Шымкентте мектеп оқушылары сотталды

248

Миллионды қаладағы бұл оқиғаға қатысты үкімді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кесті.

Қарулы қақтығыс 9-қыркүйек күні орын алған. Күндізгі 14-00-дер шамасында №38 бен №46 мектептің қос шәкірті тағы бір досын ертіп №65 мектеп-гимназиясының оқушыларымен жаппай төбелескен. Куәгерлердің айтуынша, жанжал кезінде оқушылардың қолында тас қана емес, пышақ пен тапанша да болған. Жеткіншектердің пышақтасқанын да көргендер бар. Және бір емес, бірнеше рет оқ атқанын да естіген.

Осыдан кейін 17 оқушы ұсталып, оның екеуі қамауға алынған еді. Күдіктілерден пышақ, шолақ мылтық және травматикалық тапанша тәркіленген болатын. Төбелес кезінде 16 жасар жасөспірімнің дене жарақатын алғаны да айтылды.

Енді бұл іс бойынша Үкім №65 мектептің акт залында, оқушылардың көз алдында оқылды. Сотталушының орнында №46 және №38 мектеп мектептің 2 оқушысы және тағы бір жасөспірім. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы 3 күдіктіні де кінәлі деп тапты. Үкім шығарарда олардың бұрын сотты болмағаны, өздерінің кінәсін толық мойындағаны және кәмелетке толмағандары ескерілді.

Дәурен Сайханов, Шымкент қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Б.Жанимановқа қатысты жеңілдетілген мән-жайларды ескере отырып, ҚР ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ал, Б.Алдабергенов пен Е.Тоқтасынға ҚР ҚК-ның 287-бабының 4-бөлігінде тек қана бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғандықтан, жеңілдетілген мән-жайларды ескере отырып, 3 жыл бас бостандығынан айырып, ҚР ҚК-ның 63-бабын қолданып, шартты түрде жаза тағайындалып, 1 жыл пробациялық бақылау белгіленді».

Айта кетейік, орын алған қылмыстық оқиға бойынша тек кәмелетке толмаған жасөсіпірім және мектеп оқушылары ғана жазаға тартылған жоқ. Істі сотта қарау барысында анықталған заң бұзушылықтарға байланысты, Шымкент қаласының полиция департаменті бастығының және білім басқармасы басшының атына жекеше қаулы шығарылды.

Мөлдір Бекеева