«Қырсық мінезімнің кесірінен күйеуім көз жұмды»

643

Жаман мінезіңіздің кесірінен тағдырдан таяқ жеген тұстарыңыз болды ма? Сол мінезіңіздің себебінен жолыңыз болмаған кездер ше? Кейіпкеріміз Айгүл ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын, ешкімді тыңдамайтын жаман мінезі сәттіліктің ауылын алыстатып, бар жақсылықты бездіргенін айтады. Жасы – 42-де. Әлі күнге жалғыз тұрады. Хикаясын алып-қосар жоқ, қаз-қалпында жариялап отырмыз.

– Сәлеметсіздер ме? Осы жасыма дейін бір емес, екі рет тұрмыста болдым. Қиын мінезімнің кесірінен екі ретте де жарасымды отбасы бола алмадық. Біреуі тіпті менің кесірімнен қаза болды. Әңгімемді әріден бастасам…

Мен бақытты отбасында өмір сүрдім. Әкем ұзақ жылдар бойына мұғалім болды. Ал анам – үй шаруасындағы әйел. Отбасымызда 9 баламыз. Мен бесінші баламын. Өзімнен үлкен 2 ағам мен 2 әпкем бар. Ешкімнен кем болмай есейдік. Жағдайымыз керемет болмаса да, ешкімге алақан жайған жоқпыз. Көпбалалы отбасында өскендіктен болар, ортадағы бірнешеуіміздің бар-жоғымыз белгісіз еді. Менің алдымдағы ағам екеуміз ешқашан жаңа киім алып көрген емеспіз. Тек үлкендердің ескісін киетінбіз. Ал үйдің кішкентайлары бізден қалғанды киетін еді. Ол кез сондай заман болды ғой. Тек киім ғана емес, ата-ана махаббатын да көрмейтінбіз. Олардың көзіне тек үйдің тұңғышы және кенжесі ғана көрінетін.
Сондықтан ба, білмеймін әйтеуір басқаларымен салыстырғанда мен үнемі өмірге өкпелі едім. Неге екенін қайдам маған мені жақсы көру сезімі жетіспейтін. Мұндай сезім ата-анам тарпынан да, аға-әпкелерімнің тарапынан да байқалмайтын еді. Ашушаң болдым. Өзімнен кейінгі інілірім мен сіңлілерімді ұрсып, ұрып, жылатып қоя беретінмін. Анамның: «Осы мінезіңмен ешқайда сыймайсың» деген сөзін өте жиі естіп өстім.
Менен басқалары өмірге өкпесін мен сияқты басқалардан алмайтын. Қазір ойласам, тағдырларына көндіккен сияқты. Сол замандағы ата-аналар да тым балажан емес еді. Қазіргі жастар ғой, балаларына өте үлкен мейіріммен қарайды. Күз келіп, мектепке баратын кезде алдымдағы екі әпкемнің ескі сөмкесін ұстап, ескі киімін киетінмін. Тек біздің отбасы ғана емес, көп отбасы сондай еді. Бірақ бұл маған ұнамайтын.
5-сыныпқа дейін бір рет те жаңа аяқ киім кимедім. 6-сыныпқа барарда ғана әкем жаңа аяқ киім алып берген. Сол кездегі қуанышымды айтып, жеткізе алмаймын. Әлі есімде «аялап, тозып қалмасыншы» деп сол аяқ киімді 2 жыл кидім. Содан кейін аяғым өсіп, сыймай қалып, сіңліме беруіме тура келді. Әйтпесе тағы бір жылдай киюме болатын еді.
Ата-анамызда бізді еміреніп, құшақтап сүю деген де жоқ. Әсіресе қыздарға ерекше көңіл бөлген кезі жоқ. Тек үш ұлына ғана көбірек көңіл бөлетін. Сол кездері бәрін жоғары оқу орнында оқыту қиын, әрине.
Біздің үйдегі 9 баладан ең үлкен ағамыз бен ортаншы інім және ең кіші сіңлім үшеуі ғана университетте оқыды. Қалғанымыз мектептен кейін өз бетімізше жұмыс істеп, өз күнімізді өзіміз көруді үйрендік.
Мен базарға шығып, саудамен айналысқым келді. Сауданың да сәтті бола қоюы қиын. Біраз уақыт базарда жүрдім де кейін киім тігумен айналыстым. Себебі, тігін тігу қолымнан келетін еді.
Алдымдағы екі ағам үйленіп, екі әпкем де тұрмысқа шықты. Менен кейінгі екі сіңлім де тұрмыс құрды. Ал мен 27 жасыма дейін тұрмыс құрмай, жүріп қалдым.
Әкемнің әріптесі мені өзінің інісімен таныстырғысы келіп, соны үнемі айтып жүрді. Мен де «таныссам, танысайын» деп келістім. Содан інісімен кездестім. Бір үйдің жалғыз баласы екен. Маған ерекше көңіл бөлетін. Бірге киноға баратынбыз, көп қыдырдық. Біреудің өзіме деген ыстық ықыласын көрмеген мен ол адамды жақсы көріп қалдым. Көп ойланбастан, шаңырақ көтеруді ұйғардық.
