Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар түсіндірілді

188

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті денсаулық сақтау саласы өкілдеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылықтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Шараға Департаменттің Алдын алу басқармасының басшысы Н.Қасымбеков, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиев, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері С.Әлімов және денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары қатысты.

Іс-шарада Департаменттің Алдын алу басқармасының басшысы Н.Қасымбеков Мемлекет басшысы қол қойған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылықтарға кеңінен тоқталды. Заңға сәйкес, басшыларға бағынышты қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына жол бермеу міндеті енгізілгені туралы айтылды.

«Бюджет қаражатын тиімді бөлу және үнемдеу мақсатында штат саны мен артық алаңдарды оңтайландыру, сондай-ақ әкімшілік шығындарды қысқарту жолымен мемлекеттік органдарды, медициналық, білім беру мекемелерін трансформациялау жалғасуда. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «OpenSpace» форматына көшуге шақырамыз, аталған салада өз жұмысын жаңа форматта бастағандар да бар» – деді Н.Қасымбеков.

Іс-шара барысында қаланың медициналық мекемелерінің басшыларына мемлекеттік сатып алуды жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу кезінде сыбайлас қарсы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі алдын алу тетіктері түсіндірілді.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу процесіне 18 мыңнан астам тапсырыс беруші мен 80 мыңнан астам өнім беруші тартылғанын атап өту қажет. Мемлекеттік сатып алу көлемінің жыл сайынғы өсу үрдісі байқалады» – деді Н.Қасымбеков.

Сондай-ақ, кездесуде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы талқыланып, қатысушылар жемқорлықтың алдын алуда белсенділік танытуға шақырылды.