Баспаналары су астында қалғандарға үй салына бастады

153

Мырзакентте жаңа ауданның құрылысы басталды. Су тасқынынан үйсіз қалған жандарға арналған баспананы соғуға 400 жұмысшы жұмылдырылған. Олардың арасында тасқын кесірінен панасыз қалған азаматтар да бар.


Мырзакенттегі үлкен жолдың қос торабында басталған құрылыс жұмыстары бүгінде қызу жүріп жатыр. Жаңа ауданнан 505 баспана бой көтермек. Ал, онда Сардобадан келген тасқан су кесірінен үйсіз қалған отбасылар қоныстанады.


Көбей Ниязов, құрылысшы: «Бізге айлық істеген жұмысымызға қарай беріледі ғой. Мен өзім көрші ауылдан келіп жұмыс істеп жүрмін».


Құрылыс жұмыстары барлығы 28 мердігер компанияға тапсырылған. Іске кіріскен 400 құрылысшы арасында панасыз қалған азаматтар да бар. Солардың бірі – Тәңір Қалыбеков. Ол су тасқынынан ең қатты зардап шеккен Жеңіс ауылының тұрғыны. Бүгінде ол қараусыз жатқан үйіне барудан қалған. Өйткені елді – мекенді мал өлексесінің иісі басыпты. Одан денсаулыққа келетін зиян да көп екен.


Тәңір Қалыбеков, Жеңіс ауылының тұрғыны: «Менің үйім Жеңіс ауылында еді. Ол жақтан қазір өліктің иісі мүңкіп тұр. Себебі біз жаққа Өзбекстаннан өлі келген малдар көп. Енді аурулар да пайда болады. Сол үшін үйімізден тек киім-кешегімізді алып шықтық. Басында үйге жиналған су иығымызға дейін келетін. Қазір іргетасқа дейін түскен».


Айта кетейік әр үйдің құны 17 млн. теңгеге бағаланған. Жаңа ауданда апат болған 3 ауылдың азаматтары қоныстанады. Олар Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендері. Ал, Фердауси мен Өргебастықтар өз мекендерінде қалатын болды.

Назерке Үкібасова