Құрақ көрпеге сұраныс та, табыс та көп

323

Кез келген ұлт қолөнерімен ерекшеленеді. Тарих ұрпақтан-ұрпаққа жалғануы үшін ұлттық өнер түрлері дамып отыруы шарт. Шымкентте ұлттық өнерімізді қайта жаңғырту мақсатында «Көрпе Fest» фестивалі өтті. Мегафестивальдің жабылуы-на Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысты. Фестивал аясында елімізге белгілі қолөнер шебері «Алтын сапа» премиясының жеңімпазы, «Құрмет» орденінің иегері, Республикалық ақпараттық ағарту насихат штабының төрайымы Ырза Тұрсынзада «Аналар аманаты» шеберлік сабағын берді. Шеберлік сабаққа өзін-өзі дамытып, біліміне білім қосу үшін қолөнерге жақын 300-ге жуық қыз-келіншектер қатысты.

Шымкентте алғаш рет өткен «Көрпе fest»-ке қатысушылардың бірі – Индира Дүйсебекова. Маятас елдімекенінің тұрғыны 3-4 жылдан бері қолөнермен айналысып келеді. 30 жасар 5 баланың анасы Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сабағына 10 жасар қызын ерке келген.

– Ырза апамызбен инстаграм әлеуметтік желісі арқылы хабарласқан кезімізде жақында Шымкентке келетінін айтты. Егер қаласақ 10-15 жас аралығындағы қызымыз болса ертіп келуге болатынын жеткізді. Өте қуандым. Қызым тігін өнеріне қатты қызығады. Үнемі жанымда жүреді. Менің де бұл салаға келгеніме көп болмады. 3-4 жылдың жүзі енді ғана болды. Арада кішкентайымды босанған соң тоқтап қалды. Қазір кенжеміз 1,5 жаста. Сондықтан қайта қолға ала бастадым. Осы кезге дейін Ырза апамыздың ютуб каналынан үйреніп келдім. Ол жерде қолөнермен айналысқысы келетіндерге мүмкіндік көп. Бір жыл бойына тек канал арқылы үйреніп кішігірім шебер болып шықтым. Қызым бір тігін бастасам айналшықтап қасымнан шықпайды. Білгенімді үйрете бастаған едім, бірден алып кетті. Қатты қызығады. Қызымның қызығушылығын жоғалтып алмасы үшін де осы өнерді жалғастырғым келеді,-дейді Индира.

Бес баланың анасы Индира адал еңбектің наны тәтті екенін айтады. Қазір қолөнер бұйымдары арқылы қаржы тауып бастаған оның алдағы жоспары – осы бағытта даму.
– Мен алғашында әр затқа қолданған маталардың қалдықтарын, жыртыстарын тастауға көзім қимай түрлі кәдеге жарата бастадым. Кейін өз жасаған бұйымдарым өзіме ұнап, тігіс үшін арнайы мата сатып алатын болдым. Тек өз қызығушылығым үшін жасаған дүниелерімді адамдар ұнатады. Үйге келген кісілер бұйымдарымды қызығып алып кететін, арасында ақшасын беріп сатып алғандары да болды. Үйде отырып қолыма ақша тиген соң, бұл жұмысты тоқтатпау керегін түсіндім. Алдағы уақытта білімімді жетілдіріп, жеке кәсібімді ашамын,- дейді Индира.

Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сабағына қатысушылар не үйренеді? Келушілердің көбі – көпбалалы аналар. Мұның себебін белгілі шебер былай түсіндірді.
– Мен де бұны кейін келе байқадым. Шынымен де 80-пайызға жуығы көп балалы аналар. Үш күндік семинарды барынша ұтымды қолдану үшін тек шеберлік сабақ төңірегінде сөйлесеміз, үйретеміз. Олармен отбасы жайлы әңгімелесу мүмкін емес. Көпбалалы аналар балаларынан-ақ босай алмайды. Олар жұмыс істемейді. Сондықтан шаңырағында отырып, өз кәсібін бас-тап, табыс тапқысы келеді. Немесе уақытын тиімді пайдалануды жөн санайды. Себебі бұл, көпбалалы аналар үшін үйде отырған келіндер үшін өте ұтымды кәсіп. Бұл бір жағы. Ал екінші жағы мен үнемі келген қыздарға айтамын. Бұл өнердің басына жай қыз келмейді. Ұлттық дүниенің құдіретін, қасиетін, құндылығын білетін киелі адам келеді. Әйелдер маған «сіздің дүниеңіз бәрібір ерекше» деп айтады. Енді менің тәжірибем бар ғой. Мен кішкентайымнан тігінмен айналыс-тым. Мені осы салаға баулыған апам, нағашы апам және анам. Кішкентай кезімнен осы бағытта жұмыс жасап келе жатқандықтан, әрине өз құпияларым бар. Мен сол құпияларыммен бөлісе отырып, қалай мінсіз сапа жасауға болатынын үйретемін. Бұған кез келген қазақ әйелінің толық мүмкіндігі бар. Мен қыздарды тек қана тігінге үйретпеймін. Олар ең бастысы технологиясын үйренеді. Одан кейін оны қалай бренд қылуға және қазақ әйелінің болмысын қалай жаңғыртуға болады? Соның бәрі үйлесіп келіп, көнеден келе жатқан қазақтың салты, дәстүрі, ғұрпы, санасы, болмысын, мәдени тәжірибесін қыздар жаңғыртады. Қазақта кез келген кәде бір дәстүрге арналады. Мен әлемнің көптеген қалаларында болдым. Дүниежүзінің ең алдыңғы қатарлы этникалық брендті жасап жүрген Франция, Жапония дизайнерлерімен бірге жұмыс істеп, солардың дүниелерін көрдім. Кез келген ұлттың бүкіл түп-тамырын, салтын, ғұрпын сақтайтын осы ұлттық қолөнер. Ал қазақтың қолөнері – ең күрделісі. Технологиясы өте күрделі. Мен бұны қазақ болғандықтан мақтанып айтып отырған жоқпын. Кәсіби маман ретінде ұлтымыздың қолөнері ең күрделі екенін айтқым келеді. Өкінішке қарай осы өнердің бағасы әлі берілмей жатыр,-дейді Ырза Тұрсынзада.