Ата-анамыздың разылығымен отбасын құрдық. Бастапқы 1-2 ай ертегідегідей өтті. Өте бақытты едім. Әдетте көп келін енесімен тіл табыса алмайды ғой. Мен қайынатаммен келісе алмадым.
Қайынатам пісірген тамағымды жақтырмайтын, менің ісімі үнемі көңілі толмай отыратын. Енем емес, керісінше қайынатам қазан-ошаққа араласып, мазамды қашырды. Бір күні дастархан басында күйеуімнің көзінше атама сөз қайтардым. Үндемей-ақ қоюыма болар еді. Бірақ ашушаң мінезімді тізгіндей алмай қалдым. Содан бастап күйеуіммен ара қатынасым бұзылды. Ол «әкемді құрметтемедің» деп үнемі ренішін айтып жүрді. Менен «кешірім сұра» десе де сұрамайтын едім. Қырсық мінезімнен күйеуім ішімдікке салынды.
Үйдегі ене мен келіннің емес, ата мен келіннің бітпейтін ұрысынан шаршап, үйге келмейтін, қонбайтын болды.
Енем: «атаңның мінезін көңіліңе алма, о кісіні осыған дейін «тек сіздікі дұрыс» деп, қана жеңіп келемін, сен де сөйт» десе де құлақ аспадым. Отбасымыздан береке қашты. Күнде ұрыс, күнде жанжал. Бір күні күйеуім қайтыс болды. Үйге келмей, ішіп жүрген кезінде мас болып, суға ағып кетіпті.
Күйеуім қайтыс болған соң, мен де ол үйден кеттім. Аяғым ауыр еді. Бір үйдің жалғыз баласы болғаны себепті де «артында ұрпақ қалмасын» деп қырсығып, баламызды алдырттым.
Мұның зардабын да кейін өзім көретінімді қайдан білейін. Сол кездегі бар ойым – қайынатамды жазалау еді. Мені ата-енем жерден алып, жерге салып қарғады. Тек олар ғана емес, бүкіл әулет қарғады.
Әке-шешемнің үйіне бармадым. Анамның: «осы мінезіңмен ешқайда сыймайсың» дедім ғой» деген сөзін естігім келмеді. Өз бетімше жұмыс істедім. Біраз уақыт тұрмыс құрмайтыным анық еді. «Тұрмыс құрсам да әке-шешесімен тұрмайтын адам керек» деп ойладым. Бірнеше жұмыс ауыстырдым.
Көбінесе әріптестермен немесе басшылықпен келіспей қала беретінмін. Ақыр аяғында, қырсық мінезімнің кесірінен қаншама мүмкіндіктен айырылғанымды ойлап, «адамдармен көп сөйлеспей, тек жұмысымды ғана істеймін» деп шештім.
Арада бес жылдай уақыт өтті. Бір тігін фабрикасында жұмыс істеп жүрген кезім. Сол фабрикада 40 жастағы ер кісімен таныстым. Үйленбей жүріп қалған екен. Басшылық қызметте істейді.
Аз уақыт кездесіп жүріп, үйлендік. 2 жыл бірге тұрдық. Қалағанымдай, ол әке-шешесінен бөлек тұратын. Тұрмыс жағдайы да жақсы еді. Оған құрметпен қарадым. Екі жыл отастық. Мен бала көтере алмадым. Дәрігерге қаралғанымда ешқашан бала көтермейтінімді айтты.
Сонда барып, бірінші күйеуімнің отбасынан естіген қарғысым есіме түсті. Күйеуімнің туыстары оған бала көтере алмайтын әйелмен уақыт өткізбеуді айтты. Біз ажырастық. «Ажыраспаймын» деп те тырыспадым.
Содан бері жалғызбын. Қазір ақшам да, баспанам да бар. Бірақ, жалғызбын. Бауырларымның балаларына қарасамын. Әкеміз қайтыс болған. Анамды көрген сайын, маған: «өзіңе өзің жасадың ғой, қызым» деген сөзді айта береді. Содан анама көп бармаймын. Қазір қартайған.
Менен басқа бауырларымның бәрі де, Құдайға шүкір, отбасылы. Бақытты өмір сүріп жатыр.
Қазір ақыл тоқтатып, ойымның кемелденген шағымда өткен өмірімдегі сәтсіздіктердің барлығы қиын да қырсық мінезімнен болғанын түсінемін. Сол кездері ақыл айтқан адамдарды тыңдамадым.
«Осылар не айтып жатыр, мүмкін дұрыс шығар» деп құлақ аспадым. Ақымақ мінезімнің кесірінен біреудің жалғыз ұлының өліміне себепкер болдым. Өзімді бала сүйіп, ана атану мүмкіндігімнен айырдым.
Мұндай мінезім бала күнімде жаныма жақын адамдардың махаббаты жетіспеуінен қалыптасты ма екен? Әлде тағдыр ма, білмеймін.
Бар білерім – кішіпейілдік көп кедергіні жеңуге көмектеседі екен.

Ұлық болсаң, кішік бол!

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №49, 4 желтоқсан 2019 ж