Алаяқты танудың бірнеше амалы

245

«Оңтүстік Рабат» газетінің осы №19-20 санындағы (13.05.2020ж) «Тағдыр» айдарында «үйленіп, үй боламыз» деп сеніп жүрген жігітіне алданып, 500 мың теңге несие алып берген қыз хикаясын жарияладық. Кейіпкеріміз хикаясын басқалар да білуі, сақтануы үшін редакцияға хабарласқан екен. Және де алаяқтың арам пиғылын танып-білу үшін психолог кеңесіне де жүгініпті. «RE FRAME» тұлғалық дамыту орталығының маманы, отбасылық психолог Қаракөз Қадырбекқызы Момбаева кейіпкеріміздің хикаясын оқып, алаяққа алданбау туралы кеңес берді. «Психолог бұрышы» айдарымыздың тұрақты психологы Қаракөз Момбаеваның кеңесі сізге де бір пайдасы тиіп қалар, қадірлі оқырман!

Соңғы кездері елімізде алаяқтық сарынындағы оқиғалар тым жиілеп барады. Алаяқтарды осы қылмысқа итермелейтін жағдай – ол әрине оңай ақша табу. Қазіргі таңда олар ақша табу үшін неше түрлі айла-амалдарға барады. Алаяқтар адамдарды психологиялық тұрғыда өте шеберлікпен жақсы зерттеп, сеніміне кіріп, адам ойына келмейтін тәсілдерін іске асырады. Көбіне олар өз дегеніне жету үшін сенгіш адамдарды пайдаланады. Алаяқтардың құрығына алдымен түсетіндердің көбі – жас қыздар.
Хатты оқи отырып, алаяқтардың тек адамзатқа берілетін жоғары сезімдерге де «кезегі» жеткеніне қынжыласың. «Адамды жақсы көру, бауыр басу» деген бір ұлы қасиеттер.
Адам біреуді сүйгендіктен немесе өзін сүйетінін сезгендіктен немесе біреудің сүйіспеншілігінен үміттенгендіктен, бойында ерекше күш-жігер пайда болып, қолынан келмейтін жайттарға да ұрынып жатады. Жақсы көрген адамыңнан ештеңені аямау – бәріміздің қолымыздан келетін ерлік. Тіпті жақсы көрген адамың көмек сұраса, қуанамыз, көмектескенше асығамыз, себебі бұл кезде бізді ақыл емес, сезім басқарады.
Бізде, жастарды отбасылық өмірге дайындайтын, қыз бен жігіттің қарым-қатынас әдебіне тәрбиелейтін мекеме жоқ. Ал психологиялық орталықтарда осы мәселемен айналысатын отбасылық психологтардың бар екенін көпшілік біле де бермейді. Сол себептен, жас қыздардың негативті және стрессті ситуацияларға ұрынуы – өте өкінішті жағдай.
Өміріңізде қандай болсын, мейлі алаяққа, мейлі өтірікшіге, мейлі дөрекі ер адамға кездестіңіз және т.б. келеңсіз жағдайға тап болып, тауыңыз шағылса да, өткенді өткен шаққа қалдырыңыз. Артыңда реніш, өкініш сияқты үлкен зиянды жүк тұрса, алға жылжу мүмкін емес. Сондықтан да болашақта шынайы махаббатыңызды кездестіріп, бақытты өмір сүргіңіз келсе, жүрегіңізде және ақыл-ойыңыздағы орынды реніштен босату керек. Ренішті алып жүру – өте көп күшті және энергияны қажет етеді. Керісінше бұл күшті, саналы түрде өмірден алғың келетін қуаныштарға жұмсауды ертерек үйрену керек.
Өз тәжірибемде оң нәтижеге жеткен бір жаттығуды үйреткім келіп отыр:
Параққа ренжіткен адамның есімін жазып, тұсына мына сөздерді жазасыз. «Мен (ренжіген адамыңыздың есімі) қуанып кешіремін және оны сол қалпында қабылдаймын. Мен оны менің аңғалдығымды көрсеткені үшін және одан арылуға септігін тигізгені үшін алғысымды айтамын. Мен өзімді байқамай жіберіп алған қателігім үшін кешіремін және орнын қуанышпен, махаббатпен, мейірімділікпен толтырамын. Мен (ренжіген адамыңыздың есімі), ренжігенім үшін кешірім сұраймын».
Әрине ол адамға бәрібір, ол алатын ақшасын алды да кетті. Бұл жаттығу Сізге керек! Бойыңызды құрыстырған, есіңізге түссе кеудеңізді ашытатын запыраннан, тығылып түрған өксіктен, яғни бойдағы негатив, ауырлықтан құтылу, Сізге керек! Осы жаттығуды қайталау арқылы Сіз түпсанаңызды керемет позитивті бағдарламамен толтырасыз. Бұл – негативтен арылу бағдарламасы. Бұл – осы мүмкіндікті өзімізге пайдаға асыру бағдарламасы.
Қалай тез кешіруді үйренсеңіз, болашақта жеңіл де тез, кез келген қалауыңызға жетесіз, себебі Сізде қазіргі таңда «махаббат» төңірегінде және қарым-қатынас жасауда қандай да бір, жағымсыз болса да тәжірибе бар.