Қолөнер шеберінен үйреніп, жеке кәсібін ашқандар да баршылық екен. Белгілі қолөнер шебері әрбір қазақ әйелі ұлттық болмысымызды жаңғыртып, сол арқылы табыс табуды қалайды.


– Рухты жоғалтпай ұстайтын аналарымыз ала дорба арқалап дүниені кезіп жүр. Базардан шықпайды. Неге сол аналарымыз үйінде отырып-ақ осы ұлттық қолөнерімізбен айналыспасқа? Неге олар өзіне табыс табумен қатар, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртпасқа? Бұл – ерекше кәсіп. Мысалы, менен үйренген шәкірттерім осы қолөнермен айналысу арқылы, айына 500-700 мың теңге тауып отыр. Тіпті осы Шымкенттен бір шәкіртім бар. Сол «апа, мен айына 2 миллион табамын» деп айтады. Ал астанадағы 9,10 жасар қыздарым айына 150 мың теңге табады. Қазақтың көзі тірісінде бұл кәсіп өлмейді. Қазақ қазақтығын сақтаса, бұл мәңгілік кәсіп. Шүкір бізде той көп. Ешқашан қонағымызды ренжіткіміз келмейді. Өте керемет, жоғары дәрежеде күтіп алу қанымызда бар. Тойдың бәрінде қазір қолөнер бұйымдары сұранысқа ие. Сондықтан да бұл болашағы жанып тұрған кәсіп. Ақысыз шеберрлік сабақтарын өте бастаған кезде тегін тігін машиналарын да тараттым. Небір қолөнерге бейім қыздар мөлдіреп тұрады, бірақ қолдарында тігін машинасы жоқ. Мен оларға ең алдымен сахналық емес, қалыпты жағдайдағы, күнделікті қолданатын киім үлгілерін дәріптеу үшін араларында байқаулар ұйымдастырдым. Ол жерге қымбат маталарымды алып келдім. Соларды беріп қазақша киім тігуді үйреттім. Ондағы басты мақсат – осы қазақтың аналары қара шаңырағына қайтса екен. Ала дорбаны тастаса, бала-шағасының жанында болса екен деген тілек болды. Осылайша олар да 500-700 мың болмаса да 200-300 мың теңге табыс тапса екен деп ойладым. Бұл қаржыны қыз-келіншектер шаңырағында отырып-ақ табады. Ол бастыққа тәуелді болмайды, ол уақытқа тәуелді болмайды. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін отыру міндет емес. Өзі би, өзі қожа. Тек шабытыңа тәуелдісің. Енді бір жағынан ұлттық құндылықтарымыз осындай аналардың арқасында тарихтан тарихқа жалғасады. Мен көбінесе қазақи ұлттық интерьерді жасаймын. Шаңырақ интерьерін, шаңырақ мұражайын жасаймын. Бүкіл тарихын іздеп, шежіресіне дейін зерттеп, сол тарихты қазаққа таныс-тырамын. Жай емес, қазақтың қолөнер тілімен таныстырамын. Бағытым осындай. Киім көп тікпеймін. Шетелге көрмеге барғанымда өзіміздің қыздарға жасаймын. Ұлттық киімді тігетін шәкірттерім көп. Әзірге өз бағытымды түбіне дейін жеткізгім келеді,-дейді Ырза Тұрсынзада.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №11, 11 наурыз 2020 ж