«Биыл – қарым-қатынас сынаққа түсетін жыл» – нумеролог

781

Адам үшін сенімді және сенімсіз тылсым күштер бар. Солардың бірі өмірімізде расталып жатса, енді бірі керісінше сенімді жоғалтады. Қазақ халқында ырымдар мен сенім-нанымдар көп-ақ. Соның бірі – нумерология. Уикипедиядағы анықтамасына сенсек, ел арасындағы түрлі сандардың және физикалық нысандардың, процестердің және жалпы адамның өмірі мен санасының мистикалық байланысы және олардың бір-біріне көрсететін әсері туралы эзотерикалық сенімдердің жүйесі. Ендеше 2020 жылдың саны және биылдың сәтті түсі қандай? Шымкент қаласының тұрғындары бұған қаншалық сенеді? Нумеролог кеңесіне жүгінетін адамдарды көбіне қандай сауалдар мазалайды? Нумерологияның бақсы-балгерден айырмашылығы қандай? Осы және басқа да сауалдардың жауабын білу үшін нумеролог – Жұлдыз Өмірбаевамен сұхбаттастық.


– Жұлдыз, нумерологияға қалай келдіңіз?
– 30 жастамын. 4 баланың анасымын. Декреттегі әйелмін. Балалармен үйде отырғандықтан бос уақытымды тиімді өткізгім келді. Іздене келе 1 жыл бұрын осы нумерологияға келдім. Толық оқу курсынан өттім. Бір жылдан бері адамдарға кеңес беріп келемін. Менің есептейтін матрицам – «идеал» деп аталады. Яғни идеал адам жасау. Не идеал болу үшін қандай тұстарға мән беру керек. Бұл матрицаны ойлап тапқан – Наталья Сидорова. Бұл Натальяның авторлық есептеуі. Наталья Сидорованың айтуынша, егер адам өзінің әлсіз тұстарын білсе, сонымен жұмыс істесе, және өзінің мықты тұстарын дұрыс пайдалана білсе, онда идеал бола алады.
– 2020 жылдың саны мен осы жылы қандай болатыны жайлы да айтып берсеңіз?
– Нумерология сандарға байланысты болғандықтан, әркімнің саны әртүрлі. Әр адамның туған жылы, туған күн саны әр басқа. Сондықтан да әр адамға әртүрлі әсер береді. Сол үшін нақты жылдың сол адамға әсерін есептеу керек. Ал жалпы 2020 жылдың саны – 4. Бұл 4 саны төзімділікке, шыдамдылыққа және мақсатымызға жету жолында мықты мінез танытуға жауап береді. Сондықтан биыл жеңіл жыл болмайды. Барлық жерде еңбектену керек. Жетістікке жету үшін қайтпайтын қайсар мінез бен сабырлық талап етіледі. Осы тұста оқырмандарға бір кеңес бере кетейін, осы ақпан айының басында ойыңызға келген идеяларды жазып жүрген дұрыс. Себебі сәуір айының соңы мен мамыр айында үлкен табысқа жетелейтін идеялар осы қазір ойыңызға келуі мүмкін.
Осы жылы сәуір, мамыр, қараша айлары табыс әкелетін ай болмақ. Биыл ештеңе оңайлықпен келмейді. Бірақ сонда да 2020 жыл ақшаға толы, байлық жылы болады.

– Биылғы сәтті түстер қандай?
– Биылдың сәтті түстері – ақ, күміс және алтын түстер. Бұл түстер адамдарға сәттілік алып келеді. Негізі биыл қарым-қатынастың сыналатын жылы. Достыққа, махаббатқа адал болу керек. Тағы бір айта кетерлігі, биыл металл жылы. Металлдан жасалған әшекейлер бізге сәттілік әкеледі. Алтын, күміс бұйымдарды тағып жүру арқылы өзімізге сәттілік шақырамыз. Әсіресе, күміс әшекейлер. Өйткені биылғы сәтті түстер қатарында күміс пен алтын түс бар екенін айтып өттім. Кез келген адам өзінің жұлдызнама белгісі арқылы әшекей тақса, сол адамның жолы болады.

