Құрақта қандай мән-мағына бар?

1092

Көрпе-көрпеше мен жастығыңыздағы құрақтар мен оюлардың мағынасын білесіз бе? Әрбір түс қандай мәнге ие? Бүгінгі мақаламызда құрақ құрап, ою оятын ісмер Жазира Зәуірбек осы екі сауалға жауап береді.

Әсем оюлармен өрнектеліп, құрақтармен құралған көрпеше, жастық, қолтық жастық, көрпе сынды дүниелерді қыз жасауына апару дәстүрі соңғы жылдары қайта жаңғырды. Түлкібастың тумасы Жазира Зәуірбек 17 жасынан бері қыз жасауын дайындауға тапсырыс қабылдап, қолөнермен айналысады. Кішкентайынан қолөнерге жаны жақын ару осы қабілетін дамыту үшін Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайын колледжіне оқуға түсіп, киім дизайнері мамандығы бойынша оқыған.
«Оқу бітірген соң, қыз жасауын дайындайтын цехта жұмыс істедім. Сол кезде бұл салаға деген қызығушылығым күннен-күнге артты. Әрбір құрақ пен ою-өрнектің мән-мағынасын колледжде оқып жүргенімде біліп, жұмыс жерімде тереңірек түсіне бастадым. Әрбір оюдың мәнін, оны қалай, қайда қолдану керегін түсінген сайын әуесім оянды. Қазақи үлгідегі дүниелердің жасалу құпиясын сондағы тәжірибелі мамандардан үйреніп жүріп өзім жеке тек жасау тіксем деген арман болды. Жан дүнием бұл кәсіпті жақсы көргендіктен тез алып кеттім»- дейді ол.

Жазира Зәуірбек қыз жасауымен айналысатын әрбір адам құрақ пен оюдың түрін, мағынасып біліп, түсінуі және оны тапсырыс берушілерге түсіндіруі міндеті екенін айтады.
«Қазақта құрақ көрпешені құрақтай болып құралып, көбей деген ниетпен береді. Құрақ құрау өнері әйел адамды ысырап етуден тыйып, үнемдеуге үйретеді. Сабырлыққа, төзімділікке баулиды. Адам мінезіне тигізер пайдасы да зор.
Қазақта әрбір құрақ пен оюларға атау берген: мысалы ши құрақ, ірі құрақ, құдық құрақ, қарға құрақ, қызғалдақ құрақ, үшбұрыш құрақ және т. б. Құрақ аты айтып тұрғандай мата қалдықтарынан, қиындылардан жасалады. Адамдар қиялының ұшқырлығына қарай түрлі формада құрақ жасайды. Сол құрақтың көрінісіне атау береді. Жануарға да, гүлге де ұқсатып жасайды. Олардың атауы бөлек болғанымен, мағынасы бір. Астарында жоғарыда айтқанымдай, құрақтай құралып, бірге, береке-бірлікте болсын деген таза ниет бар.


Оюлар 4 түрге: өсімдік тектес, геометриялық формада, космогендік астрологиялық және жануар тектес деп бөлінеді. Мысалы, геометриялық ою өрнектер аты айтып тұрғандай сызықтардан құралады. Бұл түрі көбіне ер адамдардың киіміне қолданылады. Енді өсімдіктектес оюлар нәзік әрі өрнектелген болады, бұл ою түрін әйелдердің киімінде көп қолданады. Ал астрологиялық түрінде аспаннан алынған бейнелер салынады. Мысалы жұлдыз, ай. Оюдың бұл түрі көбіне тоқымада немесе гобилен өнерінде көп кездеседі. Ал жануар тектес түріне қошқар мүйіз, түйе табан және жануарлардың мүйізінен, бейнесінен алынған дүниелер бейнеленеді. Олар кілемде, киізде және көрпешелерде қолданылады. Бұлардың әрқайсының берер мағынасы бар. Осы оюлардың ішінде қыз жасуына немесе басқа да заттарға ең көп қолданылатын ою түрі – ол жануар тектес оюлардың ішіндегі қошқар мүйіз оюы. Мүйіз – қазақ оюының негізгі және ең көне мәнері. Ою өрнектің бұл элементі мүйізді меңзеуден шыққан. Бұл ою түрі сырмақ, текемет, алаша, кілемдерде кеңінен қолданылған. Оюдың бұл түрі қыз жасауында көрпешелерде жиі қолданылады. Тағы бір айта кететін заңдылық бар. Оюларды қолданған кезде 4 түрге бөлінген ою түрін араластырып қолдануға болмайды. Себебі олар бір-бірімен өзара ешқашан үйлеспейді».


Жазира қазақ халқы ою мен құрақ таңдаудағы сияқты түс таңдауға да ерекше мән беретінін айтады. Ісмер қыз тапсырыс берушілерге құрақ пен ою және түстерге қатысты білгенімен бөлісіп отыратынын да алға тартты.
«Қазақ ұлттық қолөнерінде ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан дәстүрлі бояу түрлері бар. Олар – қызыл, көк, жасыл, сары, ақ, қара. Бұл бояулардың символдық мәні бар. Көк түс аспанның, ақ түс ақиқаттың, қуаныштың, сары түс ақыл-парасаттың, қайғы мұңның, жасыл түс жастықтың, көктемнің, кең даланың символы ретінде қолданылады. Тапсырыс берушілерге түстердің де берер мағынасын кеңінен түсіндіремін. Менің кеңесімді тыңдаған соң бастапқы ойынан айнып жататын адамдар да бар. Дегенмен, қазақ сал-дәстүрінен хабардар, оюлар мен құрақтар және түстердің мағынасын бізден де жақсы біліп келетін адамдар болады. Мұндайда біз сол адамдардан білмейтінімізді үйренеміз. Мұндай адамдармен келісу, және ою, құрақ, түс таңдауда қиындық туындамайды. Өйткені олар қандай затқа қайсысын қолдану керегін біледі. Осындай кезде қатты қуанып қаламын».
Ісмер қыздың айтуынша, қазір құрақ өнері жылдам дамып келеді екен. Қолөнердің осы түрімен айналысатын жастар көп.
«Адамдардың қызығушылығын арттырып келе жатқан саланың болашағы бар. Мысалы бір көрпешенің бағасы 15 мың теңгеден басталады. Еңбекке сай табысы да жақсы. Жұмыстың қиындығына байланысты бағасы да өседі. Қыз жасауының дайын жиынтығы орта есеппен 150 мың теңге болады. Мұның ішінше 8 көрпеше, төрт жастық, екі қолтық жастық, қос жастық және махаббат көрпесі кіреді».
Жас та болса ұлттық әдет-ғұрып және салт-дәстүрін насихаттап, тапсырыс берушіге құрақ, ою, түстердің мағынасын түсіндіретін ісмер арудан білгеніміз осы. Айтары тіпті көп. Қыз жасауына тапсырыс берерде, мән-мағынасына бойлап, біле жүріңіз.

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №10, 4 наурыз 2020 ж