Түрмеде отырып, бюджет қаражатын қалтасына басқан күдіктілерге қатысты тергеу аяқталды. Олар, мемлекет қазынасына 1,3 млрд теңге шығын келтірген. Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің іс материалдарына сәйкес, 2018–2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжінде» жалған оқыту схемасы ұйымдастырылған.
Шымкентте студенттерді жалған оқыту арқылы пайда көргендердің ісі әшкере болды. Тергеу мәліметінше, қылмыстық схемаға колледж құрылтайшысы, оқу орнының басшылары, бухгалтерлері және өзге де қатысы бар тұлғалар тартылған. Азаматтар колледжге ресми түрде қабылданған. Алайда олар іс жүзінде білім алмаған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ: «Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік берген. Схема жалған оқуға қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы бұйрықтарды рәсімдеу, құжаттарды растау үшін электрондық цифрлық қолтаңбаларды пайдалану, сондай-ақ орындалған жұмыстар туралы жалған актілер жасау арқылы жүзеге асырылған».
Бұдан бөлек, оқу орнының ақылы бөлімінде оқыған кейбір студенттер мемлекеттік грант иегерлері ретінде тіркелген. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі нақты қызмет атқармағаны анықталған. Тергеу мәліметінше, бұл мекеме бюджет қаражатын заңсыз иемдену үшін тек формалды ұйым ретінде қолданылған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ: «Мемлекетке келтірілген жалпы залал 1,3 млрд теңгеден асты. Бір қызығы, схеманы ұйымдастырушы бұған дейін жасаған жымқыру фактісі үшін соңғы үш жыл бойы бас бостандығынан айыру орындарында бола тұра, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарған. Тергеу барысында күдіктілер 65 млн теңге көлеміндегі залалды ерікті түрде өтеген. Сот санкциясымен 3 пәтерге, оның ішінде Дубай қаласындағы пәтерге, 3 тұрғын үйге және 3 автокөлікке тыйым салынды».
Айта кетейік, аталған схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген тұлға бұған дейін жымқыру фактісі бойынша сотталған екен. Соған қарамастан, тергеу мәліметінше, ол заңсыз әрекеттерді қамауда отырып басқарған. Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынды. Тағы үш адамға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.
Нұргүл Жолымбетова






