Ескі көлігін электрмобиль еткен

281

Электрмобиль, яғни электр қуатымен жүретін көліктердің барын білеміз, естиміз, Tesla көліктерін кейде-кейде көреміз. Бүгінгі алпауыттар электрмобилдерді шығара да бастады. Әйткенмен, көне көлігінің іштен жанатын қозғалтқышын алып тастап, электрмобилге айналдырғандарды біле бермейміз. Шымкенттік 32 жастағы Ерлан Рахматуллаев іске жарамсыз көне көлігін қайта жөндеп, жанармайды қажет етпейтін, электр қуатымен жүретін көлікке айналдырыпты.

Ерлан соңғы 3-4 жылдан бері электрлі көлік жасағысы келіп, осы ойға бекініп жүріпті. Осы күнге дейін мініп келген ескі Golf көлігі бұзыла беріп, бар тапқан-таянғанын соның жөндеуіне жұмсапты. Ақыры болмаған соң, «Нар тәуекел» деп іске кіріскен.

«Машинам ескі болды. Жыры бітпейтін. Жиі бұзылатын.
Қолда бар ақшам соны жөндетуге кететін. Ең соңында көлік жөндейтіндердің өзі «мына машина енді жүруге мүлдем жарамайды» деген соң, моторын шығарып алдым. Содан 3-4 жыл бері ойда жүрген идеямды жүзеге асыруға кірістім. Үлкен бір істі ойыңа келген сәтте жасай салу мүмкін емес.
Ең алдымен адамға сенімділік қажет. Өзіңе сенімді болмасаң, қандай жоспарың да жүзеге аспайды. Содан 2019 жылы тек шанағы қалған көлігімді қайта құрастыруға бекіндім. Сыртқы қаңқасы ғана қалған машинаны бастан-аяқ өзім құрастырып шықтым. Ұзақ ойланғаныммен көлікті құрастыру 2 айға созылды».

Ерланның айтуынша, электрлі көліктің артықшылығы көп. Ең бастысы артық шығын шықпайды екен.

«Мұндай электрлі көлік тез бұзыла қоймайды. Достарымның, таныстарымның ескі көліктері бар. Жиі бұзылып жатады. Соны жөндетуге шығын кетеді. Артық шығын. Олардың көлігіне жылына орташа есеппен 350-400 мың теңгеге жанармай құяды. Ал менің көлігімді қуаттауға айына 2500-3000 теңге ғана кетеді. Бір жылда 30-40 мың теңге жұмсалады. Қараңыз, кәдімгі жанармаймен жүретін көліктердің жанармай шығынынан 10 есе аз шығын. Аккумуляторды ең тез 20 минутта толтыруға болады. 20 минутта 100% емес, 80%-ға толады. Толық қуаттауға 7 сағат уақыт кетеді. Себебі, қуаттағыш құрылғым шағын. Сол құралға да байланысты. Тағы бір артықшылығы басқа машиналар сияқты моторын қыздырып отырудың қажеті жоқ. Жанармаймен жүретін көліктердің қозғалтқышын бірден 3 не 4-ке қоя алмайсыз. Ал электрлі көлікте бірден 4-5 ке қойып, кете беруге болады».

Көлік 100 пайыз қуатталса, 50 шақырымға жүреді екен.

«Алыс сапарға шығудың да жағдайын ойластырып қойғанмын. Көлігімнің артында, алдында және орындық астындағы аккумуляторлардың барлығын қуаттасақ, онда 500-600 шақырым жүруге болады. Бір қуатталса, 50 км жүретінін ескерсек, күнделікті қала ішінде жүретін адам болса, жетеді деп ойлаймын».

Ерлан техника тілін жақсы білетіні байқалады. Бірақ, оның кәсіби мамандығы техникаға мүлдем қатыссыз екен.

