Шымкентте бұған дейінгі шектеу шараларына қосымша карантин жарияланды. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның келісімімен 2020 жылғы 4 сәуір сағат 21:00-ден 15 сәуір аралығындағы кезеңде қала аумағында карантин жарияланады.
Карантин кезінде қаулыда көрсетілген мекемелерден басқа нысандардың жұмысы тоқтатылады. Тұрғындар мен көліктің барлық түріне қаладан шығуға және қалаға кіруіне тыйым салынады.
Шағын микроавтобустардың қозғалысына тыйым салынып, олардың бағыттары бойынша автобус қозғалысы қойылады. Қалаішілік қоғамдық көлік қозғалысы таңғы 7:00-ден 19:00-ге дейін ғана жүзеге асады.
Карантин тәртібі күні ертең, 4 сәуір сағат 21:00-ден басталып, 15 сәуір аралығына дейін күшінде болады. Соған сай тұрғындар мен көліктің барлық түріне қалаға шығуға және кіруге тыйым салынады. Тек азық-түлік тауарларын, құрылыс материалдарын жанар-жағар май таситын жүк көліктері ғана өтуге рұқсат беріледі.
Бұл шектеулердің халық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және санитарлық-эпидемиялық шараларға жұмылдырылған техникаларға қатысы жоқ. Қызметтік куәліктерін көрсеткен жағдай құқық қорғау және арнайы орган өкілдері қызметтік көлікпен қалаға кіріп-шыға алады.
Бұл кезеңде қаулы тізімінде жоқ барлық мекемелердің жұмысы тоқтатылады.Тек індетке қарсы күреске жұмылдырылған органдар мен қала тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелер ғана жұмыс істейді.
Қоғамдық демалыс орындары мен саябақтарға, балалар алаңшаларына баруға болмайды. Ал азық-түлік базарларының жұмысы 10:00-ден 18:00-ге дейін, дүкендердің жұмыс кестесі 10:00-ден 21:00-ге дейін шектеледі.
Қала аумағындағы залалсыздандыру шаралары карантин мерзімі аяқталғанға дейін күшейтілетін болады. Бұдан былай 55 жастан асқан тұрғындардың көшеге шығуы шектеліп отыр. Карантин кезінде жұмыс істеуге рұқсат алған мекемелер қызметкерін жұмыс орны туралы анықтамамен қамтамасыз етуі шарт екен.
Карантин кезінде шағын газельдердің жұмысына тыйым салынады. Бағыттарда тек автобустар қызмет көрсетеді. Азаматтар тек азық-түлік, дәрі дәрмек, банк қызметін алуға ғана шыға алады. Бұл шектеулер медицина құқық қорғау органы өкілдеріне қойылмайды.
Мақпал Рысбаева