Түрмедегі бұрынғы мектеп директорының сұхбаты…

495

Шымкентте мемлекеттік қызметкерлердің тағы бір легі түрмеге барды. Бұл жолы олар темір тордағы тыныс-тіршілікпен танысып қана қойған жоқ. Жемқорлық бабы бойынша сотталып, тіпті сонда жазасын өтеп жатқан қылмыскермен де сөйлесуге мүмкіндік алды.

Бұл жолы ИЧ-167/11 мекемесіне қаладағы бірнеше басқарманың 100-ге жуық қызметкері келген. Алдымен, жемқорлықтың немен аяқталарын және түрмедегі өмір туралы бұрынғы әріптесінің аузынан есітті. 2 жыл бұрын мектеп директоры қызметін атқарған 42 жастағы азамат жемқорлық бабымен сотталған. Сот үкімімен 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған. 4 айдан бері тергеу изоляторында. Жазасын өтеп жатқан ол темір қапасқа қамалуының тарихын айтып берді.

«Мектеп директоры болып қызмет етіп жүргенімде маған бір кісі келіп, жұмысқа алуымды өтінді. Тіпті сыйақысын дайындап әкелгенін жеткізді. Өзім оны бірінші рет көріп тұрсамда, сеніп қалдым. Сөйтіп, қолыма 300 мың теңгесін ұстатты.  Артынан мені ұстады. Жағдай соншалықты ушығып кетеді деп ойламадым. Сот маған үкім кесті, еселенген айыппұлды төлеуге 1 ай уақыт мерзім берді. Бірақ мен төлей алмадым, ақша таппай қойдым. Сосын түрмеге қамалдым», – дейді жазасын өтеуші.

Жемқорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылатын түрмеден түңілдіру шарасына жер қатынастары басқармасының мамандары да келген. Дәл осы сала Шымкентте парақорлықтан полициядан кейінгі екінші орында екен. Темір тор мен тар қапасты көзімен көргеннен соң. олардың тіпті сөйлеуге мұршасы келмей қалды.

ИЧ-167/11 тергеу мекемесінде бүгінде 500-ден астам адам жатыр. Оның 30-ы — әйел болса, 4-уі — кәмелетке толмаған. Пара беру мен параны алу бабы бойынша мұнда қазір қамауда отырған 20 адамның 15-і – құқық қоргау органдарының өкілі. Сондай-ақ, жемқорлыққа қатысты тергеудегілерден бөлек, сотталған 6 адам осы абақтыда жазасын өтеп жатыр екен.Бақыт Булгаков, ИЧ 167/11 тергеу мекемесі бастығының орынбасары: «Аула тазалаушы, асхана және тігінде жұмыс істейді. Одан кейін дәнекерлеушілік, электрик сияқты жұмыстар қарастырылған. Айлық жалақысы – 57 мың теңгеден жоғары. Айлық еңбекақысын өздерінің жақындары, туыстарына жібереді. Және келтірілген залал-шығын дейміз ғой, соның бір бөлігін жауып тұрады».Айта кетейік, Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің осы бірлескен жобасы басталған 2 айдың ішінде тергеу мекемесіне 700-ден астам мемлекеттік қызметкер келіп, абақтының арғы жағындағы өмірді көзбен көрді. Бұл жобаның қаншалықты жемісті болатынын уақыт көрсетеді.

Мөлдір Бекеева