«Менің мамандығым – бұл саладан мүлдем алыс. Кәсіби музыкантпын. 13 жыл музыка саласында білім алдым. Фортепианода ойнаймын. Мамандығым бойынша техника саласына қатысым жоқ. Көлік құрастыруыма техника мамандары көмектеспеді. Көбінен: «Бос қиялға ерме. Мұндай нәрсе болмайды. Ток көзімен жүретін машинаны қайдан шығардың» деген сияқты кері пікірлер көп естідім. Сонда да өз ойымды жүзеге асырғым келді. Музыкант болсам да бала күнімнен техникаға жақынмын. Техниканың тілін түсінем. Үйде бұзылған заттарды өзім жөндейтінмін. Жалпы осы салаға да икемім болды. Машинаны құрастырып, жүре бастаған кезде, бәрі таң қалды. Мүмкін екеніне. Соған разымын. Осы бағытта қолдау көрсеткен Заттыбек ағама көп рахмет Сәбит ағам керемет полики жасап берді. Ғани, Ырысты және Ерсұлтан есімді досттарым машинаны жинау барысында көмек көрсетті. Қарағанды қаласындағы Вадим жаңа бамперлерімен қолдады. Аккумлятор және автокөліктің жүріс бөлігін (ходовая часть) қол ұшын созған Бекжан мен Максмиге алғысым шексіз».

«Электр қуатымен жүретін машинаға көбірек қаржы салған дұрыс» деген өнертапқыш жігіттен өз көлігіне қанша қаржы жұмсалғанын да білдік.

«Ескі көлігімде электрмобилге айналдыруға 600 мың теңге қаржы жұмсадым. Бұл бір жылда жанармай ақысымен-ақ шығатын ақша. Мұндай көліктер әсіресе жас отбасыларға өте пайдалы деп айтар едім. Жас баласы бар адамдарға автобуспен жүруі қиын екені анық. Таксимен жүрсе шығын деген сияқты. Сондай адамдарға өте қолайлы. Түнде қуатын толтырып қойсаңыз, күнделікті баратын жеріңіздің бәріне қуаты жетеді. Дүкенге болсын, балабақшаға, мектепке, жұмысқа барып келуге емін-еркін қуаты жетеді. Ең бастысы сіздің қалтаңыздан артық шығын шықпайды. Көлікті ұялы телефонмен байланыстырып қоюға да болады. Үйде отырып, телефон арқылы машинаны оталдырасыз. Егер машинаға камера қойсаңыз, оған не болып жатқанын үйде телефоннан-ақ қарап қадағалай аласыз. Аккумулятордың қуаттылығын да қанша пайыз қалғанын қанша шақырымға жететінін біліп отырасыз. Бұл бағдарламаны да өзіміз ойлап таптық. Интернет немесе Bluetooth арқылы жүзеге асатын бағдарламаларды да өзіміз шығардық. Негізі мұндай машиналарға бірден көп қаржы салу керек. Бір аккумулятор қуаттасаңыз, 50 км жүруге дейін қауқарлы болады. Ал аккумулятор санын арттырған сайын жүріп өтетін шақырымы да көбейеді».

Әңгімелесу соңында электр қуатымен жүретін машинамен жүргенде тоқ ұру қаупі қаншалықты жоғары екендігін сұрамасқа болмас.

«Қазір менің көлігім 48 вольтпен ғана жүреді. Ал 48 вольт адамды ұрмайды. Негізі 90-100 вольтқа дейін адамды ұрмайды. 90 вольттан асса, кішкене қауіпті шығар. Бірақ адамды ток ұру үшін +/- екеуіне де адам қолы тиюі керек. Ал екеуіне де қол тиіп кету мүмкіндігі жоқ деуге болады. Өйткені екеуі екі жаққа кетеді. Бір-біріне жақын жүрмейді. Сондықтан «қауіпсіз» деп айтар едім. Сөз соңында көлігін электр қуатымен жүретін қылып өзгерткісі келген адамдардың ұсынысына ашық екенімді де айтқым келеді».

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №7,12 ақпан 2020 ж