Синоптиктердің дауылды алдын алу ескертуі бойынша Шымкент қаласында 2020 ылғы 15 ақпанда екпіні секундына 15-23 метрге дейін жел соғатыны айтылған. Желдің салдарынан қалада ешқандай төтенше жағдайлар тіркелген жоқ.

Ал жауған жауын-шашынның салдарынан Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшілеріне 15 ақпанда сағат 19.00-ден бастап хабарлар келіп түсе бастады. Нәтижесінде 1 тәулікте өрт сөндірушілер қала аумағындағы су жиналған жерлерге 4 рет шығып, суды шығару жұмыстарын атқарды.

​Бұл бағыттағы жұмыстар Абай ауданы, Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшелерінің қиылысының бойында, Қаратау ауданы, Қайтпас-1, Қайтпас-2 мөлтек аудандарындағы Мырзабеков, Болашақ көшелерінде жүргізілді. Қаладағы Линейная көшесі бойындағы иригация жүйесіндегі құбырға қоқыстың толуы салдарынан бір үйдің ауласына су кірген. Су сору жұмыстары атқарылған жоқ. Өрт сөндірушілер құбырдағы қоқысты тазалап, суды ағызу жұмыстарын жүргізді.

Жиналған суды шығару жұмыстарына департаменттің 24 адам жеке құрамы, 8 техника және 6 мотопомпа жұмылдырылды. Жалпы шығарған судың көлемі 92 м3құрады. ТЖ департаментінің жеке құрамы тәулік бойы кезекшілікте тұрып, қалада төтенше жағдайлардың орын алуына жол бермеді.