Биыл жөнделетін жолдар

284

«Көшемізге асфальт төселмеген. Жаңбыр жауса толарсақтан су кешіп, балшыққа батамыз», «Жолымыз шұрық-тесік. Машинамызды құртатын болды», «Жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ. Балаларымыз үлкен жолда жүруге мәжбүр». Бұл жол азабын тартқан халықтың жанайқайы. Әсіресе қала орталығынан шалғай орналасқан елдімекен мен ауыл тұрғындарының жанына батқан өзекті мәселе. Алайда, жол азабы мегаполис тұрғындарына да тансық емес. Мәселен, миллионнан астам халқы бар Шымшаһардың көшелері жыл сайын жөнделсе де, тақтайдай тегіс жол саусақпен санарлық. Кедір-бұдыр. Ал қиыршық тас төселгені қаншама? Көлік өтсе, шаңы шығатын көшелер де баршылық. Осыдан қалаға қосылған елдімекендердің жай-күйін өзіңіз-ақ шамалай беріңіз. Сонымен, биыл шаһарда неше жол жөнделеді? Қанша жол айырығы салынады? Сиырқұйымшақтанып кеткен сақалды құрылыстардың қаншасы пайдалануға беріледі?

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНА – 18,5 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Қайрат Баймендиевтің айтуынша, Шымкент қаласы аумағындағы жолдардың жалпы ұзындығы – 2977 шақырымды құрайды.
Соның – 1758-іне асфальтбетон жамылғысы төселген (60%), 1107-і шағалтас тасталған, 112 шақырымы топырақ жол екен.

–Жалпы, қала көшелері магистральды және ішкі орамдық көшелер деп бөлінеді. Магистральдық жолға – орталық, ал ішкі орамдарға қалған көшелер жатады. Қаладағы магис-тральды жолдың ұзындығы – 375 шақырым болса, қалғаны ішкі орам көшелері,-деп бастады әңгімесін Қайрат Баймендиев.

Оның айтуынша, биыл жол құрылысына – 18,5 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 190 көше немесе 318 шақырым жол жөнделеді. Оның 200 шақырымы биыл пайдалануға берілсе, қалғаны келер жылға өтпелі.Айта кетейік, былтыр жолға бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлініп, 100 шақырым жол жөндеуден өткен.

ЕЛДІМЕКЕНДЕРДЕГІ 153 КӨШЕ ЖӨНДЕЛЕДІ

Жаңа жолдың салынғаны, ескі жолдың кеңейгені жақсы, әрине. Оған бөлініп отырған қаражатты ескерсек. Дегенмен күрделі жөндеуді айтпағанда, қалада орташа жөндеуді талап ететін көшелер де бар. Биыл қала көшелерін орташа жөндеуден өткізу үшін бюджеттен – 7,6 млрд теңге бөлініпті. Оның – 4,2 млрд теңгесі ішкі орамдағы, қалғаны магистралды көшелерге жұмсалады.

– Ішкі орамдық көшелерді орташа жөндеуден өткізу үшін бөлінген қаржының 1,6 млрд теңгесі қаланың ішкі орам, 2,6 млрд теңгесі шалғай елдімекендердегі ішкі орам көшелерге жұмсалмақ. Қалаға қосылған 40 елдімекенді қоса есептегенде шаһарға қарасты 80 елдімекен бар. Биыл сол елдімекендердегі 153 көше орташа жөндеуден өтеді,-дейді Қайрат Баймендиев.
Орташа жөндеуден өтетін магис-тральды көшелер:
1) Түркістан көшесі (келесі жылға өтпелі);
2) А. Байтұрсынов көшесі (биыл аяқталады);
3) Дорога №1 (келесі жылға өтпелі)
4) Ордабасы алаңы (биыл аяқталады);
5) Сырым батыр көшесі (биыл аяқталады);
6) Ю. Гагарин көшесі (келесі жылға өтпелі);
7) Құрманбеков көшесі (биыл аяқталады);
8) Республика көшесі (келесі жылға өтпелі);
9) Т. Рысқұлов көшесі (келесі жылға өтпелі).