– Жыл белгілері арқылы сол адамды не күтіп тұрғанын айту мүмкін бе?
– Жыл белгілеріне келсек, тышқан, сиыр, мешін, ұлу жылы туғандар ерекше жетістікке жетеді. Олардың жолдары болып, барлық мақсатын іске асыра алады. Тауық жылы туғандар жақсы еңбек етіп байлыққа кенеле алатын жыл. Ал жылқы жылы туғандар денсаулығына көп көңіл бөлуі керек. Себебі, денсаулығы әлсіз болады. Қой, доңыз, қоян жылғыларды махаббат пен романтика, жақсы қарым-қатынас күтеді. Жылан жылғылар үшін өте сәтті жыл. Байлық яғни табыстың жақсы түсетін жылы. Биыл әйел адамдар үшін өте көп мүмкіндікке толы, тамаша жыл. Олар өз-өзін дамытып, көбірек жұмыс жасағаны абзал. Ал ер адамдардың қызметте жолы болады. Ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген ер адамдар дұрыс шешім тауып, биікке көтеріледі.

– Шымкент қаласының тұрғындары нумерологтың кеңесін қаншалықты қажет етеді, оларды көбінесе қандай сауалдар мазалайды?
– Шымкентте нумерологтың кеңесіне жүгінетін адам өте аз. Көбіне Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысында нумерология ғылымы жақсы дамыған. Бұл салада адамдарды ең бірінші мазалайтын сауал – ол екі адамның өзара қарым-қатынасы. Қай салада жетістікке жетуі туралы сұрақтар мазалайды.
Отбасындағы ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы ең бірінші орында. Олар өзара қарым-қатынасын түзегісі келеді. Бір-бірін жақсы түсінудің жолдарын сұрайды. Әркімнің өз мінезіне жауап беретін сандарына байланысты ортақ шешімге келуге болады. Мінездерінің ерекшеліктері арқылы дұрыс қарым-қатынас құрып, гармонияда өмір сүруге болады. Ол жеке консультацияда айтылады.
Көбіне адамдар өзінің сүйікті ісімен айналысып, табысқа, сәттілікке жеткісі келеді. Сондықтан осы салада нумеролог кеңесіне жүгінетін адамдар бар. Өйткені, нумерология бойынша сізге сай келетін, табысты болатын, қолыңыздан келетін, саланы табуға болады. Тіпті нумерологияның көмегімен балалардың қандай мамандыққа бейімі бар екенін білесіз. Мысалы мемлекеттік жұмыстарға, әскери, заңгер, полиция қызметкері болу үшін міндеттерін білуі, мінез және еңбекқорлық керек. Осы сандарға қарайтын боламыз. Ал журналист болу үшін фантазияңыздың болуы, мінезділік, тіл байлығыңыз және жауапкершілік болуы маңызды. Міне, әртүрлі мінездің ерекшелігіне жауап беретін сандар арқылы нумерология сізді түрлі мамандықтарға бағыттай алады.

– Жеке адамның туған күн, ай, жылындағы сандар арқылы нені білуге болады?
– Есептеудің ең оңай түрі: ол – тағдыр санын анықтау. Туған күні, айы, жылы – бәрін бір-біріне қосып шығу керек. Ең соңында бір таңбалы сан шыққанға дейін сандарды бір-біріне қосасыз. Мысалы сіздің туған күн, ай, жылыңыз 15.11.1980 болса 1+5+1+1+1+9+8+0=26 2+6=8
Егер осы саныңыз 1,3,5,7,9 шықса онда сізге биыл қиялдап, бос армандап жүрудің қажеті жоқ. Сіз нақты іс-әрекетке көшуіңіз керек. Өз дегеніңізге жету үшін көп еңбектеніңіз. Егер саныңыз 2,4,6,8 шықса, сіз армандаған, жоспарларыңыз биыл жүзеге асады деген сөз. Сәтті кезеңдердің арқасында өз дегеніңізге жеңіл қол жеткізуге болатын жыл.

– Нумерологияның бақсы-балгерліктен айырмашылығы неде?
– Нумерология мен балгерліктің айырмашылығы жер мен көктей. Нумерология нақты сіздің сандарыңызбен жұмыс жасайды. Ол дәлелденген ғылым. Және де бұл жерде ешқандай тылсым күш жоқ.

–Әңгімеңізге рахмет!

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №6, 5 ақпан 2020 ж