Құлаған ұшақта жүкті әйелді денесімен жауып қалған 23 жастағы жігіт марапатталды

95
фото фinform.kz

Алматы түбіне құлаған Bek Air ұшағында жүкті әйелді қорғап қалған Темірлан Қадауов марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Алматы полициясы ғимаратында ішкі істер министрінің бұйрығымен 23 жастағы Темірлан Қадауовқа «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалі табыс етілді. Медальді жас батырға қалалық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев тапсырды.

«Жас жігіт төтенше жағдайда батылдық көрсетіп, жанында отырған жүкті әйелді денесімен жауып қалды. Одан бөлек, жарақат алғанына қарамастан ұшақтағы жолаушылардың тез арада ұшақтан шығуына көмектесті. Темірлан Қадауов бұл марапатқа әбден лайық. Бұл, бірінші кезекте, халықтың батырға деген алғысы, ризашылығы деп түсінген жөн», – деп атап өтті полиция. Айта кетейік, 27 желтоқсан күні Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшырады. 12 адам көз жұмды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. Еске салайық, «Bek Air» әуе компаниясының ұшағы құлаған сәтте жолаушылардың бірі жанында отырған жүкті әйелді денесімен жауып, аман алып қалған.