22 жастағы, жап-жас мұғалім қызға екі жыл, ай сайын, ешкімге айтпай кредит төлеп тұру оңай ма?! Отбасым біліп қоймасын деп, жасырып, қатты күйзеліске түсіп, психологиялық жарақат алғансыз. Осы себептен жігіт атаулыға сенімсіздікпен қарайсыз. Тек осы сұмдықты әпкеңіздің қызы қайталағаннан соң, осындай алаяқтарды қалай байқауға болатынын сұрап психологтың көмегіне жүгініп отырсыз. Сұрағыңызға жауап беруге тырысайын.
Әрине алаяқтарды тануға болады. Ол үшін адамның мінез-құлқын, қимылын, әлпетін, іс-әрекетін, дауысын байқап айқындауға болады.
Рэй Бердуистл, қарым-қатынаста 7 пайыз ғана сөзбен, 93 пайызы – дауыс тонымен және дене белгілерінің көмегімен берілетінін дәлелдеген. Яғни, сенің не айтқаның маңызды емес. Қалай айтқаның маңызды. Түпсана деңгейінде адам вербальсіз белгілерді тез қабылдайды (мимика, жестер, дауыс ырғағы, сөздің темпі). Осы вербальді белгілер арқылы адамның айтып тұрғаны өтірік пе, шын ба бірден белгілі болады. Сізді алаңдататын белгілер:
Адам әңгімелесу барысында, қолымен құлағын, мұрнын сүртеді немесе уқалайды.
Көзге тіке қарамай, көзін жасыруға тырысып, көз қабағын жылдам ысқылайды;
Қолымен денесін, бұлшықеттерін тырналап, қасып тұрады. Себебі ғалымдар әккі алаяқтардың бет бұлшықетінде жыбырлау, қышу пайда болатынын дәлелдеді.
Сөйлескенде аузын қолымен көлегейлеп жауып тұрады. Бұл алаяқтықтың ең айқын белгілерінің бірі.
Алаяқтың және бір белгісі – жабысқақтық. «Тез шешім қабылдау керек, әйтпесе үлгермеймін» деп тез арады бір «уақиғаны» ұйымдастырып жібереді, асықтырады, ойлануға уақыт қалдырмайды. Жылдам шешім қабылдау қажет болғандықтан зардап шегуші оның ұсынысын қабылдауға мәжбүр. Соңынан «Не болғанын түсінбей қалдым», «Гипноз жасаған сияқты» деп жатады. Алайда адамдар алданбаймын деп тұрса да ондайлардың айтқанын қалай істеп, жетегінде кеткенін білмей сезбей де қалады.
Әр алаяқ алдын ала іс-әрекетін жоспарлайды. Олар адамның бір нәрсеге қызыға қарау, әуестік тәрізді психологиялық ерекшелігін пайдаланып кетеді. Алаяқтың әртістік қабілеті бар, өтірікті шындай соғатын айлакер адам. Таза киінеді, асықпай сөйлеп, әзіл-қалжың айтады, сенім тудыруға барын салады. Немесе жұпыны киініп, жанашырлық, аяушылық тудырады. Тыныс алуына, дауыс ырғағына аса мән беру керек.

Болашақта альфонс немесе алаяқ жігітке жолықпау үшін, мейлінше мәнді сұрақтар қойып, көп әңгімелесу керек. Жігітпен кездесуге мұқият дайындалып, қойылуы тиісті сұрақтарды анықтап алған жөн. Адамды жақсырақ танимын десеңіз, төмендегідей сұрақтарды қойып көріңіз:
Соңғы оқыған кітабың қандай немесе қандай фильм қарадың? (Адамның оқыған кітабы, қараған фильмі арқылы оның қызығушылығын, өмірлік көзқарастарын білуге болады).
Қай жерлерде дем алдың?-деп сұрау арқылы да, ол туралы көп ақпарат біле аласың.
Кішкентай кезіңде нені армандап едің? Иә, ол сіздің сұрағыңызбен таң қалуы мүмкін. Өзінің де есінде қалмаған заттарды еске алып, әңгіме қылу барысында көптеген қызықты оқиғаларды, бала армандарын айтып береді.
Бақыт деген не?
Қыздардың бойында қандай қасиет ұнайды? Қандай қасиеттер ұнамайды? Осы сұраққа жауабынан оның қыздарға қарым-қатынасын білуге болады.
Анаң жайлы айтып берші? (Жігіттер анасына ұқсайтын қыз алатыны белгілі) Анаңның жасаған қандай тамағын ұнатасың?
«Үйлену – оңай, үй болу – қиын» дегенді қалай түсінесің? Болашақта қандай отбасын құрғың келеді. Суреттеп берші.

Осындай қарапайым сұрақтар арқылы жігітті әңгімеге тартып, ол туралы өте көп мағлұмат алуға, сырын білуге болады. Шынайы махаббаттың белгісі – құлай сүйген адамына ешқашанда жаманшылық ойламау. Оның жануынан сөнуі тез сезімдерден айырмашылығы да осында. Алаяқтарға алданып қалмаңыздар!

Дайындаған – Ж.Хумар

«Оңтүстік Рабат», №19-20, 13  мамыр 2020