«Күйеуім ұлымды қабылдамады»

496
divorce concept family separation man woman and children separated by a chasm

Екі оттың ортасында қалып, қандай шешім қабылда-рыңызды білмей, екіұдай күйге түскен кезіңіз болды ма? Егер болса, сол жағдайдың түйінін қалай тарқаттыңыз? Кімдердің көмегіне жүгінесіз? Редакцияға хат жолдаған келесі оқырман жанына маза бермеген жан сырын айтып берді. Ұқсас жағдайға тап болғандардың көмегіне мұқтаж.

Сәлеметсіздер ме? Мен 33 жастамын, 2 баланың анасымын. Басымнан өткен тағдырды баяндау үшін редакция ұжымына хат жолдап отырмын. Жан сырымды сіздерге айтып, психолог кеңесіне жүгінгім келеді.
Әңгімемді әріден бастасам. Студент болып жүргенімде бір жігітпен таныстым. Ешкімге ұқсамайтын еді. Өте сабырлы, ақылды, байсалды адам болды. Ашуланғанын көрген емеспін. Қандай кедергі болмасын тек қана ойланып, ақылмен шешетін. Ашуға бой алдырмайтын.
Өте білімді, кітап көп оқып жан-жақты ізденетін. Жыбырлап жүрген тірі жәндікке зияны жоқ еді. Ал адамдардың бәрін жақсы көретін. Оның соншалықты жақсы болуы бір жағынан қатты қуантса, енді бір жағынан қорқытатын. Кейде Жаратқан менің қандай жақсылығым үшін осындай тамаша адамды жолықтырды деп ойға батып жүретінмін.
Біз қыз-жігіт болып 4 жыл жүрдік. Ол менен 2 жас үлкен болды. Оқуын аяқтай салып, бірден жұмыс тауып кетті. Ата-анасы кішкентайында қайтыс болғандықтан қарындасы екеуі әкесінің інісінің қолында өсті.
Жұмыс істеп жүргенінде үйленгісі келді. Ойлана келе «мен оқу бітіріп, дипломымды қолыма алған соң тойымыз болсын» деп жоспарладық.
Үйдің кенжесімін. Менің де ата-анам кішкентай кезімде қайтыс болған. Біз бір ата-анадан 3 қыз едік. Әжеміздің қолында өстік. Әжеміз бізді ештеңеден кем қылмай өсірді.
Осылайша уақыт зымырап өтіп, менің де жоғары оқу орнын бітіріп қолыма диплом алатын кез келді. Жігітім екеуіміз келіскендей, оқуымды аяқтаған соң үйленетін болдық. Ол қазақтың салт-дәстүрі бойынша туысқандарымен келіп сырға салып, құда түсіп кетті. Біз тойға дайындалып, өте қуанып жүргенде суық хабар алдым. Жігітім жұмысынан қайтып келе жатқанда жол апатына ұшыраған. Жақындарымның маған хабар берген сәтін білемін, содан кейін не болғаны есімде жоқ. Көзімді ауруханада аштым.
Дәрігердің айтуынан жүкті екенімді білдім. 2 ай болыпты. Жігітім, яғни баламның әкесі де сол ауруханаға түскен екен. Бірақ дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Өте көп мөлшерде қан жоғалтқан. Ауруханаға түскенінен кейін 2 сағат болмай көз жұмды.
Осылайша, бір сәбиі болатынын білместен баламның әкесі өмірден озды. Бұл қайғы мені есеңгіретіп кетті. Ұзақ уақыт өзіме келе алмадым. Әжем менің басыма түскен қайғыны көтере алмады. 2 айдан кейін ол да бізді тастап, бақилыққа аттанып кете барды. Шынымды айтсам менің де кеткім келді.
Бұл жағдайдан іштегі сәбиім құтқарды. Үнемі соған мұңымды шағатын едім. 4 ай бойына ешкіммен сөйлеспедім. Жігітімнің туысқандары, қарындасы мені алып кеткісі келсе де бармадым. Барғым келмеді. Қатты қиналдым, жүрегім ауырды, көп жыладым. Тынысым тарылып, тұншыға беретін болдым.
Мына әлем маған түк қызық емес еді. Бұрын Жаратқаннан «қандай жақсылығым үшін осындай адамға жолықтырдың» деп сұрасам, енді «қандай кінәм үшін оны алып кеттің» деп ойланып, санам сан-саққа жүгіретін.
Ақыр соңы айқайлап, жылаумен аяқталушы еді. Сөйтіп жүргенде босанатын уақытым да келіп жетті. Толғағым өте ауыр өтті. Жүктілік кезінде қатты күйзелісте болғандықтан, баламның да денсаулығы жақсы болмай туды. Ұзақ уақыт баламды емдеттім. Екі әпкем үнемі жанымда болды. Баламның еміне керек барлық қаржыны солар тауып берді. Әкесінен аумайтын бір ұлды дүниеге алып келдім.
