10/216 әскери бөлімі

Таңғы сағат 9-дан бастап Ордабасы ауданы, «Бадам» станциясы маңындағы 10/216 әскери бөліміндегі орын алған жағдай бүкіл күштер құрылымын аяғынан тік тұрғызды.

Түскі сағат 13-00-дер шамасында, Әуе қорғаныс күштеріне қарасты әскери бөлім аумағына екі тікұшақ қонды. Оның ішінде нақты кімнің болғаны туралы айта алмаймыз. Бірақ бөлім аумағын тінтіп жүргендерге қарап, күдіктінің ізіне түсу үшін бар шаралардың көріліп жатқанын ғана болжауға болады. Олай дейтініміз, әзірге болған оқиға туралы ешкім сұхбат бермей отыр.
Ал әлеуметтік желілерде әскери бөлімді тастап кеткен кіші сержант Абылай Балғынбай туралы мәліметтер тарала бастады. Ол 1995 жылы туылған. Ордабасы ауданы, Қайнар елдімекенінің тумасы. 2016 жылдан бері ҚР Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 10/216 әскери бөлімде келісім-шартпен қызмет етіп келген. Өткен жылдың қазанында бөлім командирі болса, желтоқсанда кіші-сержант шенін алған екен. Алайда оның жоғалған қаруларға қатысы бар-жоғы туралы нақты ақпарат та айтылмай отыр.Бұл іс бойынша әзірге қорғаныс Министрлігінің сайтындағы құрғақ мәліметтен басқа ешбір ресми хабарлама жарияланған жоқ.

«Құқық қорғау органдары мен әскери полиция күштері әскери қызметші мен жоғалған қаруды іздеу және ұстау бойынша барлық қажетті жедел-іздестіру, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізуде», — делінген хабарламада.Әзірге белгілісі, әскери бөлімдегі қарудың жоғалғанына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, қарудың нақты саны туралы дерек жоқ. Қазір Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан шығар жолдың барлығы қатаң бақылауға алынып, күдікті көліктер мұқият тексеруден өткізіліп жатыр.

 

Мөлдір Бекеева