16-17 желтоқсан ҚР Тәуелсіздік күні мерекесінде Шымкент мұнай өңдеу зауыты – «ПетроҚазақстанОйлПродактс» серіктестігінің басшылығы өндіріс аумағына жақын орналасқан елдімекендегі ақсақалдар мен қоғам белсенділерімен кездесу ұйымдастырды.

Шара барысында тұрғындар кәсіпорында жаңа өнім алу бағытында атқарған жаңғырту жұмыстарымен танысты. Қоршаған ортаны қорғауда экологиялық талаптардың орындалуы, жаңа технологиялар, қауіпсіздік шараларының сақталуы ауыл қарияларының назарында.
Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылды және 2018 жылы мұнай-газ саласындағы және Қазақстандағы маңызды оқиғалардың бірі болды.
Ауқымды жоба «ҚазМұнайГаз-ӨМ» АҚ мен CNPC E&D компанияларынан алынған тең қарыз есебінен қаржыландырылды, сондай-ақ «Қазақстан даму банкі» АҚ-нан да қарыз алынды. Жобаны іске асыру үшін 1,8 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды.


Қазақстанда өндірілетін мұнай өнімдерінің жалпы көлемінің шамамен 30%-ын зауыт шығаратынын ескерсек, жаңғырту жобасы бойынша жүргізілетін барлық жұмыстарды негізгі өндірісті тоқтатпай жүргізу басты шарттардың бірі болды. Кәсіби мамандардан құралған команда Жобаны белгіленген мерзімде табысты орындап шықты.
Еске сала кетсек, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және реконструкциялау жобасы екі кезеңде жүргізілді. Әлем бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда мол тәжірибесі бар CNPC корпорациясының бөлімшесі – СРЕСС мұнай инженерлік-құрылыс компаниясы Жобаның бас мердігері болды.
Жобаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін – жеңіл нафтаны изомерлеу қондырғысы, жылына 4,0 мың тонна күкірт өндіру қондырғысы, реконструкциядан өткізілген дизель отынын гидротазалау қондырғысы, автоматты нүктелік құю қондырғысы пайдалануға берілді.


Жобаның екінші кезеңі бойынша – каталитикалық крекинг кешені; каталитикалық крекинг бензинін гидротазалау қондырғысы; қанықпаған көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру қондырғысы; сілтіні тазалау қондырғысы; қаныққан көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру қондырғысы; күкірт өндіру қондырғысы; С3/С4 фракцияларын бөлу қондырғысы; аминді регенерациялау қондырғысы; қышқыл ағызынды суларды буландыру қондырғысы; қысқа циклді адсорбциялау қондырғысы қолданысқа енгізілді. Сондай-ақ, қуаты жылына 6,0 млн тонналық ЛК-6У кешенінің АТ қондырғысы реконструкциядан өткізілді.
Осылайша, Жоба іске асырылғаннан кейін шығарылатын өнімнің көлемі мен ассортименті көбейді.
Зауыттың тазалау құрылғыларын жаңғырту жұмыстары аяқталды. «Жабық» орындалған және «жер үсті» типті жабдықтарды пайдалану атмосфералық ауаға және топырақ қабатына эмиссиялардың (зиянды заттардың) тасталуын болдырмайды және жылына 1,5 млн м3-ге дейін таза суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Атмосфераға шығарылатын көмірсутектер мен басқа да ластағыш заттардың шығарындыларын 90%-ға дейін азайтуға, ал қаныққан және қанықпаған көмірсутектердің шығарындыларын 21%-ға дейін азайтуға қол жеткізілді. Сондай-ақ, ҚР Экологиялық кодексінің 288-бабына сәйкес және «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауды, сақтауды, жоюды және шығаруды ұйымдастыру ережелеріне» сәйкес кәсіпорында пайдаланылған ток көздерін жинау үшін контейнерлер және макулатураны жинау үшін пластикалық жәшіктер қойылды. Қайта өңдеу және кәдеге жарату (жою) үшін 1000 тонна мұнай шламы шығарылды. Кәсіпорын аумағын көгалдандыру және абаттандыру аясында кәсіпорын аумағына түрлі ағаштардың көшеттері отырғызылды. Жалпы ауданы 350 кв. м. болатын күн көзінен қуат алатын батареялар мен 10 жел генераторы орнатылды. Сондай-ақ кәсіпорында экологиялық көлік түрі болып саналатын велосипедтермен және электромобильдермен жүру үшін жағдай жасалды.
Кәсіпорын жұмыскерлеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауда жоғары көрсеткіштері үшін «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС «Дүние жүзілік еңбекті қорғау күніне» орай ұйымдастырылған «Үздік қауіпсіз кәсіпорын» байқауында арнайы дипломмен және жеңімпаз кубогімен марапатталды. Өндірістік қызметтегі жетістіктері үшін және Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және реконструкциялау жобасын іске асыруға қосқан үлестері үшін «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-ның басшылығы мен жұмыскерлері мемлекеттік наградалармен, медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.
Бүгінгі таңда «ПКОП» ЖШС-да озық жаңа технологиялар, цифрландыру, өндірістік процестерді жетілдіру салаларында халықаралық тәжірибе кеңінен қолданылуда, бұған Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің ұлттық операторлары деңгейіндегі тиімді және жемісті ынтымақтастықтың арқасында қол жеткізілді десек қателеспейміз.
Сондай-ақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығында «ПетроҚазақстанОйлПродактс» серіктестігі ұжымы зауыт төңірегіндегі Жұлдыз, Жалын, Қарабастау елдімекендерінде тұратын аз қамтылған 25 отбасына қолдау көрсетіп, азық-түлік жиынтығын табыстады.
«Күнделікті тұтынатын ұн, өсімдік майы, күріш, қант артықтық етпес, қаморлықтарың үшін алғысымыз шексіз»,- дейді Қарабастау аулының тұрғындары.Бұл қайырымдылық акциясынан бөлек, «ПетроҚазақстанОйлПродактс» серіктестігі Жұлдыз тұрғын алабындағы мектептерге он жылдан бері әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Осындағы екі мектепке 12 млн теңгенің оқу техникалық құралдарын алып берсе, әлеуметтік аз қамтылған және толық емес отбасыларынан шыққан балаларға мектеп формаларын тарту етті.
– ҰОС және еңбек ардагерлеріне қолдау көрсету, Қарабастау ауылында ҰОС майдангерлеріне арналған ескерткішті қалпына келтіруге 4 млн теңгеден астам қаржы жұмсалып, мұқтаж және мүгедек жандарға 3,5 млн теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді. Жалпы зауыт 21 млн теңгеден астам қаржылай қолдау білдірді,-дейді «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС өкілі Гүлназ Әшірбаева.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының өкілдері өндіріске жақын орналасқан елдімекендегі ауыл ақсақалдарымен үнемі кездесіп тұрады. Мақсат — тұрғылықты халықты толғандырған мәселелерді дер кезінде шешіп, қажет болса қолдау көрсету екен. Бұл жолы кездесу барысында ауыл белсенділері мүмкіндік болса, қарияларымызға денсаулығын сауықтыруға санаторияларға жолдамалар бөлінсе деген өтініштерін жеткізді. Барлық ұсыныстар кәсіпорын басшылығымен қарастырылады.

Шынар ОРАЗОВА

«Оңтүстік Рабат», №51, 18 желтоқсан 2019 ж