Úı ANONS 4 жүкті әйел рақымшылыққа ілінді

4 жүкті әйел рақымшылыққа ілінді

Шымкент  қаласы мен Түркістан облысында 406 сотталушы рақымшылыққа ілініп, түрмеден босатылды. Ал, 1663 адамның  жазасы қысқарды. Бұл туралы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі мәлімдеді. Оның айтуынша, рақымшылыққа ілінгендер арасында жүкті әйелдер мен кәмелет жасына толмағандар бар. 

28 жастағы Диас рақымшылыққа ілінгендердің бірі. Ол алаяқтық жасап, шартты түрде 3 жылға сотталған. Қазіргі таңда, соттың шешімен жазасын өтеу мерзімі 1 жылға қысқартылды. Бақылауда жүрген бұл жігіт осыдан екі жыл бұрын құмар ойынның жетегінде кетіп, 10 млн. теңге ұтылған. Ол аздай, қала тұрғындарын алдап, ақша алып, тірлігін тындыруға уәде еткен. Алайда, алған қаражатты букмекерлік кеңсеге салып жіберген. Осындай жағымсыз жайттарға тап болған азамат, бүгінде ес жиып, үйленіп үйлі болдым деп отыр.

ДИАС, СОТТАЛУШЫ: «Мен өзім 2024 жылы құмар ойын ойнап бастадым. Содан ұтыла бастадым. Жұрттардан тірлігін істеп берем деп ақша алған болатынмын. Оны қарыз алып, қарызбен жауып жүрдім».

Жауапты мамандардың айтуынша, рақымшылық шарасы әлеуметтік осал топтарға, алғаш рет қылмыс жасаған азаматтарға, сондай-ақ ауыр емес және орташа ауыр қылмыс үшін сотталғандарға қатысты қолданылды. Бұл шешім сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беріп, олардың жаңа өмір бастауына жол ашады.

Ұлан Әбибулла, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД ресми өкілі: «Шымкент қаласы және ТО ҚАЖД қарасты мекемелер және пробация есебінде тұратын сотталған азаматтардың жалпы саны 2 мыңға жуық. 1470 адам пробациялық қызметтен ұсыным білдірілді. Сотқа. 595 адам мекемелерден ұсыным берді. Жалпы толығырақ айта кетсек, пробациядан 1111 адамның жазасы қысқартылды. 363 адамның жазасы аяқталып, рақымшылықпен босатылды. Жалпы саны 21 бала. 4 жүкті әйел. Ал мекемеге келсек, 593 адамның 43 босатылды. Және 500 адамның мерзімі қысқартылды».

Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, рақымшылықты іске асыру барысында барлық істер заң талаптарына сәйкес жеке-жеке қаралған. Ал бостандыққа шыққан азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналастыру және құжаттарын қалпына келтіру бағытында тиісті мекемелер жұмыс жүргізетін болады.

Нұргүл Жолымбетова