Әкесі көзі тірісінде айтып жүретін есімді бердім. Балапаным туған соң мен де өмірге қайта келгендей болдым. Оның денсаулығын ойлап, әрбір қылығына қызыға қарап жүрдім. 2 жыл бойы баламызды емдетіп, денсаулығы жақсарды.
Содан кейін жұмысқа тұрдым. Жарығым үшін қайтадан өмірге құлшынысымды ояттым. Өйткені оның болашағы мен үшін маңызды еді.
Балам 6 жақса келгенше ешкімге мойын бұрып қарамадым. 3 жыл бұрын бір жігітпен таныстым. Үйленбеген жап-жақсы адам. Ол да менің өмірімдегі басқа жігіттерге ұқсамады. Ойы арам емес еді. Саудагер жігіт. Танысып-білісіп біраз уақыт араластық. Уақыт оның жақсы адам екенін көрсетті. Бір ғана кемшілігі – баламды жақын қабылдамады. Мұны маған білдіргісі келмесе де сезіліп тұратын. Маған тек осы жағдай кедергі болды.
Әпкелерім: «Өмір бойы жалғыз өтпейсің ғой. Балаңа біз-ақ қараймыз. Жақсы адам болса етегінен ұстап қал» деген соң ойландым. Бірақ ұлымды ешкімнің қолына қалдырғым келмеді. Бұл оның әкесінің әруағын құрметтегінім болар еді. Оның әкесі – менің жүрегімнің бір түбінде мәңгіге орналасқан адам. Сондықтан жігітке «егер қабылдасаң, баламмен бірге қабылда, болмаса жолың ашық кете бер» дедім. Біраз уақыттан кейін келіп: «баламмен бірге қабылдайтынын, ұлымды өз баласындай көруге тырысатынын айтты. Мен де келісім бердім. Ішімде бір қорқыныш болса да ол адамға сендім.
Алайда бәрі ойлағандай болмады. Ұлым әкесіне тартқан ешкімге зияны жоқ бала. Өте сабырлы, ақылды. Мені ренжітпеуге тырысып тұрады. Кішкентай болса да бәрін түсініп, біліп тұратын сияқты сезілетін. Осындай баланың өзінен мін тауып алуды шығарды. Уайымдай бастадым. Өйткені аяғым ауыр еді. Ертең өз баласы болса, ұлыма мүлдем дұрыс қарамай қоя ма, деген қорқыныш бойымды билеп алды.
Күйеуімнің маған деген ықыласы ерекше. Сыйлап, құрметтеп тұрады. Біздің келіспеушілігіміз тек ұлым үшін болатын. Қазір екінші ұлымды да дүниеге алып келдім. Күйеуімнің мінезі тіптен қатты өзгерді. Өз баласына жанын беруге дайын. Бірақ менің баламды әлі күнге қабылдай алмады.
Ол адамнан ажырасуды ойлап жүрмін. Өйткені, балаларым бір-біріне дұшпан болып өскенін қаламаймын. Егер ол адаммен бірге тұра берсем, солай болатын сияқты. Екеуі бір жатырды жарып шыққандықтан, бауыр-мал болып өскендерін қалаймын. Екінші баламның әкесіз өскенін де қаламаймын. Бірақ мен үшін ең маңыздысы балаларымның татулығы, олардың бауырмал болуы. Сондықтан ажырасуды ойланып жүрмін. Мен әрекет жасамады, емес жасадым. Күйеуіммен отырып, ашық сөйлестім де.
Алайда тұңғышымды не үшін ұнатпайтын нақты себеп айта алмайды. Балама ұрыспайды, не қол жұмсамйды. Бірақ көзқарасының өзі – оны ұнатпайтынының дәлелі. Сол үшін де үнемі сөзге келіп қаламыз. Балам да оны көрсе үндемей, бойын көңілсіздік билейді.
Бұл жағдай менің жүрегімді ауыртады. Екі ұлымның алдында аналық борышым бірдей. Екеуін бір-бірінен айырмаймын. Ал үлкенім інісі десе шығар жаны басқа. Ішкен асын жерге қояды.
Күйеуімнің себебінен інісін жек көріп кете ме, деп қорқамын. Олардың бір-біріне деген ағалы-інілі махаббатын сақтап қала алатын кезімде күйеуімнен ажырасып, жолымды екіге айырғаным дұрыс сияқты. Туысқандарым да достарым да соңғы шешімді маған қалдырды.
Енді білейін дегенім, менің бұл шешімім қаншалықты дұрыс, мен қай тұста қателестім? Осы сауалдарға жауап алғым келеді.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №7, 12 ақпан 2020 ж