Шымкент: Карантин кезінде заңды бұзған полицейлер

369

Еліміздегі төтенше жағдай мен Шымкенттегі карантин режимі кезінде өрескел заң бұзушылықтарға жол бергендер қатарында полиция қызметкерлері де бар. Бірі – шектеу шараларына бағынбай дәмханадан тамақтанса, кейінгілері – блокбекеттегі қауіпсіздікті қадағалаудың орнына, тосқауыл бекетінен кедергісіз өткізу үшін тұрғындардан пара алған. Алаяқтық әрекетке барған полицейлер де анықталыпты.

Шымкентте карантин режиміне қарамай жұмысын жалғастырған дәмхана анықталған еді. Таңданатыны сол – кафе қожайынын анықтап, жауапқа тартуға тиісті полицейдің өзі сол дәмхана қонақтарының қатарында болған. Жәй қызметкер емес, білдей Полиция департаменті кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі. Бейнежазбадан шенді қызметкердің еш қымсынбай төрге жайғасып, арқаны кеңге жайып отырғаны да анық көрініп тұр. Соңынан карантин режимін өрескел бұзған полковниктің лауазымынан босағаны белгілі болды. Бірақ… ол ішкі істер қатарынан біржолата кете қоймапты.

Алмахан Темірханов, Шымкент қаласы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:»Қазір ол жұмыс істеп жатқан жоқ. Қазір резервте. Бұған дейін кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып келсе, енді оған бұдан төмен лауазымды қызметтер ұсынылуы мүмкін».

Сорақысы сол, полиция қызметкерлерінің қатарында төтенше жағдай режимінде сыбайлас жемқорлыққа жол бергендері де бар. Блокбекеттерге бекітілген Қаратау полиция басқармасының қос полицейі Түркістан облысының 3 азаматынан тосқауыл бекетінен кедергісіз өткізу үшін 15 мың теңге пара алу кезінде ұсталды. Одан бөлек, жергілікті полиция қызметі басқармасына бағынысты патрульдік полиция полкі кавалерия взводының полицейі – полиция сержанты да қаржыға құнығып, төтенше жағдай режимін бұзған азаматтан оны жауапкершіліктен босату үшін 18 мың теңге пара алу үстінде қолға түсті.

Алмахан Темирханов, Шымкент қаласы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:»Бұл полицейлер қазіргі таңда ҚР ҚК 366-бабы 1-бөлігімен жауапкершілікке тартылып , теріс қылықтарға жол бергені үшін Шымкент ҚПД бастығының бұйрығымен ҚР Ішкі істер қатарынан шығарылған».

Пара көрсе, заңды ұмыта қалатын полицейлерден бөлек, алаяқтыққа барған тәртіп сақшылары да анықталған. Алмахан Темірхановтың сөзінше, өрескел заңсыз әрекетке Абай аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы жол берген. Ол жергілікті тұрғыннан алаяқтық жолмен қаржыны қалтасына басу кезінде құрықталды.

Алмахан Темірханов

«Төтенше режим жарияланғанына қарамастан, «Е» есімді полиция капитаны «Б» есімді азаматшадан алаяқтық жолымен 80 мың теңге пара талап етіп, оның 40 мың теңгесін алу кезінде Шымкенгт қаласы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлерімен өткізілген жедел шаралары кезінде құрықталып, ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қазіргі таңда қылмыстық іс соттың қарауына жолданған. Ал теріс қылықтарға жол бергені үшін «Е» есімді полиция қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, Шымкент қаласы ПД бастығының бұйрығымен ҚР Ішкі істер қатарынан шығарылды», – дейді Алмахан Темірханов.

Айта кетейік, төтенше жағдай режимі кезінде полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген жұмысқа жұмылдырылған. Дей тұрғанмен, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтап, қылмыскерлермен күресуші полицейлердің заңға бағынбауы әзірге тыйылмай тұр.

Мөлдір Бекеева