АВТОКӨЛІК САТУ, ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІК АЛУ. СҰРАҚ-ЖАУАП

462

Газетімізде бұрыннан бар «Сұрақ-жауап» айдарына енді тұрақты бір бет арнап, әр нөмірде жариялаймыз. Сонымен сізді түрлі тақырыптағы сауалдар мазалай ма? Жауабын нағыз кәсіби маманнан білгіңіз келе ме? Онда газетіміздің WhatsApp нөміріне, info@onrabat.kz эл.поштасына хат жазып, редакцияның 8 (7252) 53-54-17 телефон нөміріне хабарласып, сұрағыңызды айтыңыз. Инстаграмда @onrabat.kz, Фейсбуктағы «Оңтүстік Рабат газеті» парақшасына да хабарласа аласыз.
Біз сіздің әлеуметтен бастап тұрмысқа дейінгі сан сауалыңызға жауап алып береміз.

Бүгінгі тақырыбымыз автокөлігі бар азаматтарға арналады. Жол қозғалысы ережесі мен көлік ресімдеу туралы сұрақтарға Шымкент қаласы Полиция департаментінің мамандары жауап берді.

С: Күйеуім 2014 жылы көлік сатып алды. Менің атыма ресімдеді. 2016 жылдың 1 наурызында көлікті сенімхатпен сатты. Оның күші 1 жылға жарамды. Алайда, қазір 2016, 2017 жылдарға көлік салығы келіп тұр. Білейін дегенім – көлікті сатқанда, сатып алғанда нені ескеру керек. Сенімхатты қалай рәсімдеу керек.

Ж: Жалпы, көлікті сату кезінде бірден сату-сатып алу келісімшартын жасасқан дұрыс. Көп жағдайда көлікті сататын тарап, сатып алушыға 3 айға, 1 жылға немесе 3 жылға сенімхат береді. Нәтижесінде түрлі түсінісбеушілік туын-дап, шағымданып келетін тұрғындар көп. Олар жазып берген сенімхаттары көлік иесін (сатушы) көлік алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын ескере бермейді. Сенімхаттың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін көлікке қатысты барлық жауапкершілік көліктің түпкі иесінің (сатушының) мойнына жүктеледі. Айыппұл болсын, салық не тағы да басқа шығындар болсын, бәрін көліктің түпкі иесіне жүктеледі.
Беретін кеңесіміз – процессинг орталыққа барып, атыңызда көліктің бар-жоғын тексертіңіз. Көліктің сіздің атыңызға қашан есепке алынуы мен шығарылғаны туралы анықтама алыңыз. Бәлкім екінші тарап көлікті есептен шығарып, өз атына рәсімдеген кезде сенімхатта белгіленген мерзім үшін көлік салығын төлеген болуы мүмкін. Соны біліп алыңыз. Егер салық төленген болса, соның анықтамасын тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша салық органдарына өткізесіз. Салықтан босатыласыз.
ҚР Азаматтық кодексінің 157 бабына сәйкес, мәмілелерді жарамсыз деп тану, көлік құралына салықты төлеуді міндеттеу үшін сот органдарына жүгіне аласыз.
Тағы бір ескеретін жайт, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік құралын жүргізуге сенімхат міндетті құжаттар тізімінен алынып тасталған. Жүргізушілер көлік құралдарын сақтандыру полисі арқылы басқарады.
Ескерту: «Сенімхат» арқылы сатылып, алайда есептен шықпаған көлік құралдарын есептен шығару ҚР ІІМ-нің 2014 жылғы №862 бұйрығының 67-тармағына сәйкес жүзеге асырылады. Тұрған жері белгісіз немесе соңғы 3 жыл бойы пайдаланылмаған көліктер жол қозғалысының қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган шығарған қорытынды негізінде автоматты түрде есептен шығарылады.
«Жол жүрісі қозғалысы» ҚР Заңының 68-бабының тармақтарына сәйкес, көлік құралының салығы төленбеген жағдайда, сонымен қатар ҚР заңнамасына сәйкес тіркеу әрекеттерін жасауға тыйым салынған немесе шектеу қойылған көлік құралын мемлекеттік тіркеуге немесе көлікқұралының тіркеу деректерін өзгертуге (есептен шығаруға) бас тартуға негіз болып табылады.

