын аласыз. Сонымен қатар массаж барысында жүйке жүйеңізді тыныштандырып, демаласыз,- дейді Бауыржан Құдайбергенов.

УҚАЛАУДЫҢ ӨЗ ТЕХНИКАСЫ БАР

Уқалаушы массаждың жүйке жүйесіне пайдасын ғалымдардың жүргізген сынақ нәтижесі дәлелдегенін айтады.
– Массаждың пайдасын зерттеп жүрген ғалымдар жүйке жүйесі шаршаған жастарды сынақтан өткізген. Екі аптаға созылған зерттеу барысында жастардың арқасына массаж жасалады. Тәжірибенің соңында жастардың психикалық жағдайы бір қалыпты болған. Қоршаған ортаны қабылдау қабілеті жақсарып, ашушаңдық, әсерленгіштік қасиеті бір қалыпқа түскен. Массаждың пайдасын дәлелдеу мақсатында жасалған мұндай тәжірибелер өте көп. Және оның барлығының соңы уқалаудың тек пайдалы тұстары барын дәлелдеген,- дейді уқалаушы.

Дегенмен, массажды арнайы біліктілігі бар, оқыған маман жасауы шарт. Себебі, бет-алды уқалау оң нәтиже бермесі анық. Өйткені, тек маман ғана қай жерде қандай нүктенің барын оның қандай қызметі мен ерекшелігі барын біледі. Және соны уқалау арқылы ауруды алдын алада немесе емдейді.

КІМДЕРГЕ МАССАЖ ЖАСАТУҒА БОЛМАЙДЫ

– Жалпы, ауырмаймын десеңіз демалдыратын массаждан гөрі Батыстың классикалық және Қытайдың нүктелі массажын қосып алуға кеңес етемін. Осы екі массаждың емдік қасиеті бар. Екеуін қоса алсаңыз денсаулығыңыздың нығая түсетініне 100 пайыз кепілдік беремін. Дегенмен қазір спорттық та, балдық массаж да сұрыныста. Әсіресе, сымбатын, дене бітімін ретке келтірем дейтін қыз-келіншектер уқалаудың осы түрлеріне жазылады. Алайда маман ретінде, массаждың тек демалдыратын қасиетіне емес, емдік қасиетіне баса мән беруді ұсынам. Және қимыл-қозғалысы аз, үнемі отырып не көп тұрып жұмыс істейтін жандарға массаж қабылдауға кеңес етемін. Массажды басқа, мойынға, арқаға, белге, қол-аяққа, алақан-табанға, бетке де жасауға болады. Бастысы кәсіби маманның жасағаны абзал,- дейді ол.

Ескеретін жайт, массажды қабылдауға болмайтын санаттары да бар. Оларға:
– өткір безгек ауруы;
– өткір қабыну процесы;
– қан аурулары;
– психикалық аурулар;
– туберкулездың ашық түрі;
– іріңді аурулар;
– өкпе, жүрек, бүйрек жетіспеушілігі ауруларының қозған шағында массаж қабылдауға тыйым салынады.
Жоғарыда аталған массаж түрлері 10 жастан асқан балаларға жасалуға рұқсат етілген.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №46, 13 қараша 2019 ж