Úı ANONS Қала күніне орай Экопарк пен этноауыл пайдалануға берілді

Қала күніне орай Экопарк пен этноауыл пайдалануға берілді

фото ШӨКҚ

Шымкентте бұрынғы қоқыс полигонының орнына «Экопарк» салынды. Қала күні мерекесіне орай ашылған бұл бірегей демалыс орны шаһардың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған ірі жобалардың бірі. Сонымен қатар, бұл күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін қайта жаңғырған этноауыл кешені де есігін айқара ашты. 

 

Қатты тұрмыстық қалдықтар тасталатын полигонның орны енді жасыл желекке айналды. Шаһардың экологиялық ахуалын жақсартуды көздеген жаңа демалыс орны 45 гектар аумақты алып жатыр. Айтулы шараға жиналған жұртшылық саябаққа қала әкімінің есімін беруді ұсынды.

«Есіміміз қалсын деп істеп отқан жоқпыз.
— Халық үшін, қала үшін қызмет етіп жатсыз.
— Рақмет, рақмет, керісінше сіздердің есімдеріңіз қалуы керек. Сол үшін де сіздерді жинадық»

Салтанатты жиын барысында қаланың табиғатын қорғап, абаттандыруға үлес қосып жүрген белсенді азаматтар марапатталды.

іс-шара барысында белсенді жастар «Таза Қазақстан» акциясына үн қосып, қалдықтардан тігілген киімдердің ерекше эко-дефилесін ұйымдастырды. Жаңа демалыс орны толықтай демеушілер есебінен тұрғызылған. Мұнда Шымкенттің аптап ыстығы мен жергілікті климатына бейімделген 5 мың түп ағаш көшеті отырғызылыпты.

ӘБІЛҚАЙЫР ОҢҒАР, ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «19 түрлі ағашты ектік. Бұл жерде суару жүйесінің бәрі автоматтандырылған суару жүйесі болады. Сонымен қатар, жасанды көл аймағы болады. 15 дана су ұңғымасы қазылып осы жерге бекітілген қызметкерлер қазір өзінің жұмыстарын дәрілеу, суару жұмыстарын жүргізуде»

Мерекелік тарту мұнымен бітпеді. Қала күні аясында этноауыл кешені қайта жаңғырып, мұнда ауқымды этнофестиваль басталды.

Ұлттық нақышта безендірілген орталықта жергілікті қолөнер шеберлері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Ал ісмерлер мерекеге тарту ретінде ерекше оюлармен өрнектелген құрақ көрпелер дайындаған.

Қаламызда өтіп жатқан этнофестиваль аясында құрақты шеберлеріміз 100-ден аса құрақ көрпеше дайындап шықты. Онда мынадай бейнелер бейнеленген. Мәселен 4 бұрышты ақ белгі бұл – қаламыздың төрт құбыласы тең болсын белгі болса, мұндағы қызыл белгі, яғни қызғалдақ – қаламыздың символы. Ал мұндағы қарлығаш қаламыз самғай берсін, көркейе берсін мағынаны білдіреді екен. Сонымен қатар, мынадай жастықша да жасап шығарған.

Қызғалдақпен әдіптелген 30 жастықты тігіншілер балалар үйіне тарту етпек. Ал еліміздің бай мәдениеті мен үшінші мегаполистің тыныс-тіршілігін тамашалауға Әзербайжаннан арнайы делегация келіпті. Олар – Баку мен Шымкент арасындағы алғашқы авиарейстің жолаушылары. Қаланы аралап үлгерген қонақтар өз таңданыстарын жасырмады. Екі ел өкілдері туристік байланысты одан әрі нығайтуға ниетті.

НИЗАМИ МЕХТИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАНДЫҚ ТУРИСТІК КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ: «Әзербайжандық авиокомпания екі қала арасында тікелей рейс ашты. Қазір аптасына 3 рет ұшып жатыр. Келесі айдан бастап, әр күн сайын екі қала арасында тікұшақ ұшады деп жоспарланған. Себебі Шымкенттен Бакуге демалып келушілер көп. Ал біз 14 туристік агенттік өкілі, 16 блогер, БАҚ қызметкері болып келдік. Мұндағы мақсат қаланың ең көрікті жерлерін көріп, еліміздің туристерін қайда алып келуге болатынын бақылау. Сонымен қатар контенттеріміз арқылы жерлестерімізге Шымкентті таныстырамыз. Біз Шымкентке келіп, көріп, таңғалып жатырмыз. Әсіресе, тіліміз жақын, ас мәзірі, қонақжайлылығы ұнады. Қалаға келгенімізге 3 күн болды, біз күткеннен де керемет әсер алдық. Қала күнімен құттықтаймын»

Жаңарған нысанның ашылу салтанатына қала басшысы да қатысып, атқарылған жұмыстармен танысты. Жауапты мамандардың айтуынша, кешен алдағы уақытта да кеңейе түспек.

ЗАМАНБЕК ОРЫНБЕКОВ, «VISIT SHYMKENT» ТУРИСТІК-АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Этноауылдың бірінші кезеңінің ашылуы. Мұнда арнайы этнодүкен орналасатын болады. Сондай-ақ біздің келетін туристерге қызмет көрсететін біздің консультанттар, сондай-ақ шығыс және ұлттық мейрамхана орналасқан. Олар халыққа жұмыс жасайды. Алда 2-3 кезеңі болады»

Мамандар сөзінше кешеннің қалған бөлігі жыл соңына дейін толық аяқталып, ел игілігіне беріледі. Ал этнофестиваль соңы ұлттық өнер дәріптелген ауқымды гала-концертке ұласты.

Әсел Мәлік