С: 18 жастамын. Жекеменшік автомектепте оқыдым. Қолымда сол мектепті бітіргендігім туралы анықтама бар. Алайда әлі жүргізуші куәлігін алмадым. Не істеуім керек? Жүргізуші куәлігін қайдан алуға болады?

Ж: ҚР Ішкі істер министрінің 2014 жылғы №862 бұйрығындағы «Емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігін беру» қағидасына сәйкес, емтихан қабылдауды және «А», «В», «С», «D», «ВЕ», «СЕ», «D», «Tm», «Tb» санаттарын, «А1», «В1», «С1», «D1», «С1Е», «D1Е» кіші санаттарындағы жүргізуші куәліктерін беруді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» жүзеге асырады. Емтихандарды тапсыруға «Жол жүрісі қозғалысы» туралы ҚР Заңының 74 бабында: «белгіленген жасқа толған және көлік құралдарын басқаруға қарсы айғақтардың жоқ екендігі туралы медициналық қорытындысы бар адамдарға тиісті даярлықтан кейін көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыруға рұқсат берілген» деп жазылған. Яғни, «А», «В» санаттарындағы және «В1», «С1» кіші санаттарындағы көлік құралдары – 18 жасқа толған азаматтарға беріледі.
Емтихандар: алдымен теориялық, кейіннен – практикалық ретпен тапсырылады.
Жүргізуші куәлігін алуға ниет білдірген жүргізуші-үтікер теориялық емтиханды тапсыра алмаған жағдайда практикалық емтиханға жіберілмейді. Теориялық та, практикалық та емтиханды қайта тапсыру алдыңғы емтихан өткен күннен бастап келесі жұмыс күніне қойылады.
Жүргізуші куәлігін алу үшін жүргізуші-үміткер:
–жеке басын куәландыратын құжатын;
–медициналық анықтама мен оның көшірмесін;
–мемлекеттік баж төлемін растайтын құжатты;
–курстық даярлықтан өткендігін растайтын куәлік пен оның көшірмесін ұсынады.
Курсты аяқтағаны туралы куәлікті ұсыну туралы талап «А», «В» санаттарына және «А1», «В1» кіші санаттарындағы көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін өзіндік даярлықтан өткен адамдарға таралмайды.
Оқу курсы берген куәлік көлікті басқаруға құқық бермейді. Ол тек тиісті санатты және кіші санатты жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханғды тапсыруға ұсынылады.
Куәлік оқу курсын аяқтағаннан кейін 2 жылға жарамды.

С: 2020 жылдан бастап масаң күйде көлік жүргізгендерге жаза түрлері қандай?
Ж: Мас күйінде көлік жүргізгені үшін – 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады;
Бір жыл ішінде екінші рет мас күйінде көлікке отырса – 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады және 20 тәулікке қамалады.
Ішімдікке тест өтуден бас тартқандар – 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.
Жүргізуші куәлігінен айырылған адам рөлге отырған жағдайда – 10 АЕК (26 510 тенге) айыппұл салынады немесе 10 тәулікке қамауға алынады.
Мас күйінде көлік жүргізіп, денсаулыққа зиян келтіру – 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады және 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынады;
Мас күйінде, жүргізуші кәулігінсіз көлікті басқару – 5 АЕК немесе түзету жұмыстарына немесе 5 жылға бас бостандығынан айырылып өмір бойы-на жүргізуші куәлігінен айырылады
Мас күйінде, жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізу салдарынан абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе – жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыра отырып, 6-дан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

Дайындаған – Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №9, 26 ақпан 2020 ж