«Халық» қоры халықты қуантпақ

203

Қасиетті айдағы қайырымдылық акциясы қайта жалғасын тапты. Бұл жолы «Халық» қоры Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарын қуантпақ. Ол үшін жомарт жандар 2500 себетке ең қажетті азық- түлікті толтырды. Әр қорапта ұн, макарон, шай, май, қант өнімдері бар.

Диана Ыдырыс, ұйымдастырушы: «Халық» қоры бұған дейін Мақтааралға көмек жіберген болатын. 50 тонна азық- түлікті апат орын алған аймаққа кеше жеткіздік. Кезек Шымкент пен Түркістан облысының басқа аудандарында. Бүгінгі мақсатымыз – Шымкенттің 1500, өңірдің 2500 аз қамтылған отбасын қуанту».

Қайырымдылық акциясында демеушілер қолдауы ғана емес, еркітілер көмегі де ауадай қажет. Себебі себеттерге азық-түлікті салу, оны әр үйге жеткізу сол жандардың жауапкершілігінде. Солардың бірі -Ділмұрат Шавкадов. Біраз жылдан бері белсенді жастардың қатарында жүрген ол, биыл жұмысының екі есе артқанын айтады.

Ділмұрат Шавкадов, ерікті: «Өткен жылмен салыстырғанда еріктілер шаруасы екі есе артты. Себебі көмекке мұқтаж адамдар көбейіп кетті. Карантинге байланысты көп адамдар қазір үйінде жұмыссыз отыр. Табыс болмағасын көмекке зәру. Қуанышқа орай, қайырымды жандар да көбейіп келеді. Адамның күні адаммен. Бір- бірімізге дем берсек, бәрі артта қалады».

«Халық» қорының қайырымдылығы Шымкент не Түркістан облысымен ғана шектелмейді. Олардың демеушілігі елдің барлық аймағындағы мұқтаж отбасыларына жіберілмек.

Назерке Үкібасова