2 ЖОЛ АЙЫРЫҒЫ САЛЫНАДЫ

Жол айырығы – қаланың жол құрылысындағы тың жоба. Естеріңізде болса, көлік кептелісін азайтуға бағытталған идеяны жүзеге асыру 2017 жылы басталды. Яғни, сол жылдың шілдесінде Темірлан тас жолы мен Ахунбабаев көшесі қиылысында қаладағы алғашқы ірі жол айырығының құрылысы басталып еді. Араға бір жыл салып, заманауи жол айырығы пайдалануға берілді.
Айта кетейік, «Бекжан» базары маңындағы өткелдің құрылысы екі кезеңге жоспарланған. Бірінші кезеңіндегі жұмысты мердігерлер толығымен 2018 жылдың қыркүйегінде аяқтаған. Ал екінші кезеңін жүргізу үшін 800 млн теңге қажет еді.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жол айырығының екінші кезеңі басталып та кеткен. Яғни, көпірдің оң жақ өткелдерінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқталмақ.
–Алдағы уақытта Шымкентте дәл осындай 5 жол айырығы салынады. Бүгінгі таңда соның екеуінің жобалық-сметалық құжаты дайын. Қаржысы да бекітілген. Жақын күндері құрылысы да басталады,- дейді Қайрат Шатырбайұлы.

Биыл құрылысы басталатын жол айырықтары:


1) Т. Рысқұлов – Д.Қонаев қиылысы – (7 млрд теңге);


2) Бәйдібек би – Арғынбеков қиылысы – (11 млрд теңге);

Жоспардағы 3 жол айрығы:
1) Сайрам – Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысында (Кабиско маңы);
2) Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысында (Зообақ маңы);
3) Бәйдібек би – Н.Назарбаев – Бәйдібек би – Назарбеков көшелерінің қиылысына да салынады деп күтілуде. Олардың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.

ТАҒЫ НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Адырбекова көшесі «ашылады». Аталған көшенің 3,6 шақырымы аяқсыз қалған болатын. Алайда мамандар биыл қайтсек те көшені ашамыз деп білек сыбанып отыр. Бұл үшін дайындаған арнайы жоспарлары да бар екен.
–Жол құрылысын аяқтау үшін 65 жер телімін мемлекет мұқтаждығына кері қайтару керек еді. Алайда бұл жол құрылысына бөлінген қаржыдан едәуір көп соманы қажет етті. Сондықтан да біз кішігірім қулыққа бардық. Яғни, жобалық-сметаны қайта қарап «жасыл белдеудің» есебінен жолдың траекториясын өзгерттік. Нәтижесінде, 39 жер телімін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар жүргузілуде, – дейді маман Қайрат Баймендиев.

Бұл жұмыстарға былтыр 129 млн теңге бөлініпті. Биыл 400 млн теңге бөлінген. Мамандар жол құрылысы аяқталса бұл көше қырғы базармен тоғысатынын айтады.
А. Байтұрсынов көшесінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары да биыл аяқталады. Аяқ жолдар салынып, веложолдар мен көлік жолына асфальттың екінші қабаты төселіп, аялдамалар қойылады. Айтпақшы, осы көшенің Арғынбековпен қиылысатын бөлігіне (Дендросаябақ) шағалтасты. Бұл бөлігі де биыл жөнделеді екен.
Тассайдағы «Тәукехан» көшесі де биыл 100 пайыз пайдалануға беріледі. Тек осы көше Nursultan Nazarbayev даңғылымен қосатын 300 метр жері ғана белгісіз болып тұр. Бүгінгі таңда осы жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары жүргізілуде. Мәселе, шешімін тапса, тассайлықтар бұл жолда емін-еркін қатынай алады.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының пайдалануға берілетін құрылыстарының қатарында сақалды құрылысқа айналған «Жаңа шаһардағы» жер үсті өткелі де бар. 95 пайызға дайын өткелмен наурыз айынан бастап жүруге болады. Басында «экскалатор қойылады» деп жоспарланған көпірге халық лифт арқылы түсіп-мінетін болады. Экскалаторға қажетті 80 млн теңгені биліктен сұраймыз деген құзырлылар әзірге лифт пен сатыны пайдалануға шақырды.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №7, 12 ақпан 2020 ж